Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерге жаңа өмірге жол ашатын игі бастама жүзеге асырылуда. Мұнда сотталған азаматтар еңбекке тартылып қана қоймай, нақты бір кәсіптің иесі атануда. Бұл жолы олар электрдәнекерлеу ісін меңгеріп, арнайы куәлік иеленді.
Мекеме аумағындағы өндірістік аймақта жеке кәсіпкер «Жағыпар» дәнекерлеу цехын ашып, бүгінде бұл жерде бірнеше сотталған тұрақты түрде жұмыс істеуде. Цех жұмысы жыл он екі ай тоқтаусыз жүріп, темірмен жұмыс жасауда ептілік пен ептілікті талап етеді.
Кәсіпкер жеке қаражаты есебінен екі сотталған азаматқа «Каз Прогрес Инжиниринг» ЖШС оқу орталығының мамандарын шақыртып, арнайы оқыту курсы ұйымдастырды. Нәтижесінде олар 5 разрядты «электрдәнекерлеуші» куәлігін иеленіп, кәсіби маман атанды.
– Шыны керек, бала кезімізде дәнекерлеуді сырттай көріп, «темірді темірге жапсырып жатыр» деп ойлайтынбыз. Бірақ бұл мамандық өте үлкен дәлдікті, шыдамдылықты қажет етеді екен. Металдан бір нәрсе жасап шығару мен үшін ерекше қызық. Мекеме әкімшілігіне және жеке кәсіпкерге алғысым шексіз. Осы мүмкіндіктің арқасында өзімді жаңа қырымнан таныдым. Қазір міне, кәсіби дәнекерлеуші куәлігін алып отырмын, – дейді жазасын өтеуші.
Айта кету керек, №60 мекеменің өндірістік аймағында 14 жеке кәсіпкер әртүрлі салалар бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Олар тігін, нан пісіру, дәнекерлеу цехтары мен пескоблок, кірпіш өндіру, сондай-ақ қолөнер бұйымдарын жасау бағытында сотталғандарды жұмыспен қамтып отыр.
Бұл бастама – тек еңбекпен түзету қағидасының нақты көрінісі ғана емес, сонымен қатар бостандыққа шыққаннан кейінгі өмірге дайындықтың маңызды бір кезеңі. Жазасын өтеушілерге жаңа кәсіп меңгеру арқылы қоғамға қайта бейімделуге жол ашылып отыр.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!