8 желтоқсанда жергілікті тұрғыннан жеке үйлердің бірінен белгісіз ер азаматтың мәйіті табылғандығы туралы хабарлама келіп түсті. Бұл ақпарат бойынша, Қызылорда қалалық Полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің тәжірибелі қызметкерлерінен дереу жедел-тергеу тобы құрылды.
Тергеу барысында тергеушілер қылмыстың материалдарын мұқият зерттеп-зерделеп, осы қылмысқа қатысы бар күдіктілерді іздестіру бойынша бірқатар жұмыстар атқарды.
Қызылорда қаласы ПБ полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігінің арқасында, кезекші тәулікте 1998 және 1986 жылы туған екі күдікті ер адам құрықталды. Анықталғандай, күдіктілер қала аумағында жасырынып, қашып жүрген.
Қазіргі уақытта олар қамауға алынып, Қызылорда қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаның мән-жайлары анықталуда, тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!