Ішкі істер министрлігі ресейлік нөмірмен жүрген көлік иелеріне ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіповтың айтуынша, бүгінде көрші елден келетін көліктер ішінде сот үкімімен шектеу қойылған автомобильдер кездеседі. Оны кез келген уақытта арыз түсірген адамға өндіріп беруі мүмкін.
«Тамыз айында бір ресейлік көлік анықталды. Оған сотпен 100-ге жуық шектеу салынған. Тіркеуге де қоюға болмайды. Осылайша, сот талабы орындалмайынша көлікті тіркеуден шығаруға да, қоюға да рұқсат жоқ. Мұндай жаңа көліктер де бар. Өткен айда 2020 жылы шығарылған Camry көлігі анықталды. Оған сотпен 20-ға жуық шектеу қойып тастаған. Бұл көліктерді арыз түсірген адамның атына өндіріп беруі әбден мүмкін. Екі ай ішінде осы іспетті 100-ге жуық көлік анықталған болатын», – деді Түсіпов министрлік баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, көрші елдің тіркеу нөмірі болса да, ол жақта тіркеуде тұрмаған көліктер де аз емес. Ал ондай автомобильдерді тіркеуге қойғаннан кейін ғана пайдалануға болады.
«Сондықтан ішкі істер министрлігі шетелде тіркеуге қойылған көлік иелеріне сақ болу қажеттігін ескертеді. Ең алдымен, БҰҰ-ның жол қозғалысы конвенция талаптарын ұмытпау қажет. Оған сәйкес, шетелдік көліктер Қазақстан аймағында бір жыл ғана жүре алады. Кейін оны елден шығару қажет. Ал заң талаптары орындалмаса, әкімшілік шаралар қолға алынады», – деп атап көрсетті Түсіпов.
Осы орайда комитет басшысының орынбасары тағы бір маңызды мәселеге назар аударды. Шетелдік көліктер ұрланған немесе бұғатта тұруы мүмкін. Ондай көліктер де тәркіленіп, иесіне қайтарылады. Ал оны сатып алған адам шығынға батады.
«Мәселен, тексеріс кезінде осы айдың он күні ішінде Павлодар, Өскемен мен Семей қалаларында жалған тіркеу нөмірі мен құжаты бар 80 ресейлік автокөлік анықталды. Сатып алған адам көлік Ресейде тіркеуде тұр деп ойлайды. Ал, шын мәнінде, олай емес, тіркеуге қойылған да жоқ. Қазіргі кезде Ресейдің ішкі істер министрлігіне тиісті хат жолданды. Жауабы келгеннен кейін заң бойынша тиісті шаралар қолға алынады», – дейді Түсіпов.
Шетелдік нөмірі бар көлікті сатып алудың тағы бір қаупі бар. Егер ол сенімхатпен немесе сақтандыру полисі негізінде сатылса, иесі көлік салығын төлемеймін деп, кез келген уақытта одан бас тарта салады. Ал қазақстандық жүргізуші жол апатына түссе, сақтандыру төлемін ала алмайды. Тексеріс кезінде ондай 30 көлік анықталды.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!