Жұма, 29 қараша, 00:41

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№94-2104
26.11.2024
PDF мұрағаты

Сот ашықтығы – уақыт талабы

04.02.2023

507 0

Өткен жылы облыстық соттың өндірісінде татуласу шаралары 2021 жылмен салыстырғанда біршама артқан. Бұл жөнінде Қызылорда облыстық соттың төрағасы Әділхан Шығамбаев 2022 жылғы сот төрелігін атқару қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

БАҚ өкілдерімен өткен кездесу барысында облыстық сот төрағасы былтырғы жылы атқарылған жұмыстарды атап өтті. Мәселен, есепті кезеңде соттардың өндірісіне 1060 қылмыстық іс, 12686 әкім­шілік құқық бұзушылықтар туралы іс, 18457 талап қою, 516 азаматтық іс, 825 әкімшілік іс түскен. Ал медиация тәрті­бімен 111 қылмыстық, 1890 азаматтық, 94 әкімшілік іс медиациялық келісіммен аяқ­талса, татуласу келісімі негі­зінде 109 азаматтық, 2 әкімшілік іс, ал партисипативтік рәсім тәртібімен 22 азаматтық іс өнді­рістен қысқартылған.

– Өткен жыл еліміз үшін оңай болған жоқ. Қаңтар оқи­ғасы кезінде сот ғимараты да зардап шекті. Десе де күн­нің суығына қарамастан сот қызметкерлері жұмысты тоқ­татпай, жақын орналасқан ғимараттарда отырып жұмыс істеді. Қандай жағдай болса да жұмыс сапасы төмендеген жоқ. Бүгінде сот ашықтығы – уақыт талабы. Біздің өңірде сот жүйесінің ашықтығы толы­ғымен қамтамасыз етілген. Облыстық соттың сайтына, әлеуметтік желілердегі парақ­шаларда, ютуб каналында сот жаңалықтары үзбей шығып отыр. Сонымен қатар аза­мат­тарға оңтайлы қызмет көрсетіп, кері байланыс орнату мақсатында Call-орталық, әр сотта whats’app мессенжері, телеграмм-бот, талап қою үлгі­лері жинақталған QR-код үздіксіз жұмыс істеп тұр, – дейді облыстық сот төрағасы.

Айта кетейік, облыстық сот төрағасы азаматтардың сот жүйесіне қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аптасына бір рет  сәрсенбі күні сағат 16:00 ден 18:00-ге дейін азаматтарды жеке қабылдайды. Әділхан Жұмабайұлының айтуынша, қарапайым халықтың басым көпшілігі аймақтағы күйіп тұр­ған жер мәселесіне байланысты келеді екен.

Баспасөз мәслихатында сот­тар әкімшісінің басшысы Сағатбек Сүлеймен былтырғы төтенше жағдайлар режимінің салдарын жою бойынша ғима­рат толығымен жөнделіп, қазір сот жұмысы қалыпты режимге көшкенін айтты.

– Ғимаратты қалыпқа келті­ру жұмыстары он айға жуық жасалып, сот ғимаратының іші-сырты, сот, мәжіліс залдары, дәліз, еден толығымен күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар жаңадан жиһаздар алы­нып, есік-терезелер, шатыр, электр желісі, жылу, кәріз жүйелері толығымен жаңар­тылды. Облыстық және қала­лық соттың фронт-офистері қайта жасақталып, күту залы, анықтама бұрышы, жеке жұмыс жасау секторы, адвокат­тар мен медиаторлар орны, кіріс кеңсесі, балалар ойын алаңқайы талапқа сай етіп жасалды. Бірінші қабатқа LED экран орналастырылды. Экран арқылы келушілер сот ақпараттарымен, QR код арқылы талап арыз үлгілерімен, Жоғарғы Сот пен облыстық сот басшылығының жеке қабылдау кестесімен таныса алады. Мұн­дай LED экранды еліміз бойынша біздің аймақ алғаш рет қолданысқа енгізіп отыр, – деді Сағатбек Болатбекұлы.

Соттар әкімшісінің басшы­сының айтуынша, облыс бойынша негізі 85 судья болу керек екен. Ал қазір 75 судья жұмыс істейді. Қалған он бос орынға байқау жарияланған. Ерекше айта кету керек,  ғима­ратта жұмыс уақыты бас­таларда және жұмыс уақыты біткен кезде қазақ күйлері күмбірлеп тұрады.  Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығы ретінде облыстық соттың ғимаратында ежелгі билер заманынан бастап бүгін облыстық сотқа дейінгі уақытты қамтитын мұражай ашылған.

Шара соңында баспасөз мәслихатына қатысқан БАҚ өкіл­дері облыстық, қалалық соттың фронт-офисі, LED экран, сот залдары, мұражай, мәжіліс залының жаңғыртылған нұсқасымен танысты.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: