Сәрсенбі, 15 қазан, 14:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№78, 2190
14.10.2025
PDF мұрағаты

Сот жүйесі мемлекеттік тілге мән береді

15.10.2025

44 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекеттік тіл – қазақ тілі деп айқындалған. Бұл – еліміздегі барлық мемлекеттік органдар мен мекемелердің, соның ішінде сот жүйесінің де басты тілдік бағытын айқындайтын негізгі қағидат. Егемен еліміздің әділ сот саласында мемлекеттік тілдің қолданылуы тек заңдық талап емес, сонымен қатар ұлттық сана мен мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудың маңызды тетігі болып табылады.

Сот жүйесіндегі құжат айналымы – құқықтық мәдениеттің, заң үстемдігінің және азаматтардың құқықтарының сақталуын қамтамасыз ететін негізгі құралдардың бірі. Осы тұрғыдан алғанда, сот органдарындағы ресми құжаттардың, үкім мен қаулылардың, хаттамалар мен өтініштердің қазақ тілінде дайындалуы мен жүргізілуі мемлекеттік тілдің мәртебесін нақты іспен жүзеге асырудың айқын көрінісі болып табылады.

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде тіл саясатын дамыту бағытында елеулі жетістіктер бар. Сот қызметкерлерінің қазақ тілін жетік меңгеруіне жағдай жасау, іс жүргізу құжаттарын мемлекеттік тілде дайындау және аудармаға тәуелділікті азайту – басты назарда. Мәселен, электронды сот жүйесіне енгізілген құжаттар қазақ тілінде де толтырылып, автоматты түрде өңделетін мүмкіндік жасалған. Бұл сот ісін жүргізудің ашықтығын арттырып, азаматтардың мемлекеттік тілде өз құқықтарын қорғауына кең жол ашады.

Қазақ тілінің сот жүйесіндегі беделін арттыру үшін кадрлық даярлық пен тілдік оқыту жұмыстары да ерекше маңызға ие. Судьялар мен сот хатшыларының, кеңсе мамандарының кәсіби тілдік құзыреттілігін жетілдіру мақсатында арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастырылады. Мұндай шаралар мемлекеттік тілдің құқық саласындағы беделін көтеріп, іс жүргізу сапасын арттыруға септігін тигізеді.

Сондай-ақ, сот жүйесінде қазақ тілінде сөйлеу мәдениетін жетілдіру, ресми стильдің нормаларын сақтау және құжаттардың грамматикалық сауаттылығын қамтамасыз ету бағытында тұрақты бақылау жүргізіледі. Бұл мемлекеттік тілдің құқықтық құжаттарда дәл, түсінікті әрі ресми қолданысын орнықтырады.

Қорытындылай келе, сот жүйесіндегі құжат айналымында мемлекеттік тілге мән беру – тәуелсіз мемлекеттің тіл саясатының нақты көрінісі. Мемлекеттік тілдің заң саласындағы қолданысын кеңейту арқылы ел азаматтарының құқықтық мәдениеті де дамиды. Қазақ тілі – бірліктің, әділдіктің және тәуелсіздіктің тілі. Сондықтан сот жүйесінде оның толыққанды қызмет етуі – ұлттық мүддемен ұштасқан тарихи міндет.

Дина ҚҰРМАНҒАЗЫҚЫЗЫ, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының бас маманы, аға сот приставы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: