Өскеменде өткен облыстық дзюдо жарысы кезінде болған оқиғаның мән-жайын полиция анықтап жатыр, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде тараған видео резонанс тудырды. Куәгерлер түсірген жазбада жанжалдың қалай басталғаны көрінбейді.
Соған қарамастан, кей пайдаланушылар жанжалға ата-аналар, бапкерлер мен спортшылар қатысқанын, тіпті бір бапкердің ауыр жарақат алғанын айтты. Пікірлерде полицияның әрекетсіздігі және олардың оқиғаны жасырмақ болғаны туралы болжамдар да айтылды.
Ал полиция басқармасы таратқан мәліметке сай, жаппай төбелес туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтты. Ведомство дерегінше, қақтығыс екі адамның арасында болған.
«Оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталып, бөлімшеге жеткізілді. Соталды тергеу басталды. Болған жағдайдың барлық қырын жан-жақты зерттеуге бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер жария етілмейді», – деді полиция.
Тергеушілер жанжалға қатысқандар мен куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларының жазбаларын зерделеп жатыр. Қақтығыс салдарынан зардап шеккендер туралы ресми ақпарат түскен жоқ.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
