Қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізу барысында соттылықты дұрыс анықтау – сот актілерінің заңдылығы мен әділеттілігінің негізгі шарты. Аумақтық соттылық – істерді соттардың қарауына тарату тәртібінің негізгі нысаны болып табылғанымен, кейбір ерекше жағдайларда аумақтан тыс соттылықты қолдану қажеттілігі туындайды. Бұл – процестік бейтараптықты сақтау, қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және іс қараудың объективтілігін сақтау үшін заңмен арнайы көзделген құқықтық тетік.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 48-бабында және Азаматтық процестік кодексінің 36-бабында аумақтан тыс соттылықтың негіздері мен қолданылу тәртібі нақты көрсетілген. Аумақтан тыс соттылық – іс бойынша іс жүргізуді сол істерді қарауға құқығы бар, бірақ басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке жататын соттың қарауына беру болып табылады.
Мұндай шешім Жоғарғы Соттың немесе сот алқасының төрағасы тарапынан қабылданады және негізделген процессуалдық ұсыныс не өтініш негізінде жүзеге асырылады.
Аумақтан тыс соттылық көбіне сот әділдігін жүзеге асыруға кедергі келтіретін жағдайлар орын алған кезде қолданылады. Мысалы, белгілі бір өңірде тараптар арасындағы әлеуметтік қысым, қоғамдық пікірдің ықпалы, қылмыстық құрылымдардың белсенділігі, не болмаса судьялардың бейтараптығына күмән туындайтын мән-жайлар болса, істі басқа аумақтағы сотқа беру заңмен көзделген кепілді құрал ретінде қолданылады.
Аумақтан тыс соттылықтың басты мақсаты – сот актісінің заңдылығын, әділеттілігін және сот талқылауының бейтараптығын қамтамасыз ету. Сонымен қатар, бұл институт процессуалдық қауіпсіздік пен сот процесіне қатысушылардың қорғалуын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Мұндай жағдайларда іске бейтарап аймақтағы соттың қарауы – заңдылықтың, сот беделінің және әділдіктің нақты көрінісі.
Сот тәжірибесінде аумақтан тыс соттылықтың қолданылуы сирек кездеседі, алайда бұл институттың маңыздылығы оның құқықтық салмағымен өлшенеді. Ол – сот жүйесіндегі даулы және қоғамдық мәні бар істер бойынша әділ шешім қабылдауға мүмкіндік беретін, заңмен бекітілген процессуалдық кепіл.
Аумақтан тыс соттылықты қолдану туралы шешім қабылданған жағдайда істі қарау процесі жалпы сот ісін жүргізу қағидаттарына сәйкес жүзеге асады. Барлық процессуалдық мерзімдер, құқықтар мен міндеттер сақталып, тараптарға тең мүмкіндік берілуі тиіс. Бұл заңның үстемдігін қамтамасыз етудің тағы бір көрінісі болып табылады.
Аталған құқықтық құрал сот жүйесінің ішкі әділеттілігі мен ашықтығын көрсетеді. Сондықтан да сот төрелігін жүзеге асыру барысында заң талаптарын мүлтіксіз орындап, аумақтан тыс соттылық институтын мақсатты әрі негізді түрде қолдану – соттардың кәсібилігінің көрсеткіші.
Күншығарова Алмагүл, Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу соты әкімшісінің басшысы |
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!