Сейсенбі, 19 қараша, 23:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№92-2102
19.11.2024
PDF мұрағаты

Конституциялық соттың мәртебесі

11.01.2023

733 0

Кез-келген дамыған елде адам мен оның өмірін, бостандығы мен құқығын қорғау басты міндеттердің бірі болып табылады. Ол үшін құқықтық институтты ұдайы дамытып отыру қажет. Дамудың жаңа жолына түскен біздің құқықтық мемлекетіміз өткен жылы осы институтты қалыптастыру үшін бірқатар шаралар қабылдап үлгерді.

Алдымен әділетті Қазақстан құру жолында Конституция мен заңдарға бірқатар өзгерістер енгізді. Аталған өзгерістер еліміздің құқықтық жүйесінің алға басуына біршама серпін береретіні анық.

Соның бірі – Конституциялық сот.

Конституциялық сот – биліктің сот тармағына жатпайды.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық Заңға сәйкес аталған сот еліміздің бүкіл аумағында Конституцияның үстемдігін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде Конституциялық соттың қызметін Конституциямен айқындалатын жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, яғни осы соттың судьялары атқарады.

Негізінен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан Республикасында Конституциялық сот жұмыс жасағанымен, 1995 жылы бұл орган Конституциялы Кеңес болып өзгеріп, бүгінге дейін жұмыс жасап келді. Кеңестің негізгі құзіретіне Қазақстан Республикасы Президентінің, Парламентінің сайлауына және Республикалық референдумға қатысты дауларды қарап, Конституцияға түсінік беріп келген. Ал биылғы жылдан бастап өз жұмысын бастаған  Конституциялық соттың ауқымы кеңіді.

Бұдан былай аталған орган Қазақстан Республикасы Президентінің, Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемінде бестен бір бөлігінің, Премьер-Министрдің өтініші бойынша:

– дау туған жағдайда Республика Президентінің, Парламент депутаттарының сайлауын өткізудің дұрыстығы және республикалық референдум өткізу туралы мәселені шешеді;

– Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестігін Президент қол қойғанға дейін; Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігі;  Республиканың халықаралық шарттарын бекіткенге дейін олардың Конституцияға сәйкестігін қарайды;

– Конституцияның нормаларына ресми түсіндірме береді;

– Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар береді.

Конституциялық Сот Қазақстан Республикасы Президентінің адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесінде, күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Республика Конституциясына сәйкестігіне қарау туралы өтінішін, соттардың қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарайды.

Конституциялық Сот азаматтардың Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайтын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Республика Конституциясына сәйкестігін олардың өтініштерін, сонымен қатар Республика Бас Прокурорының және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өтініштерін қарайды.

Өтінішхаттарды судьялар алқалы құрамда қарайды.

Конституциялық Сот судьясының лауазымы депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметтен басқа, өзге де ақы төленетін лауазымдармен айналысумен, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кірумен сыйыспайды.

      Конституциялық Соттың Төрағасы мен судьялары саяси партияларда, кәсіптік одақтарда болмауға, қандай да бір саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиіс.

      Конституциялық Соттың құрамына қырық жасқа толған, жоғары заң білімі, құқық саласында жоғары біліктілігі, мінсіз беделі және заң кәсібі бойынша кемінде он бес жыл жұмыс өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады. Сонымен қатар бұл соттың судьяларының тәуелсіздігі, ешкімнің тиіспеуі және судьялар арасында құқықтардың теңдігі сот жүйесінің судьяларымен бірдей.

Айнұр Әбілқайысқызы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: