Бүгін Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің ұйымдастыруымен облыс соттарының қызметкерлері арасында «Тәрбие – ұлттың қазығы» атты шығармашылық байқауы өтті. Қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттау, ұлттық тәрбиені келешек ұрпақтың бойына сіңіру және сот қызметкерлерінің шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында өткізілген игі шараға қызметпен өнерді қатар алып жүрген он төрт қызметкер қатысты.
Сайдың тасындай іріктелген шығармашыл қатысушыларға ардагер судья, облыстық билер кеңесінің төрағасы З.Нұрсейітов; Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісінің басшысы С.Сүлеймен; Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент А.Айтбаева; ақын, Сыр бойы газетінің тілшісі Д.Аяшұлы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары М.Бибитова қазылық етті.
Сайысты С.Сүлеймен ашып, «ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу және сол арқылы шығармашылыққа жаны жақын әрі өнерпаз қызметкерлеріміздің қабілетін арттыру баршамыздың міндетіміз, осыған дейін де мұндай сайыстар өткізілді, әлі де өткізіле бермек» – деп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сайыстың бірінші кезеңінде қатысушылар тақырып бойынша эссе жазды. Алдын ала дайындалған шығармада қатысушылар ұлттық тәрбие хақындағы орамды ойларымен бөлісті. Бұл кезең бойынша Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Н.Нұрбайқызына, облыстық соттың маманы Л.Әбдуәлиге, кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының маманы Ж.Абдрамановаға комиссия мүшелері жоғарғы ұпай берді.
Екінші кезеңде қатысушылар еркін форматта өзі дайындаған өнерлерін көрсетті. Бірі салт-дәстүрлер бойынша көрініс қойса, енді бірі домбырамен күй шертті. Бірі өз шығармашылығынан өлең оқыса, бірі бейнеролик арқылы ұлттық тәрбиені насихаттады. Бұл кезеңде Сырдария аудандық сотының жетекші маманы О.Дүйсенов, облыстық соттың бас маман-сот отырысының хатшысы А.Молдаш үздіктер қатарынан танылды.
Ал үшінші кезеңде ұлттық құндылықтарымыз төңірегінде сұрақ қою арқылы, қатысушылардың ой ұшқырлығы сыналды. Аталған кезеңде Қызылорда қалалық №2 сотының бас маманы Т.Алтынбаева мен Арал аудандық сотының бас маманы М.Нағашыбаев белсенділік танытты.
Әділ қазылар алқасының шешімімен байқау жеңімпазы ретінде Байқоңыр қалалық сотының бас маманы Н.Нұрбайқызы танылса, Сырдария аудандық сотының жетекші маманы О.Дүйсенов жүлделі екінші орынды қанжығасына байлады. Ал облыстық соттың маманы Л.Әбдуәли жүлделі үшінші орынды иеленді.
Одан бөлек комиссия шешімімен Қармақшы аудандық сотының жетекші маманы А.Жақыпбек «Үздік ұлттық киім үлгісі», Қызылорда қалалық сотының жетекші маманы М.Мұсабек «Үздік шығарма», облыстық соттың бас маман-сот отырысының хатшысы А.Молдаш «Үздік туынды», мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының маманы Б.Ердәулет «Белсенді қатысушы» номинацияларын иеленсе, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің арнайы «Белсенді қатысқан мемлекеттік қызметші» номинациясы Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Д.Камзаевқа табысталды.
Жарыс соңында қазылар алқасы ұйымдастырушыларға, қатысушы мамандарға ыстық ықыластарын білдіре отырып, сын-ескерпелері мен ақыл-кеңестерін айтты.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!