Дүйсенбі, 25 қараша, 09:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Судья әдебі – сот беделі

11.01.2023

864 0

Сурет ашық дереккөзінен алынды

Еліміздегі судьялар корпусы сот төрелігін іске асыруда және одан тыс уақытта жалпыға бірдей әдеп нормаларын қатаң сақтауға міндеттелген.

Осы негізде 2016 жылы  21 қарашадағы  Қазақстан Республикасы Судьяларының ІІV Съезінде Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заңына негізделе отырып Судьялар Әдебі кодексі қабылданды.

 Аталған кодексте судья үшін тәртіптік әдеп стандарттарын белгілеп, олардың  адамгершілігіне, ұстамдылығына және моральдық әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қойған.

Судьялар өз қызметін атқару барысында жоғарғы жауапкершілікті сезіне отырып, тәуелсіз, сот істерін бұрмаламай, қайсыбір тарапқа жәрдемдеспей, істерді қарау барысында таныс-тамырлыққа жол бермеуге тиіс. Себебі «Тура биде туған жоқ» деген аталы сөз әр судьяның жадында мәңгілік жаңғырып тұруы қажет.

Судья әдебі – бүкіл судьялар қауымдастығының жұмысына қатысты судья­лардан бастап, қарапайым азаматтармен, түрлі топтармен қызмет бабында және одан тыс уақытта қатынасқа түскендегі өзін-өзі ұстауы мен шектеулері қамтылған. Алайда, азаматтар судьяларға қойылған шектеулерді теріс пиғылда пайдалануға болмайды.

            Судьяның тұрмыстық жағдайда кез келген-әрекеттерді жүзеге асырған кезде әдеп нормаларын мүлтіксіз сақтауы тиіс екендігі осы Кодексте көзделген негізгі талаптардың бірі болып табылады. Сондықтан ол тұрмыстық жағдайда  жеке өзінің немесе отбасы мүшелерінің  және де басқа да адамдардың мүддесі үшін қызмет жағдайын пайдаланып, артықшылық алатын болса, бұл өз кезегінде судьяның тәуелсіздігіне, істі қарау кезіндегі объективтілігіне күмән келтіруге негіз болады. Себебі іске қатысушы  тарап алдында судьяның беделі төмендеп, оның материалдық мүдделілігі немесе осыған дейін өзіне артықшылық көрсеткен тұлғаға тәуелділігі  жайлы пікір қалыптасуы мүмкін.

    Судья өз өкілеттігін жүзеге асыру барысында, өзінің лауазымдық  жағдайын  көрсетпеу және судья мәртебесіне қатысты  қандай да бір  артықшылық талап  етпеуі керек.  Бұл талаптар судья лауазымына  іріктеу кезінде  судьялыққа   үміткерлерге де қолданылады. Олардың жеке қызығушылықтарына  қоғам мүддесіне зиян келтіруі мүмкін шешімдер қабылдау процесінде жол берілмейді, яғни мүдделер қақтығысын болдыртуға тиіс.

         Отбасы мүшелерінің, жақын  туыстарының қылмыс жасау  фактісі  бойынша  қолданыстағы  заңнамада  судьяны  қызметінен босату  шаралары  қаралмағанын, керісінше ондай фактілерді  белгіленген  тәртіппен уәкілетті  органның  кадр  қызметіне  шынайы ақпаратты  ұсынбағаны үшін шара  қолданылатыны  туралы судьялар назарында болуы  тиіс.

         Судьяның моральдық-этикалық келбеті оның балаларды тәрбиелеуге, оларды және ата-аналарды күтіп-бағуға деген көзқарасы негізінде  де қалыптасады. Судья құрметті  отбасы адамының үлгісінде болуы керек. Судьяның да, оның отбасы  мүшелерінің де материалдық мүдделері  ақылға  қонымды және орынды болуы керек. 

    Сот  төрелігін іске асыру жөніндегі соттың  қызметіне қандай да болсын  араласуға  жол берілмейді және ол заң бойынша жауапкершіліккке әкеп соғады. Нақты істер бойынша судьялар есеп бермейді. Осы қағиданы судьялар  өзі ғана  біліп, ұстанып қоймай, отбасы  мүшелері, жақын туыстарының назарын аударып, ескертіп, сақтауды талап еткені жөн. Судья заң үтемдігін  және сот органдырының  тәуелсіздігі қағидаттарын қорғауға және жүзеге  асыруға тиіс. 

Әрбір адамның жағымды бейнесі оның тек кәсіби қасиеттерімен ғана шектелмейді. Сондықтан, судьялардың  Әдеп кодексінің  басты міндеттерінің бірі – сот саласы қызметкерінің мінез-құлқының  және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету, азаматтардың қоғамда  сот әділдігін жүзеге асырушы  өкілдері туралы оң пікір қалыптастыру.

Сондай-ақ судьяларға қызмет алуда басқа азаматтардан үстемдік берілмейді.

Соттарда судьялардың әдебі бойынша  арнайы комиссиялар  қалыптастырылған, олар  судьяларға  қатысты әрбір фактіні және  тосыннан болған жағдайларды мұқият   қарастырады және  азаматтардың шағымдарын, ұсыныстарын, жүгінулерін қараумен айналысады.

Қорыта  келгенде,  Судьялардың Әдеп кодексінің мақсаты судья  қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау. Оның әрекеттері, қылықтары және жүрісі судья деген атаққа кір келтірмеуі және сот билігінің беделін түсірмеуі қажет.

Сот төрелігін жүзеге асыруда судьяларға қойылатын талаптардың күшейтілуі бүгінгі заман талабына сай  басталған қадамдардың бастамасы   болып саналады.

Ел Президенті Қ.Тоқаев 2022 жылы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауында «Барлық деңгейдегі соттар, шын мәнінде, тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін емес» деген болатын.

Сондықтан бүгінгі күні судьяларға қойылатын жүктің салмағы ауыр.  Ал оны көтеріп жүру үшін біліктілігімен қатар әдеп кодексінде белгілеген нормаларды қатаң сақтау шарт.

Зәбира Абылайқызы

Қызылорда қалалық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: