Сенбі, 23 қараша, 12:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Татуласу сыйластықты сақтайды

14.02.2023

1062 0

Қазіргі қоғамда, оның ішінде сот жүйесінде дауды бітіммен аяқтау кең етек алды. Негізінде қазақтың көне заңдарында алдымен жазалау емес, дау-шарды келісіммен аяқтауға көп мән берілген. Мұнысы қазақ болмысының бейбітшілікке жақын екенін, «татулық береке бастауы» деген қанатты сөзді бекер ұстанбағанын аңғартады.

Бабалар ұстанған осы дәстүрі бүгінгі күні сот жүйесіне қайта оралды.

Осыдан он екі жыл бұрын «Медиация туралы» Заң қабылданып, оның негізінде сот медиациясы ұғымы өмірге келді. Яғни Заң талаптарына сай дауласқан тараптар кәсіби не кәсіби емес медиаторға жүгінбей-ақ, төрағалық етуші судьяға судья-медиатор ретінде келісімді бекіту туралы өтініш хат келтіре алады. Бірнеше жыл осы тәртіппен келген жүйе 2018 жылы қайта жаңғырды. Бұл жолы дауды сотқа дейін шешу. Яғни талап қою сотқа келіп түскеннен кейін сот өндірісіне алмастан бұрын тараптарға дауды татуласумен аяқтау туралы ұсыныс келтіру. 

Осы өзгерістер оң нәтижесін берді де.

Себебі дау туындаған жағдайда істің сот өндірісінде айлап қаралғанынан, даудың бір сәтте шешілгені анағұрлым тиімді еді. Одан бөлек тараптар арасында бір-біріне деген сыйластық қалып, мемлекеттік баж кері қайтарылады. Тіпті тараптар өзара келісіп жатырса, басқа да сот шығыстарын дауламауы да мүмкін. Уақыт өте келе тиімді институт одан ары дамып, 2021 жылдың желтоқсанынан бастап азаматтық істер бойынша дауды «сотқа дейінгі хаттама» арқылы шешу қолға алынды.

Бұрын судья талап қою түскен сәттен бастап татуластыру рәсімін бес жұмыс күнінде жүргізетін болса, жаңа өзгеріске сәйкес, талап қою түскеннен кейін он жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Бұл тетік тараптарды сотқа дейін татулас­тыру, дұрыс шешім қабылдау үшін қосымша уақыт беру мақсатын көздейді. Сонымен қатар сотқа дейінгі хаттама келесі жақтың дәлел-дәйегімен танысқан азаматтардың ойлануына, оң шешім қабылдауына түрткі болады. Хаттамада тараптар  өз  талабының немесе қарсылығының негізін, дәлелдерін хаттамада көрсете алады.  Себебі Азаматтық процестік кодекстің (бұдан әрі АПК) 73-бабының, 1-бөлігінде дәлелдемелерді тараптар және іске қатысатын басқа да тұлғалар бірінші сатыдағы сотқа олар сотқа дейінгі хаттаманы жасай отырып , талап қоюды қабылдаған кезде ұсынады, онда тараптардың және іске қатысатын басқа да тұлғалардың олар өздерінің талаптарының немесе қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасауға және істі сотта қараған жағдайда оларды пайдалануға ниет білдірген дәлелдемелерді ашу, ұсыну және алмасу бойынша әрекеттері көрсетіледі делінген. Сондықтан дәлелдемелерді ұсыну бойынша сотқа дейінгі хаттаманың маңыздылығы жоғары.

Аталған өзгерістерге сай татуластырушы судьяның рөлі артты. Талап қою түскеннен бастап татуластырушы судья тараптарға «Сотқа дейінгі хаттаманы» жіберіп, құқықтық көмек көрсетуде айтарлықтай еңбек етеді. Оның міндеті – тараптарды ортақ келісімге келтіру, дауды бейбіт шешу. Мұндай ізгі ниетті, құқықтық көмекті түсініп татулас­тыру тетіктерін тиімді пайдаланып жатқандардың қатары өсіп келеді.

Осы жасалынған өзгерістер мен жаңашылдықтар халықтың игілігі үшін екенін ұмытпаған жөн. Себебі сот тек қана жаза тағайындай орган емес, сот жүйесі бүтіндей елдің бірлігіне, ымарышылдық үстемдігіне аса мән беріп, соның жолында аянбай еңбек етіп келеді.

А.Әбілқайысқызы

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: