Дана халқымыз «Әділ би – елдің құты» деп бекер айтпаса керек. Шындығында, әділдік пен адалдық – қоғам дамуының берік негізі. Қазақ халқының тарихында билер соты халықтың мүддесін қорғап, әділ шешім шығаруымен ерекшеленген. Бүгінгікүндебұлдәстүр сот төрелігіарқылыжалғасынтабуда.
Судья мәртебесі – сот жүйесінің тәуелсіздігін, заң үстемдігін қамтамасыз ететін негізгі ұғымдардың бірі. Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандақабылданған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңы осы мәртебені айқындап, судьяның құқықтары мен міндеттерін белгілейді. Заңға сәйкес, судьялар тәуелсіз, тек Конституция мен заңға бағынады, қандай да бір ықпалға берілмеуі тиіс. Судья мәртебесі олардың қызметіне ешкімнің араласуына жол бермей, сот төрелігін әділ жүзеге асыруына кепілдік береді.
Аталған заң негізінде «Судья әдебі кодексі» қабылданған. Бұл құжат – судьялардың кәсіби және адамгершілік-әдептік нормаларының жүйесін айқындайтын маңызды ереже. Сот әдебі – судьяның кәсіби және адамгершілік бейнесін айқындайтын маңызды қағидаттар жиынтығы. Судья әдебі кодексінде судьяның қарапайымдылығы, әділдігі, тәуелсіздігі мен бейтараптығы нақты белгіленген. Судья әрқашан халық сенімін ақтап, сот төрелігінің абыройын биіктетіп жүруі тиіс. Өйткені сотқа деген сенім – мемлекеттің құқықтық негізінің беріктігін білдіреді. Әділ судья тек заңды қолданушы ғана емес, сонымен бірге қоғамда әділдіктің символы. Судья әдебі – кәсіби этиканың тұғырлы қағидаттары. Олардың қатарына:
- әділдік;
- бейтараптық;
- сыпайылық;
- кәсібилікжатады.
Бұл қағидаттарды ұстану сот төрелігіне деген қоғамдық сенімді нығайтады. Судья әдебі тек сот процесінде ғана емес, жалпы қоғамдағы жүріс-тұрысында да сақталуы тиіс. Себебі судьяның жеке беделі – сот жүйесінің беделінің айнасы.
Халық даналығындағы «Қазы – халықтың ожданы» деген сөз осының дәлелі. Судья әдебін сақтау – оның кәсіби парызы ғана емес, мемлекетіміздің абыройы мен беделін айқындайтын өлшем. Судья мәртебесі мен әдебі өзара тығыз байланысты. Егер мәртебе судьяның құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етсе, әдеп – осы мәртебенің қоғам алдындағы мәдени көрінісі болып табылады. Яғни мәртебе – құқықтық негіз, ал әдеп – сол негізді жүзеге асырудың адамгершілік өлшемі.
Қоғамның сотқа деген сенімі судьяның тәуелсіздігімен қатар, оның әдебіне де тәуелді. Осы орайда, тәуелсіз мәртебе мен жоғары этика бір-бірін толықтырып, сот билігінің беделін арттырады.
Қорытындылай келе, судья мәртебесі мен сот әдебі – құқықтық мемлекеттің іргетасын құрайтын басты құндылықтар. Судьяның тәуелсіз мәртебесі әділ шешім қабылдауға мүмкіндік берсе, сот әдебі сол шешімнің әділ әрі өркениетті түрде жүзеге асуын қамтамасыз етеді. Қазақстанда бұл институттардың жетілуі заңнамалық реформалармен қатар, кәсіби әдеп нормаларын жетілдіру арқылы жалғасуда.
А.З.Зейнулла,
Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!