1992 жылы 23 маусымда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі «Қазақстан Республикасы Ішкі істер органдары туралы» Заң қабылдады. 2007 жылдан бері Қазақстанда 23 маусым – Полиция күні аталып өтілуде. Биылғы жылы қоғамдық тәртіпті қадағалап, ел тыныштығын күзеткен полиция қызметіне 30 жыл толды. Жауапты қызметкерлердің мерейлі мерекесінде халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген жандарды оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
Әуелхан Құдайберген өткен жылдан бастап Қызылорда қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарып келеді. Оған бөлім тергеушілерінің жұмысын ұйымдастыру, қылмыстық істерді зерделеп, нұсқау беру міндеті жүктелген. Бүгінде жауапты маманның бөлімінде 43 тергеуші бар. Олар қала көлемінде орын алған қылмыстарды тергеумен айналысады.
− Соңғы кезде қала көлемінде алаяқтық қылмыс көбейді. Соның ішінде әлеуметтік желіде алаяқтың арбауына түсетіндер көп. Бүгінде біздің бөлімнің мамандары осындай қылмыспен жиі кездеседі. Бұл соңғы уақытта пайда болған қылмыс болғандықтан кейде қиындық тудыратыны рас. Алайда біздің қызметте оңай ештеңе жоқ екені көпшілікке белгілі. Полиция кез келген кедергіден мүдірмей өтіп, қызметін адал әрі тиянақты атқаруы тиіс. Міне, осындай міндетті мойнымызға алғандықтан нәтижелі жұмыс істеу үшін бар жанымызды саламыз, − дейді полиция капитаны Әуелхан Сәлімжанұлы.
Мектепті бітірген соң ҚР ІІМ-нің Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында жоғары білім алған кейіпкеріміз алғашқы қызметін қалалық полиция басқармасынан бастаған. Тергеуші лауазымынан бастаған ол жұмыс барысында аға тергеуші, облыстық полиция департаментінің тергеушісі қызметтерін атқарған.
− Полиция – жауапкершілікті мол жүктейтін қызмет. Әсіресе біздің бөлім мамандарына қылмыскердің кінәсін дәлелдеу, оған жауапкершілігін анықтау және жәбірленушіге келген шығынды өндіру секілді міндеттер жүктелген. Сондай-ақ полиция қызметкері уақытпен де санаспайды. Бұған бір дәлел ретінде жұмыс барысындағы бір оқиғаны айтайын. Бір алаяқ 50 адамды алдап, үстінен іс қозғалды. Сол кезде барлық кінәсін дәлелдеу үшін, істі аяғына дейін жеткізу үшін жұмыста қонып, үйге бармай жұмыс істеген кезіміз болды. Міне, осындай қиындықтар қызметте кездеседі, − дейді кейіпкеріміз. Алайда ол өз сөзінде жұмысын аса қызығушылықпен атқаратын адамды мұндай қиындықтар алаңдатпайтынын айтты. Ал бұл салаға қызығушылық танытатын жастарға ең бірінші сапалы білім алуға кеңес берді. Себебі қызметте түрлі қылмыскер кездеседі. Оның қорғаушы адвокаты болады. Тергеуші олардан бір саты жоғары тұруы үшін жақсы білім алуы керек. Сонымен қатар өз сөзінде тергеуші бұл қызметтен қорқудың, жауапкершіліктен үркеудің еш қажеті жоқ екенін де айтты.
− Қызметке алғаш келген кезеңде жұмыс режиміне, ішкі тәртіпке үйрену қиын болды. Бұл кезеңде маған кеңестерін беріп, қызметте көп көмегі тиген сол кездегі жетекшім Дәулет Байменов, басшыларым Марат Алиев, Бауыржан Қопанов ағаларыма алғысым шексіз. Бүгін менің осындай жауапты қызметте еңбек етуіме ол кісілердің де елеулі үлесі тиді. Қазіргі кезде өзім де жас мамандарға бар білген-түйгенімді айтып, көмегімді тигізуге асығамын.
Әуелхан қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі бастығының орынбасарынан бөлек екі ұлдың әкесі. Отбасына да көп көңіл бөліп, бала тәрбиесіне аса жауапкершілікпен қарайтын ол болашақта балалары да бұл қызметті таңдаса еш қарсылық білдірмей, құптайтынын айтты. Ал бұл қызметте еңбек ету үшін білім алып жүрген жасөспірімдерге полиция болудан қорықпау керектігін жеткізді. «Бүгінде біздің қызметке мемлекеттен барлық жағдай жасалған. Жұмыс істеймін деген азаматқа қызмет қашан да табылады. Бастысы білім мен құлшыныс болуы керек. Еңбектенген адам, еңбек еткісі келетін адам ешқашан тасада қалмайды», − дейді ол.
А.НҰРАЗҒАЛИ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!