Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Төрт жасар ұлын өлтіріп, көміп тастаған

11.07.2023

458 0

Ақтөбеде төрт жасар ұлын өз қолымен өлтірді деген күдікке ілінген әке сот алдында жауап беріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жантүршігерлік оқиға былтыр желтоқсан айында болды. Сол кезде қатыгез әке қылмысын жасыру мақсатында ұлына өтірік іздеу салып, полицияға арыз жазған еді. Тіпті, еріктілермен бірге іздеу жұмыстарына да қатысқан. Бірнеше күннен кейін тәртіп сақшылары төрт жасар бүлдіршіннің мәйітін тапты.

Тергеу мәліметінше, 41 жастағы айыпталушы Артур Ахунов ауырып мазасызданған 4 жасар ұлының еркелігін көтере алмаған. Сөйтіп, кішкентай Данилді ұрып өлтірген. Тіпті мәйітті көму үшін арнайы техника мен жұмысшы жалдапты.

«Суық өтіп, сырқаттанып қалған бала мазасызданып жылай берген. Сосын бауыры мен әпкесіне барғысы келетінін айтқан. Оны көтере алмаған әкесі агрессия көрсетіп, Данилге дауыс көтереді. Сосын қатты затпен басынан, бетінен және ішінен ұрады. Ауыр соққыдан жерге құлап түскен бала есін жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған», – деп баяндады істің мән-жайын мемлекеттік айыптаушы Саламат Амандықов соттың алдын ала тыңдалымында.

Данил үшемнің бірі. Қалған екі сыңары қылмыс күні әжесінің үйінде жүріпті.

Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, ер адам ұлының денесін екіқабатты үйге 100 метр қашықтықта көміп тастаған.

«Жерді екі метр тереңдікте қазған. Ол үшін эксковатор мен жұмысшыны 20 мың теңгеге жалдаған. Оларға құрылыс материалдарын қоқысқа тастау керек деп айтқан. Қылмысын жасыру мақсатында осындай қадамға барды. Балам жоғалды деп бес күннен кейін хабарлаған», – дейді Амандықов.

Ахуновқа «жас баланы өлтіру» бабы бойынша айып тағылып отыр. Оған 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бірақ айыпталушының өзі тергеуге көңілі толмайтынын айтып, кінәсін мойындаған жоқ.

Прокурордың айтуынша, Ахунов қылмысқа дейін де талай рет үшемді ұрып-соққан. Жиі таяқ жейтінін балалардың өзі тәрбиешілерге талай мәрте айтыпты. Бұл жағдайдан инспекторлар да хабардар болған көрінеді. Бірақ не үшін дер кезінде шара қолданылмағаны белгісіз.

Айта кетсек, қалалық білім бөлімінің мамандары сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысып жатыр.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: