Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеуші жұмыссыз сотталғандарды жұмыспен қамту мақсатында кәсіпкерлерге арналған ашық есік күні өтті . Бұл іс-шараға қаладағы бірқатар кәсіпкерлер, сотталғандарды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкерлер және ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Есенкелдиев Шаймерден Тәжіқұлұлы, департамент бастығының орынбасары әділет подполковнигі Әбдіқайыров Жүніс Өтегенұлы, Қызылорда облыстық прокуратурасының Үкімдердің орындалуын қадағалау басқармасының аға прокуроры Алмас Махмуд Ахтанұлы, мекеме басшылығы, департаментінің бас маманы Бақыт Абилова және мекеме қызметкерлері қатысты. Шара барысында келушілер мекеменің өндірістік аймағында пайдалануға берілетін ғимараттар мен сотталғандардың жасаған өнімдерімен танысты. №60 мекеме бастығының орынбасары Алтынбек Өскенбаев шараға қатысушыларды мекеменің өндірістік аймағындағы жұмыс обьектілеріндегі әртүрлі өнімдермен таныстырып, мекемеде кәсіп ашқан жағдайда сотталғандарды арнайы жұмыс киіммен қамту, жұмыс орнындағы техникалық қауіпсіздікті және санитарлық талаптардың сақталуын қадағалау өз деңгейінде жүргізілу керегін, сотталғандардың айлық жалақыларын кешіктірмей, мекеменің депозиттік шотына уақытылы аударылуы, жарналарының заңға сәйкестігі қадағалануы керегін айтты.
– №60 мекемесінде жазасын өтеп, мемлекетке немесе жеке тұлғаларға өтемақылары бар сотталғандар осы кәсіпорында еңбек ету арқылы айлық табысынан қарыздарын өтеп келеді. Осы шара барысында алдағы уақытта жұмыспен қамтылған сотталғандардың санын арттырып, жаңа жұмыс көзін ашу мен кәсіпкерлік субьектілерге қосымша сотталғандарды жұмысқа орналастыру бағыты жоспарланып жатыр, – деді ҚАЖ департаменті бастығы Шаймерден Есенкелдиев. Бүгінгі таңда ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде 300 -ге жуық сотталғанды 9 жеке кәсіпкер жұмыспен қамтып отыр.
Қорытындылай келе, кәсіпкерлер мекемеде кәсіпкерлерге жасалған мүмкіндіктермен танысып, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасайтындарын жеткізді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!