Сенбі, 21 желтоқсан, 18:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Тұрақтылық негізі

30.08.2022

1042 0

Кез келген мемлекеттің ұстанған жолын, ұлтының құндылығын айқын­дайтын басты құжат – Конституция. Конс­титуцияда мемлекеттік биліктің бар­лық құрылымдарынан бастап, елдің әрбір аза­матының, ондағы ұлттар мен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, мін­деттері, құқықтары көрсетіледі. Сондай-ақ мемлекет өміріндегі бетке алған үдерістер де осы Ата заң арқылы реттеледі.

1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық республикалық референдуммен еліміздің тәуелсіздігін айқындайтын басты құжат Қазақстан Республикасының Конститу­ция­сы қабылданып, қолданысқа енгізілді.

Елдің елдігін, халықтың теңдігін ай­қындайтын Ата заңымызға биыл 27 жыл толады. Осы жылдары тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда болып жатқан барлық саяси-эко­номикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына сеп болып, дамудың қайнар бастауына айналды.

Әрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулы­ғы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқы­ның қарымды істері бүгінде әлем жұртшы­лығы үшін үлгі-өнеге. Конституцияда еш­кімді жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына және басқа да жағдаяттар бойынша кемсітуге тыйым салынған.

Конституциямыздың басты артықшы­лы­ғының бірі – ең алдымен, адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы, бай­лығы деп тануында. Ата заңымыздың 2 бө­лімінде аталған басымдықтардың көрініс табуы соның дәлелі.

Барлық қазақстандықтардың мүдде­сін көз­дің қарашығындай сақтауға ба­ғытталған Ата заңымыз еліміздің сот жүйесінің тәуел­сіздігін қамтамасыз етіп, судьялардың мәртебесін көтеруге үлкен серпін береді. Атап айтар болсақ, сот кадр­ларын іріктеу Жоғары Сот Кеңесіне берілді. Сот төрелігін тәуелсіз де бейтарап және әділетті жүзеге асыруды қамтамасыз ету мақсатында қыл­мыстық сот ісін жүргізуіне алқабилер институты енгізілді, тұтқындауға санкцияны соттың беруі бекітілді. Экономикалық, әкім­шілік құқық бұзушылықтар жөніндегі, әкімшілік, әскери, кәмелеттік жасқа тол­мағандар, аса ауыр қылмыстық істерді қарайтын мамандандырылған соттар құры­лып, жұ­мыс жасауының арқасында сот беделі көтеріліп, халықтың сотқа деген сенімі нығая түсті.

Тәуелсіздік жылдарында еліміз саяси тұ­рақтылықты нығайтудың қиын жолы­нан өтті. Ендігі кезекте демократиялық құн­дылықтарды дамытып, жаңа Қазақстан­ды құруға қадам бастық.

Осыған орай соңғы кезде болған үл­кен жаңалықтың бірі – Ата заңымызға өз­­гертулер мен түзетулердің енгізілуі. Референдум ел тарихындағы маңызды белес болды. Ата заңымызға енгізілген өзгерістер елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртуға, экономиканы уақыт талабына сай дамытуға, Қазақстан азаматтарының өмір сүру сапа­сына оң әсер ететіні сөзсіз.

Біздің ендігі парызымыз ата-бабалары­мыз армандап кеткен тәуелсіздік туын берік ұстап, осы тәуелсіздіктің нышаны іс­петті Конституциямызға құнттылықпен қарап, оны өз Отанымызды, тарихымызды құрметтегендей құрметтеу.

Серік БЕРТАЙ,

Арал аудандық сотының судьясы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: