Сенбі, 10 қаңтар, 01:04

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№2 (2214)
10.01.2026
PDF мұрағаты

Ұлының еміне деп халықтан 1,3 млрд теңге жинаған әйел соттағы соңғы сөзін айтты

09.01.2026

63 0

фото: shutterstock

Астана сотында ұлының еміне деп халықтан 1,3 млрд теңге жинаған ерлі-зайыпты Дәулет пен Толқын Тотақановтар соттағы соңғы сөзін айтты, – деп хабарлайды  kursiv.media

«Ешкімді алдаған жоқпыз. Біздің ерекше баламыз бар. Адамдар өз еркімен көмектесті. Олар біздің қайғымызды, баламыздың жағдайын көрді. Баламызды Түркияда, Қытайда, Әзербайжанда, Ресейде емдеттік. Бұған 6 млн теңге емес, 160 млн теңге кетті.

Пайызбен қарыз беретін адамдардан ақшаны бастапқыда тек ұлымды емдету үшін алдым, бірақ уақыт өте келе бұл адамдар бопсалай бастады, қорқытты. 5 жылдың ішінде олар бізден 700 млн теңгеден астам ақша алды», – деді Толқын Тотақанова соттағы соңғы сөзінде.

Сөзінше, баю туралы ойы болмаған.

«Ерекше балалар тек ата-анасына ғана қажет. Біз қамқорлық жасамасақ, үнемі емдетіп отырмасақ, баламның жағдайы нашарлайды.

Күйеуім бұл туралы білмеді. Оның Instagram парақшасы жоқ, картасына ақша түспеген, еш жерде оның есепшотын көрсеткен емеспіз», – дейді сотталушы соңғы сөзінде.

Соған байланысты әйел өзін ақтауды немесе жәбірленушілерге келген шығын көлеміне айыппұл салуды сұрады.

Тергеу дерегінше, 2020-2024 жылдары Тотақановтар Instagram желісінде ұлына қойылған диагноз туралы айтып, баланың еміне ақша жинаған. Әлеуметтік желіде эмоцияға толы видео жариялап, әрі қарай таратып отырған. Нәтижесінде ерлі-зайыпты 1,3 млрд теңге жинаған, алайда баланың еміне небәрі 6,4-6,5 млн теңге жұмсаған.

Қалған ақша Астанадан үш пәтер, жер телімін, бес автокөлік сатып алуға, бренд киім-кешекке, шетелге шығуға және букмекерлік кеңселердегі ставкаларға жұмсалған. Қаражаттың бір бөлігі (481 млн теңгеден астамы) әлеуметтік желідегі парақшаны ілгерілетуге бағытталған.

Тотақановтар сот барысында өздерін фото-видеоға түсіруге қарсы болды.

Жарыссөзде прокурор ерлі-зайыптыны 7 жылға бас бостандығынан айыруды, жас баласының болуына байланысты Толқын Тотақановаға жазасын кейін өтеу мүмкіндігін беруді сұраған.

Сот үкімі 2026 жылдың 9 қаңтарында шығады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: