Полиция департаментінің басты міндеті – қылмысқа қарсы күрес жүргізу, жол қауіпсіздігін сақтау, есірткіге қарсы іс-шараларды жүзеге асыру және тұрғындармен ашық әрі тиімді байланыс орнату. Қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыру мен заманауи технологияларды енгізу арқылы полиция жұмысының сапасы жақсарған.
Облыстың криминогендік ахуалы тұрақты. 2024 жылы ауыр және аса ауыр қылмыстар, ауырлығы орташа және онша ауыр емес қылмыстарды ашу пайызы жоғарылаған. Бұл туралы Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Тоқтыбаев Серік мәлімдеді.
– Былтыр қылмыс саны 10 пайызға азайды. Сонымен қатар ұрлық 28,2 пайызға, мал ұрлығының 48,5 пайызға тіркелуі төмендеді. Жалпы қылмыстың негізгі түрлері бойынша ашу көрсеткіші жақсарды. Қазіргі таңда киберкеңістікте өте өзекті болып отырған қылмыс түрі – ғаламтордағы алаяқтық. Интернет кеңістіктегі қызмет көрсету түрлері көбейген сайын, оның айла-тәсілі де түрленіп жатыр. Олардан облыс тұрғындарын сақтандыру мақсатында қауіпсіздік шараларын қолдану туралы түсіндірме жұмыстары кеңінен жариялануда. Заманауи технологияның көмегімен атқарылған жұмыстың нәтижесінде аталған қылмыстың 88 дерегі ашылып, 76 интернет-алаяқ құрықталды, – деді Серік Әбдімәуленұлы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!