Жұма, 03 сәуiр, 10:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23 (2235)
31.03.2026
PDF мұрағаты

Заң мен тәртіп: Академия қалыптастыратын құндылық

03.04.2026

47 0

Фото: Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қазақстан Республикасының Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен Тәртіп» қағидасы бүгінгі қоғамның тұрақтылығы мен дамуының негізгі тірегіне айналды. Бұл қағида жай ғана құқықтық нормаларды сақтау емес, ол қоғамдық тәртіптің, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының шынайы қорғалуын, мемлекеттік биліктің тиімділігін қамтамасыз ететін кешенді идеология.

«Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Заң мен Тәртіп» қағидасының қоғам үшін маңыздылығы оның әрбір азаматтың күнделікті өмірінде, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде көрініс табуымен маңызды. Ол қоғамдық келісімді нығайтып, заң бұзушылықтың алдын алуға, әлеуметтік әділеттілікті орнатуға және мемлекеттің халыққа деген сенімін арттыруға бағытталған.

«Тәртіппен өскен тал артық» дейді бабаларымыз. «Заң мен Тәртіп» қағидасын орнату тек жазалау шараларымен немесе профилактикалық жұмыспен ғана шектелмейді. Оның ең маңызды құрамдас бөлігі – сапалы кадрларды даярлау. Заңды орындаушылар мен басқарушылардың жоғары кәсіби және адамгершілік деңгейі болмаса, ешқандай заң тиімді жұмыс істей алмайды. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының рөлі ерекше. Академия құқық қорғау жүйесіндегі ерекше мәртебесіне ие: ол құқық қорғау органдары үшін алғашқы кәсіби даярлықтың негізгі ордасы ретінде танылған. Мұнда болашақ офицерлер мен мамандар тек теориялық білім ғана емес, практикалық дағдыларды, этикалық нормаларды және мемлекеттік қызметке адалдықты бойына сіңіреді.

Заң – әділдіктің тірегі болса, тәртіп –тұрақтылықтың негізі.

Академияның тағы бір маңызды бағыты – Президенттік резерв. Бұл мемлекеттік деңгейдегі басқарушы кадрларды даярлаудың жаңа тәсілі. Президенттік резерв арқылы іріктеуден өткен үздік мамандар стратегиялық басқару дағдыларын, заңнаманы терең талдауды және қоғамдық өзгерістерге бейімделуді үйренеді. Осылайша, «Заң мен Тәртіп» қағидасының идеялары мемлекеттік аппараттың жоғары буынына дейін жеткізіледі. Академияда магистратура мен докторантура бағдарламалары да белсенді жұмыс істейді. Бұл деңгейлерде ғылыми зерттеулер жүргізіліп, құқық қорғау саласының өзекті мәселелері шешіледі, ал түлектер мемлекеттік қызметтің жетекші лауазымдарына дайын болады.

Академия ғалымдарының заңнаманы жетілдіруге қосқан үлесі зор. Олардың ғылыми еңбектері, сараптамалық қорытындылары және ұсыныстары Қазақстанның құқықтық базасын жаңартуға тікелей ықпал етеді. Заң жобаларын әзірлеу барысында Академия мамандарының пікірі ескеріледі, бұл заңнаманың өміршеңдігі мен тиімділігін арттырады.

«Заңды білу емес, құрметтеу – нағыз тәртіп» деген тәмсіл бар. «Заң мен Тәртіп» қағидасының мәні тек заңды білумен шектелмейді. Ол – заңды құрметтеу, оны жүрекпен қабылдау. Академияның тәрбиелік миссиясында қатаң іріктеу жүйесі, тәртіптің ең жоғары стандарты студенттерге «Заң мен Тәртіп» идеологиясын терең сіңіреді. Күнделікті тәртіп, жауапкершілік, ұжымдық тәртіп – осының бәрі болашақ құқық қорғаушылардың мінез-құлқына айналады. Академия қабырғасында қалыптасқан осы мәдениет қоғамға шыққан соң да сақталады және «Заң мен Тәртіп» қағидасының негізгі тасымалдаушысы болады.

Құқықтық мәдениетті қалыптастыру – Академияның басты миссиясы. Мұнда білім беру үдерісі тек кәсіби дағдыларды дамытумен шектелмей, азаматтық жауапкершілікті, адам құқықтарын құрметтеуді және мемлекетке адалдықты тәрбиелейді. Осы арқылы әрбір түлек қоғамның құқықтық санасының үлгісіне айналады.

«Заң мен Тәртіп» қағидасын сақтау жолындағы Академияның стратегиялық рөлі айрықша. Ол жай ғана білім ордасы емес, мемлекеттің құқықтық тірегі, сапалы кадрлардың кәсіби және моральдық ордасы. Алғашқы кәсіби даярлықтан бастап Президенттік резервке дейінгі барлық деңгейдегі жұмысы арқылы Академия «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, Қазақстанның тұрақты дамуына өзіндік үлес қосады. Бұл – болашақтың негізі.

Мейрханов Д.Ә.

Академия тыңдаушысы

Кабиденов Р.М.

Кәсіптік оқыту институтының прокурорлық қадағалау кафедрасының аға оқытушысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: