Сейсенбі, 26 қараша, 00:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Заңды құрметтеу – парыз

30.08.2023

523 0

Мұхтар Әуезов әр іске ниет, күш, содан соң тәртіп керек десе, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бас иген құл болмайды» деген сөзі бар. Осы бір сөз әрбір азаматтың жүрегіне ұялау керек.

Сонда ғана біздің мақсат-мұратымыз биіктей түседі, егеменді елдің мәртебесі көтеріле беретіні ақиқат.

Бүгінгі әңгімеде Қазақстан Республикасы ішкі істер саласының еңбек ардагері, полковник, Қызылорда қаласының нотариусы Уәлихан Құлмаханбетұлы заңдылықты құрметтеу, нотариус қызметінің сан-алуан қызметі жайында ой өрбітіп, сыр ағытты.

– Уәлихан Құлмаханбетұлы, алдымен еңбек жолыңыздан әңгіме қозғасаңыз…

– Мен 1952 жылы Шымкент облы­сының Келес ауданында дүниеге келдім, отбасындағы 12 перзенттің үлкенімін. 1974 жылы Шымкент химия технология институтын бі­тірдім. Алғашқы еңбек жолым Түркменстандағы Байрам Әли қала­сында басталды. Қарапайым шеберден бас технологқа дейін көтерілдім. Керамикалық құбыр зауытының сан-алуан жұмысында шыңдалу мектебінен өттім десем, артық болмас.

Туған жер ыстық қой. 1979 жылы елге оралып, Қызылорда қалалық ішкі істер бөлімінде аға инспекторлық қызметіне тұрдым. Бұл қызметті 1984 жылға дейін атқардым.

– Уәлихан мырза, біраз еңбек жолынан өткен екенсіз. Соңғы еңбек жолыңызды жалғастыра беріңіз…

– Бір кездері Тартоғайда қыш зауыты болған. Сол зауыт 1984 жылы облыстық ішкі істер басқармасының қарамағына көшіріліп, еңбек коло­ниясының құзырына берілді. Осы колонияға қарасты қыш зауытына директорлыққа ұсынылдым. Зауыт жылына 10 млн қыш шығарса, кейін бұл көрсеткіш 11 миллионға көтерілді. Көп ұзамай зауыт шы­ғынсыз өнім өндіруге көшірілді. Еңбек адам­дарының жалақысы артты. Тартоғайдағы колонияда 20 жыл еңбек еттім. Содан соң облыстағы еңбек түзеу  мекемесінің бастығы, облыстық адвокаттар коллегиясының мүшесі болдым. Қысқасы, қатардағы жауынгерден полковникке, жұмыс­шыдан директорлық лауазымды атқарған уақыттарым маған ыстық көрінеді.

Қазір көп жылдан бері Қызылорда қаласында жеке нотариус ашып, қазір соның жетекшісімін.

– Нотариус қызметінің қыр-сырында меңгерген боларсыз?..

– Нотариус – латын сөзі, көшір­меші, хатшы деген ұғымды білдіреді. Түрліше заңды әрекеттер мен құжат­тарды куәландыруға уәкілдігі бар қызмет бабындағы маман деген мағына білдіреді. Мұрагерлерді рәсім­деу, заң тәртібін нығайту, шарт­тар мен мекемелерді куәландыру, дау­сыз істерге орындау қағазын жазу жүктелген. Мыңдаған істер жүргізіп, азаматтар мен мекеме ұйымдарға заңды көмек көрсету міндеті жүктелген ұшан-теңіз қызмет түрлері жүктелген тұлға десек қателеспейміз.

– Нотариус қызметінің қыр-сыры жайында біраз әңгіме қозғадыңыз, қаныққандай болдық. Отбасыңыз туралы әңгіме айтпадыңыз ғой…

– Отбасы – бірліктің басы. Әр адамның шаңырағынан береке отбасынан басталады. Зайыбым Дәмеш Бекішқызымен тату-тәтті өмір сүріп, ұл-қыз, немере сүюдемін. Қызым Мәскеуде дәрігер, Самал – ми­ли­ция майоры, Олжас – қаржыгер.

– Еңбегіңіздің жемісі ретінде талай марапатқа ие болған бо­ларсыз?..

– Дұрыс еске салдыңыз. Көп жыл облыстық адвокаттар алқасында еңбек етіп, 2008 жылдан бері жеке нотариус ашып, қызмет көрсетемін. Заңгер, милиция полковнигімін. Ішкі істер органына қызмет сіңірген ардагер медалінің иегерімін. Алғыс, мақтау қағаздарым бар.

– Әңгімеңізге рақмет.

Әңгімелескен

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: