Сенбі, 07 желтоқсан, 19:23

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

ЖАЛҒАН АҚПАРАТТА ЖАЗА БАР, АҚИҚАТЫН АЙТАЙЫҚ!

18.01.2022

846 0

Қаңтар қазақты қуантпады. Себебі де айқын…

Террорлық шабуыл, шашылған оқ, төгілген қан, қара жамылған отбасы.

Елімізді елең еткізген осы оқиға орын алғанда бұқара арасында алып-қашпа әңгімелер де, жалған ақпараттар да тарап кетті. Ақпараттың шынайы екендігіне көзі жетпесе де, оны жан-жаққа таратып үлгергендер де аз емес. Бірақ оның соңы қылмыстық іспен аяқталатынын ескермесе керек-ті.

Жалған мәлімет үшін қалай жазаланады?

Иә, бұл сұрақ көп адамды ойландырады. Көптің көкейінде жүрген сауал бойынша бізге қаладамыздағы білікті заңгерлердің бірі Ернар Бағдатұлы жауап берді:

– Экстремизм мен терроризм тақырыбы тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік деңгейдегі аса өзекті мәселенің бірі. Бұл әсіресе соңғы жылдары әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан түрлі лаңкестік оқиғалар мен экстремистік топтардың белсенді әрекетінен кейін ғаламдық проблемаға айналды.

Өкінішке орай, бұзақы топтармен болған қақтығыстың салдарынан еліміздің біршама облыстарында әскерилер мен бейбіт тұрғындар қаза тапты. 7 қаңтарда Қазақстанның барлық аймағында конституциялық тәртіп қалпына келтірілгені белгілі болды, бірақ Президент терроризмге қарсы шаралар содырлар толық жойылғанша жүргізілетінін мәлімдеді.

Осынау қиын-қыстау шақта әлеуметтік желі­лерде жалған ақпараттар тарай бастады. Ақпарат тұтынушылардың көбі мәліметтің рас-өтірігін ажырата алмайды. Әсіресе апатты және төтенше жағдайлар, саяси оқиғалар кезінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған хабарламалар көптеп тарайды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 274-бабына (Көрінеу жалған ақпарат тарату) сәйкес фейк ақпарат таратқандар жаза­ланады. Бірақ та көп адам мұндай әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле бермейді.

Елімізде жалған ақпарат таратқаны үшін 20 АЕК сомасында айыппұл төлеуден бастап, 7 жылға бас бостандығынан айыруға дейін жаза көзделген.

Жалған ақпарат тарату 2015 жылы жаңа Қыл­мыстық кодексті қабылданғаннан кейін қылмыс түрінде (274-бапқа сәйкес) қарастырыла бастады.

Аталған баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген:

1. Қылмыстық топ жасаған;

2. Төтенше жағдай кезінде немесе ұрыс жағ­дайында немесе соғыс уақытында не жария іс-шаралар өткізу кезінде жасалған іс-әрекеттер үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Осы бапта тағы көзделген «Қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне не қоғамның не­месе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүд­делеріне елеулі зиян келтіру қаупін төндіретін көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін:

• 1000 АЕК (2 651 000 тг) дейінгі мөлшерде айыппұл салу;

• түзеу жұмыстарына не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту;

• бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Осыған орай ел ішінде жалған ақпараттар таратып, жұртты әбігерге салып, өзіңізді қылмыскер атануға жол бермеңіз, – деп ескертті заңгер Ернар Бағдатұлы.

 «Өсекке ерсек, әділ қоғам құруға кедергі келмек»

Айналамыз қызыға қарайтын егемен ел едік. Бірақ қаңтардағы қасіретті қазір барлық ел естіді. Ел басына сындарлы сәт туғанда елді одан сайын арандатушылар көбейіп кетті. Осы мәселеге орай әр сала мамандары да өз ойын білдірді.

Берлан Құлмақов, экономист:

– Жыл басы оңай болмады. Бейбіт шерудің соңы террористердің теріс әрекетіне ұласып, елімізге қаншама шығын келгені рас. Қаза тапқан адамдарымыздың саны көп. Ендігі жерде мұндай сұмдық болмасын деп тілеймін.

Осы сын сағатта байқағанымыз, қазақ-қазаққа ғана керек екен. Сол қиын сәтте халық арасында небір қауесеттер тарады. Егер біз сондай өсекке ерсек, әділ қоғам қалыптастыруға көп кедергі келмек. Мемлекеттілігімізді сақ­тап қалуға жұмыс істеуіміз керек. Қазақ елі жақсылықты айтып, алға ұмтылса дами береді деген ойдамын.

Өткенде Президент Үндеуін тыңдадық. Онда «Қастерлі Отанымыз – Қазақстан әлем картасындағы егемен ел ретінде қуатты мемле­кетке айналады, экономикамыз анағұрлым қар­қынды дамиды, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайы жақсара түседі. Мен мұны зор сеніммен айтып отырмын» деген болатын. Біз де өз тара­пымыздан экономиканы арттыруға үлесімізді қосамыз, – деді Берлан Оразбекұлы.

«Әр пікірдің соңында үлкен жауапкершілік тұр»

Жандос Тұсмағамбетов, «Қамқорлық» дағ­дарыс орталығының директоры:

– Отыз жылда қазақ елі үшін бұл жағдай үлкен қасірет деп айтар едім. Жыл басында елдің экономикалық әл-ауқатымен бірге әлеуметтік мәселелердің барлығы қозғалды.

Елімізде бейбіт шеру, жиын өткізу, ақпарат таратудың өз заңдылығы бар. Яғни нақты ақпараттарды таратудың нормалары бар екені белгілі. Алайда қазір түрлі әлеуметтік желілер арқылы «менің парақшам, менің құқығым не жазсам да деген сияқты» адамдар да жоқ емес. Тіпті олар жеткілікті дер едім. Әрине, әр адам өз ойын жеткізуге болады. Бірақ пікір ресми ақпаратқа сүйене отырып, шынайы болуы шарт.

Бұл жерде менің айтарым, азаматтардың құқықтық сауаттылығы жоғары болуы керек. Себебі әр пікірдің соңында үлкен жауапкершілік тұр, – деген ойымен бөлісті Ж.Тұсмағамбетов.

Иә, соңғы күндері алуан пікірлер, шындыққа жанаспайтын ақпараттар, арасында террорлық шабуылды әзілге айналдырып үлгерген бейне­көріністер мен смс хабарламалар жеткілікті.

Ватсаптағы смс…

Маған күні кеше ғана ватсап желісі арқылы бір хабарлама келді. Хабарлама «Құрметті қазақстандықтар!» деп басталыпты. Ашып қара­сам, онда мазмұны былай келтірілген. Кешегі болған террорлық шабуылға орай Қазақстанның 1970-2007 жылдар аралығында туылған аза­маттарға 15250 теңгеден таратылады деген ақпарат тұр. Ол үшін хабарламадағы сілтемеге өту керек. Ал сілтемені ашып қарасаңыз, мүлдем басқа нәрсені көресіз.

Осы хабарламаны алғандар қаржыға емес, күлкіге «қарық» болды. Ал шындап кел­генде, елімізде қайғылы жағдай болып, қаншама қандасымыз қаза тауып жатқанда біздің күлетін ретіміз жоқ, ағайын. Сәл ойланайық!

Жалған ақпарат арасында осындай түкке тұрғысыз хабарламалар да кездесуде.

Тілші түйіні:

Қазақ халқы әлімсақтан «Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» деп ақпараттың таралу ауқымын меңзейді. Қазіргі технократтық дәуірде келтірілген ақпарат отыз рулы ел былай тұрсын, тұтас Қазақстанды, тіпті шетелді шарлап, әлемді әбігерге салатыны ақиқат.

Сонымен қатар жалған ақпарат тарату кез келген адамға абырой әпермейді. Мына дүрбелең дүниеде елді дүрліктіріп, жалған ақпарат таратпай, бір-бірімізге тілеулес болып жүргенге не жетсін?!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: