Алматының Алмалы ауданының полиция қызметкерлері шағын азық-түлік дүкендерінің иелері мен сатушыларын алдау арқылы пайда тапқан күдіктіні ұстады. Оның бұған дейін де алаяқтықпен қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ол арнайы қосымшаларды пайдаланып, тауар үшін онлайн төлем жасалғаны туралы жалған электронды чектерді алдын ала дайындаған. Дүкенде есеп айырысу кезінде сатушыға жалған чек көрсетіп, ақша аударылғандай әсер қалдырған, алайда нақты төлем жасалмаған. Осылайша тауарды ақысыз алып отырған.
ІІМ мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
«Күдікті алдын ала ойластырылған схема бойынша әрекет еткен. Қосымшалар арқылы онлайн төлем жасалғаны туралы жалған чектер дайындап, шағын дүкендердің сатушыларын адастырған. Көп жағдайда есеп айырысу қолма-қол ақшасыз жүргізілетіндіктен, адамдардың мұқият тексермейтініне сенген. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, жәбірленушілердің толық тізімі анықталып жатыр», деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Мақсат Пшан.
Полиция кәсіпкерлер мен сауда саласы қызметкерлерін сақ болуға шақырады.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
