Жұма, 26 желтоқсан, 11:28

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№98 (2210)
23.12.2025
PDF мұрағаты

Жанға жарық беретін күнделікті күш

26.12.2025

57 0

Жанды жегідей жеген мұң, шегіне жеткен шер, титықтатқан қиындық жүрек пен жүйкеге жеңіл тимейді. Бүгін – жан жарасын жазуға ықпал ететін психологтардың кәсіби мерекесі. Осы орайда, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінің АКАӘПТЖББ-ның аға инспектор-психологы әділет майоры Айзат Мырзалыны құттықтай отырып, өзі жайында аз-кем айтсақ дейміз.

Еңбек жолын 2007 жылы арнайы есепке алу бөлімінде есеп технигі қызметінен бастаған ол, тәжірибесін біліммен ұштастырып, кәсіби дамуға бет бұрды. Үздіксіз ізденіс жолында үзіліс жасамай, 2019 жылдан бастап психолог ретінде жұмысын жалғастырып келеді. Тіпті, Астана қаласында өтетін біліктілік курстарына белсенді қатысып, жиі төбе көрсетіп жүр. Он сегіз жыл салада орныққан Айзат Мырзалы ұжым арасында құрметке ие.

– Меніңше, көңілге демеу, жанға медеу болу үшін мамандыққа деген ынта-ықылас керек. Сосын ізденісті тоқтатпаған жөн. Күніне оннан аса айыпталушы мен жазасын өтеушіні қабылдаймын. Әркімнің ішкі күйі әртүрлі, өзін ұстауы, көңілі құбылмалы болады. Әңгіме барысында олардың күйзеліс деңгейін, алаңдататын мәселелерін, бейімделу процесін анықтаймын. Мінез-құлқы мен психоэмоционалдық жағдайына зер саламын. Сосын қажетті терапия жасап, ауыртпалықтан арылтуға тырысамын. Басты мақсат – өмірге оң көзқарасын қалыптастырып, болашағына сеніммен қарауға ықпал ету, – дейді ол.

Сан қилы өмір жолының сырына үңіліп, түрлі тағдыр иесімен бетпе-бет келуден психологтың да қуаты түгесіліп қалатыны анық. Мұндайда Айзат Мырзалы таза ауада серуендеп, әуен тыңдау арқылы ойың тынықтырады екен.

Иә, айыпталушы мен жазасын өтеушілерге байыппен бағыт беру – кез келгеннің қолынан келмейді. Жүгі ауыр қызметті жүрексінбей атқарып жүрген Айзат Мырзалыға еңбегіңіз жана берсін дейміз!

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: