Текетірес пен айқай-шудың соңы бас шайқап, сан соғып қалатын салдармен аяқталып жатады. Сондықтан, бассыздықты бұғаулап, қандай да бір қылмыстың алдын алған маңызды. Осы тұста, ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесінде Қызылорда қалалық пробация қызметі есебінде тұратын кәмелетке толмағандарға экскурсия ұйымдастырылды. Қызылорда қалалық прокуратурасымен бірлесе өткен іс-шарада жасөспірімдерге теріс әрекеттен тыйылып, қылмыс жасамау керектігі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Мекеменің режим және күзет бөлімінің бастығы әділет капитаны Азат Батырбеков жас буынға түзету мекемесінің жатақханасы мен асханасын аралатып, тыныс-тіршілігімен таныстырды. Мұндағы күнделікті тұрмыстың оңайға соқпайтынын сезініп, еркіндіктің қадірін тағы бір түсінгендей болды. Қызылорда қалалық прокуратурасы прокуроры Бақытжан Рысбай да нық сөзімен нақты мысалдар келтіріп, бұзақылықтың бірлікті бұзып, берекені қашыратынын жеткізді.
– Іс-шараны өткізудегі басты мақсат – қателікке бой алдырмауға үндеу. Өйткені, жай ғана кикілжіңнің өзі өкінішке себеп болатыны белгілі. Түзету мекемесінің ішкі тәртібімен таныстыру арқылы жасөспірімдерге тек заңды құрметтеп қана қоймай, өз өміріне жауапкершілікпен қарауды, теріс әрекеттен бойды аулақ ұстап, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуды түсіндірдік. Білім мен адал еңбек қана жарқын өмірге жол ашады , – дейді Қызылорда қалалық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Фариза Сембаева.
Алдағы уақытта да ізгілікке бағытталған іс-шара ұйымдастыру жұмысы жалғаса бермек.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!