Қоғамның даму қарқыны мен мемлекеттік басқарудың тиімділігі көбіне бір факторға – сыбайлас жемқорлықтың деңгейіне байланысты.
Бұл құбылыс бар жерде әділдік әлсірейді, азаматтардың мемлекетке деген сенімі төмендейді, ал экономикада тоқырау байқалады. Сондықтан жемқорлықтың алдын алу – елдің стратегиялық қауіпсіздігімен тең мәселе.
Сарапшылардың айтуынша, сыбайлас жемқорлықпен күрестің ең тиімді жолы – алдын алу. Яғни құқық бұзушылықтың орын алуына жол бермейтін тетіктерді қалыптастыру. Соңғы жылдары Қазақстан дәл осы бағытқа басымдық беріп отыр. Мемлекеттік қызметшілердің этика талаптарын күшейту, басшылардың жеке жауапкершілігін арттыру және қызметтік процестерді толық цифрландыру – қабылданған жүйелі шаралардың бір бөлігі ғана.
Бүгінде кез келген мемлекеттік орган өз қызметін ашық көрсетуді міндетіне айналдырды. Мемлекеттік сатып алулардан бастап, бюджеттің әр тиынына дейін ашық платформада жарияланып келеді. Бұның барлығы — қоғам алдында есеп берудің жаңа мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Өйткені ақпараттың қолжетімді болуы – жемқорлыққа қарсы иммунитеттің басты шарты.
Сонымен қатар, мемлекеттік органдарда ішкі бақылау мен тәуекелдерді талдау тетіктері күшейтілуде. Әрбір мекеме өзінің қызметіндегі әлсіз тұстарды анықтап, оларды жоюға бағытталған жоспар әзірлейді. Бұл — ұйымдардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, әділ басқару мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Алдын алу жұмысының тағы бір маңызды бағыты — азаматтардың құқықтық сауатын арттыру. Өз құқығын білетін адам заңсыз талаптар мен негізсіз қысымға жол бермейді. Сондықтан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының тұрақты жүргізілуі қоғамның қорғаныс қабілетін күшейтеді.
Бүгінде барлық мемлекеттік қызмет саласында ашықтықты қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Мысалы, құжат айналымы мен қызмет көрсету процестерінің басым бөлігі электронды форматқа көшті. Бұл адам факторын азайтып, азамат пен мемлекеттік қызметкер арасындағы тікелей байланыстарды қысқартуға мүмкіндік береді. Мұндай өзгерістер жемқорлық тәуекелдерін төмендетіп, қызметтің сапасын арттырады.
Жемқорлықпен күрес — бір күндік науқан емес. Бұл үздіксіз әрі жүйелі жүргізілетін процесс. Мемлекет тиімді саяси-құқықтық тетіктер жасаса, азаматтар адалдық пен жауапкершілікті күнделікті өмірінің қағидатына айналдырса ғана нақты нәтиже көрінеді.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу — тұрақты, әділ, сенімді қоғам қалыптастырудың негізгі шарты. Өйткені адалдық үстемдік құрған жерде ғана мемлекет пен халықтың арасындағы сенім нығаяды, ал сенім бар жерде даму да бар.
А.Болат
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бас маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
