Жемқорлыққа қарсы күресте қоғамның әр мүшесі өзіне жауап кершілік артуы тиіс. Қоғамның дертіне айналған жемқорлықпен құзырлы органдар күресіп-ақ жатыр. Алайда ақсап тұрған тұсымыз әлі де аз емес. Мәселен, аймақта соңғы 9 айда 33 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы департаментінің басшысы Қанат Қожахметов баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте департамент біршама нәтижеге қол жеткізген. Сала мамандары парақорлық, жымқыру және алаяқтық фактілерін анықтау бағытында жұмыс жүргізген. Ал өндірісте жемқорлық бойынша 96 іс тіркеліп, оның 60-ы сотқа жолданған. Ал жалпы аяқталған қылмыстық істер бойынша үкіметке 742 млн 84 мың теңге залал келтірілсе, соның 513 млн 371 мың теңгесі өндіріп алынған.
Бұдан бөлек, 9 ай ішінде жүйелі жемқорлық сипатындағы 5 қылмыстық іс тіркелді. Парақорлық фактілері бойынша – 21, шағын және орта бизнес қызметіне заңсыз араласу бойынша – 5, мемлекеттік бағдарламаларды игеру бойынша 13 қылмыс анықталды.
– 9 ай көлемінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы біршама жұмыс атқарылды. Бұл ретте әртүрлі салалар бойынша барлығы 38 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Мұнда 1 республикалық деңгейдегі басшы болса, 8 облыстық деңгейдегі, 2 қалалық және 4 аудандық деңгейдегі басшы бар. Оның ішінде экология, мәдениет, білім, спорт, ішкі істер, жергілікті атқарушы органдары және квази мемлекеттік секторлары бар. Осы 9 ай көлемінде аталған тұлғалар бойынша 60 іс сотқа жолданды, – деді облыс бойынша департамент басшысының орынбасары Руслан Ягмусов.
Бұдан бөлек қазір өңірде жемқорлықпен қоғам болып күресу жолға қойылған. Тіпті қылмыстарды хабарлағаны үшін 10 азаматқа 15 млн теңге мөлшерінде сыйақы берілген. Оның ішінде 3 азаматқа параның 10 проценті шеңберінде, яғни, 3-8 млн теңге көлемінде біржолғы ақшалай сыйақы тағайындалған. Бірақ бұл сыйақылар қылмыскерге қатысты сот үкімі шығып, айыпты деп танылғанда ғана беріледі. Тағы бір айта кететін жайт, биыл сыбайлас жемқорлықпен күресу тиімділігін арттыру мақсатында Қазалы, Арал аудандарында департаменттің дербес басқармасы ашылмақ. Бұған аймақтың алыстығы мен халықтың тығыз орналасуы себеп болып отыр. Департамент басшысы орынбасарының айтуынша, бұл жемқорлықпен күресте маңызды.
Айта кетейік, бүгінде департамент қызметкерлері қылмысты анықтау, тергеу қызметімен қатар, қылмыстық істерді болдырмау үшін превентивті шаралар да қабылдауда. Осы орайда ҚР ҚПК-нің 200-бабының талабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар және заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде мемлекеттік органдарға 33 ұсыныс енгізілген. Оларды қарау нәтижесінде 50 лауазымды тұлға түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
А.БІТІМБАЙ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!