Ақтөбеде пәтер жөндеймін деген уәдемен 10-нан астам тұрғынды алдаған ер адам 100 миллион теңгеден астам қаржыны иемденіп, із-түзсіз кеткен. Қазір күдікті ұсталып, тергеу амалдары жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ақтөбе облысы Полиция департаменті алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Тергеу барысында көрші облыс тұрғыны бір жыл ішінде пәтерлерге жөндеу жұмыстарын жүргіземін деген сылтаумен Ақтөбе қаласының 10-нан астам тұрғынын алдап, олардың ақшалай қаражатын иемденгені анықталды.
Күдікті жаңа пәтерлерге жөндеу жүргізуге уәде беріп, жәбірленушілерден алдын ала төлемді қолма-қол алып, кейін оларға хабарласуды тоқтатқан. Келтірілген жалпы материалдық шығын 100 миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарды келісімшарт жасасқанда сақ болуға және көрсетілетін қызметтер туралы ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге шақырады.
Еске салайық, бұған дейін Қостанай облысында алаяқтардың арбауына түскен жасөспірімдер жауапқа тартылғанын хабарладық.
Сондай-ақ, Қазақстандықтар пәтер жөндету кезінде қалай алданып жатқанын жөнінде жазған болатыбыз.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
