Жұма, 27 желтоқсан, 22:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Асанастағы жәдігерлер

10.09.2022

1326 0

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда университеті «Архео­логия және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының Асанас қала­шығына 2020 жылы  жүргізілген  қаз­ба жұмыстары нәтижесінде табыл­ған жәдігерлерді археологиялық қор­ға қабылдады. Орта ғасырлық қала­ларға тән көптеген керамикалық бұйымдармен қатар сирек кездесетін археологиялық олжалармен толықты. «Медицинада пайдаланған болуы мүмкін» деген қола ара мен қола қасық табылып, музей қызметкерлері мен археологтарды таң қалдырды. ХІІІ-ХІV ғасырларда медицина  адам өмірін сақтап қалу үшін  хирургиялық ота жасаған деген дерекке аталған жәдігерлер дәлел. Ғажабы, қола ара бүтін сақталған, тұтқасы төмен қаратылып, ұстауға ыңғайлы етіп құйылған. Сабының ұшында зоо­морфты мүсін бейнеленген. Негізгі бөлі­гінің сабына  жақын тұрған  екі жағына да 2 ірі, 3 майда дөңгелекшелер ойылған. Қола ара  майда сүйекті кесу үшін пайдаланылған деген деректі археолог мамандар жоққа шы­ғармайды. Араның ұзындығы 24 сантиметр болса, қашауының ұзын­­дығы 18,5 сантиметр, ені 2 сан­тиметрді құрайды.

Асанастағы жәдігерлер

Қола қасық медицинада  сау­сақтан не тамырдан қан алу үшін пайдаланылған болу керек. Қасық сабының үшкір келуі бекер емес. Ине қызметін атқарды десек, қате­леспеспіз. Қасықтың ұзындығы 14 сантиметрде, ал диаметрі  3,1 сан­тиметрге тең.

Асанастағы жәдігерлер

Қазақта «Шырағың сөнбесін!», «Отың өшпесін!» деген  мәні тереңде жатқан сөз тіркестері бар. Орта ға­сырлық Асанас қаласында әр шаңыраққа,  жарық шашып тұрған шырағдан сан мың жылдардан кейін құм астынан бұзылмай шығып, музейге аман жетті. Үйге жарық беріп тұрған орта ғасыр керамикалық шырағданның оты музей экспо­зиция­сында  қайта жанбақшы. Шырағданның май құятын басты бөлігі бас бармақпен ұстауға ыңғайлы, тұтқасы, пілте жіп салынған ұзын шүмегі бар. Шүмек аузындағы қара күйе  шырағданның пайдаланылғанын байқатады. Шырағданның  ұзындығы 12,2 сантиметр болса, тереңдігі 119 сантиметрге тең, ернеуінің диа­метрі 3,5 сантиметрде, төменгі диа­метрі 4 сантиметр. Жалпы биіктігі – 4,7 сантиметр болады. Керамикалық шырағдан ХІІІ-ХІV ғасырларға мер­зімделеді. Шырағдан от культімен байланысқандықтан  киелі саналады.

Сыр өңірі – адамзаттың қалыптасу кезеңіндегі ескерткіштерден бастап, орта ғасырлық, сондай-ақ сәулет өнерінің ерекше үлгісімен салынған ғимараттарға, тарихи мәдени мұра­ларға өте бай өлке. Соның ішін­де ортағасырлық мәдениеттің гүл­денуіне өз үлесін қосқан Асанас қалашығының алар орны ерекше. Асанас – ортағасырлық тарихи қала. Жазба деректерде моңғол шапқыншылығынан бастап, жауға табанды қарсылық көрсеткендіктен жермен жексен қиратылып, халқының көпшілігі қырылған.       Сырдарияның бойындағы басқа да қалалар сияқ­ты көп ұзамай қайта қалпына келтіріліп, ХІV–ХV ғасырларға дейін тіршілік жасаған. Қызылорда қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 48 шақырымда, Сырдария ауданына қарасты Айдарлы ауылының оң­түстік-батысына қарай 8 шақырым жерде орналасқан.

Қалашықты 1899 жылы В.А.Каллаур алғашқылардың бірі болып зерт­теген, 1946-1961 жыл­дары С.П.Толстов басқарған Хорезм археология этнографиялық экспедициясы  археологиялық қазба-зерттеу жұмыстарын жүргізген. 1968 жылы Іңкәрдария мен Жаңадария өзендерінің ескі арналарындағы ортағасырлық қоныстарды зерттеу мақсатында Хорезм археологиялық отряды Н.Н. Вактурская қалашықта  стратеграфиялық қазба жүргізген. Бертін келе, 2002 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Т.Мәмидің жетекшілігімен археоло­гиялық қазба жұмыстары жүргізілді.

Қорыта келгенде 2020 жылы  Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті жанын­дағы «Археология және этнография» ғы­лыми-зерттеу орталығы жүргіз­ген қазба нәтижесімен аршыл­ған маңызды нысандар консерва­цияланып, табыл­ған жәдігерлер Қызылорда облыстық тарихи-өлке­тану музейінің қорын құнды жәді­герлермен  толықтырды. 

Гүлжанар Оразалиева,

облыстық

тарихи-өлкетану

 музейінің ғылыми қызметкері.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: