Жұма, 26 сәуiр, 02:19

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Бірлікке шақырған Бұдабай

16.02.2021

1977 0

Сыр бойы, оның ішінде шырайлы Шиелі жері ежелден-ақ тарихи шежірелерге бай аймақ екені белгілі. Ұлы дарияның жағалауын бірнеше ғасыр бойы жайлап келе жатқан біздің ата-бабаларымыздың басынан талай қилы кезеңдер, тарихи оқиғалар өтті. Солардың бәрін хатқа түсіріп, халықтың жадында сақтаған кімдер еді?

Әрине, ол қалың жұрттың ортасында өмір кешіп, жақсы мен жаманның парқын ажыратып беретін ақындар болатын. Алайда ақынның ақыны бар. Қашанда шындықтың бетіне тура қарайтын, «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоққа» саятын қағидатқа берік ақын-жырауларымыздың артында ескірмейтін есті сөздері, уақыт шежіресі қалды.

Солардың бірегейі – Сырдың сүлей ақыны Бұдабай Қабылұлы. Қара дом­быраның үнімен, қара сөздің күшімен дау тоқтатқан, ел бірлігін сақтап сыр сүлейі атанған Бұдабай сөзге шебер дарынды дүрдің бірі.

Бала Бұдабай

Ол Шиелі ауданына қарасты Жөлек ауылында 1842 жылы дүниеге келген. Сол ауылда 1912 жылы 70 жасында қайтыс болған. Әкесі – Қабыл момын, қарапайым шаруа адамы. Өзі айрықша қайырымды, тақуа кісі болған көрінеді. Осындай қарапайым отбасында туып-өскен Бұдабай жастайынан ал­ғыр­лық пен зеректік танытып, ауыл молдасынан оқып, ертерек хат таниды. Шығыс ақындарының өлең, дастан­дарын үнемі оқитын. Жастайынан  үй, ауыл арасындағы той-томалақтарда қыз-қырқынға әзіл айтып, айтысып жүрді. Осылайша ақын ретінде таныла бастайды.

Бұдабай өткір, сөзге шебер болған. Оның алғаш ақын ретінде танылуы Қарлығаш деген қызбен айтысынан бас­талады. Жастайы­нан өлең-жырға әуес Бұдабай шығармаларының біразын жа­зып қалдырған. Өлеңдерінің басым көпшілігі ел бірлігі мен татулықты жыр­лауға, бітімге шақы­руға арналған. Кейбір нысапсыз, парақор ел басшыларын сынай отырып, бұрынғы өткен әділ би, кемеңгер шешендердің үлгілі істерін көлденең тартады. Сөйтіп оларды дұрыс жолға салмақ болады (Әлмәмбетке, Әжібай мен Торғайға, Аппазға) тағысын тағы. Оның есімі жоқ­тау жырлаумен де белгілі болған. «Әйекені жоқтау» деп аталатын жыры ел арасына кең таралған, көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Бұдабайдың «Әшірдің баласы Сыздықты жоқтау», «Әлмәмбеттің жалғыз баласы өлгенде» атты туындылары да жұртқа мәлім. Ақынның «Өзім жайлы», «Көңіл», «Өмір туралы» өлеңдері де ел арасында кеңінен айтылып жүр.

Ақынның «Әйекені жоқ­тау» деп аталатын жыры ел арасына кең таралған көркемдігі мен құрылысы жағынан ерекше туынды. Онда:

Әуелі Құдай жаратқан,

Екінші сөзім-Мұхаммед.

Бейнетті басқа бір өлім,

Мұхаммедке болса үмбет.

Жылады деп сөкпеңіз,

Жиналып келген әлеумет.

Ақырын Алла бермесе,

Орнады бізге бір нәубет.

Сақилығы бар еді,

Баязит пенен Бастандай – деп бейнелеген бұл шығармада сол кездегі бір оқиғаға байланысты ел ішіндегі екі ру арасындағы болғалы тұрған қақтығысты болдырмай, руларды ортақ мәмілеге келтірген. Міне, сөз құдіретін ұққанға бөлінгенді біріктіріп, дауды қош, жауды дос қыла алған туабітті қасиетімен өлмес өсиет қалдырған, бітімі ерек, болмысы бөлек Бұдабай ақын жайында айтылар дерек осындай.

Бұдабайға берілген баға қандай?

Тарихқа көз жүгіртсек, Бұдабай есімі көп жерде аталғанымен, оның шығармашылығы жөнінде көп мәлімет кезікпейдi. Сондықтан қазақ энцикло­педияларынан Бұдабай Қабыл­ұлы туралы дерек таба қоймайсыз. Бірақ ол жайлы ХІX ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің бірі деп бағалап, оның шығармашылығы туралы сөз қозғап, қайтадан ғылыми айналымға түсірген зерт­теуші ғалым, қазақ әдебиеті ғылымы­ның көрнекті абызы Әуелбек Қоңырат­баев өз бағасын берген. Бұдабай шығармаларының кең тарай қоймауының себебі оның мол мұрасының сақталып қалмағандығында жатыр. Тек оның жазбалары ел аузынан және Ұлттық ғылым академиясының Әдебиет және өнер институты ғылыми кітапханасынан жинақталып, 1994 жылы  ғана  басылып  шыққан.

Әңгімеміздің басында айтып өт­кендей, Бұдабайдың ақындығы он төрт-он бес жасынан мәлім болған. Ол өлеңді суырып салып та, жазба түрде де шығара беретін болған. Жайшылықта сөзге сараң ақын өзін «өзге сөзден өлеңге ұста Бұдабаймын» деп таныс­тыратыны содан. Бұдабайдың тағы бір қыры ретінде айтыскер ақын болғанын айтуға болады. Оның бірнеше айтысы жазба күйінде де сақталған. Шайыр есімі жоқтау жырларымен әйгілі болғанын да айта кетейік. Осыған орай Бұдабайдың ең танымал туындысы «Әйекені жоқтауын» жоғарыда айттық. Әдебиет тарихын зерттеушілер Бұдабай Қабылұлының Әйеке болысты жоқтауын Үмбетей Тілеуұлының Бөгенбай батырды, Алаша Байтоқтың Жәңгір ханды, Орынбай ақынның Шоқанды, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің Мұса Шормановты жоқтаған жырларына, сондай-ақ Ыбырай Алтынсарин мен Сүйінбай Аронұлы өмірден озғанда айтылған жоқтауларға теңестіреді.

Ақынын ардақтаған елміз

Бір сөзбен айтқанда, бірлік, тату­лық, адамгершілік қасиеттер – ақын­ның толғау-терме, ақыл-нақыл сөз­­де­рі­нің арқауы. Жамандықтан жи­рен­діріп, жақсылыққа ұмтылдырады, мейі­рім­ділікке, сүйіспеншілікке баулиды. Ақын дүниетанымы халқымыздың ежелгі даналық үлгілерімен қабыса байланысып жатыр. Бұдабай өлеңінің өзегі – өз құлқынының құлдығынан құтылған адам ғана елге иелік жасай алады дейтін ежелгі даналық. Тамыры аса терең рухани танымнан тарайтын  Сыр  шайырларының жүйрігі, сүлейлердің сүйрігі Бұдабай ақын шығармашылығындағы елдік сана, ел бірлігі мәселесі бүгінде таусылмайтын, сарқылмайтын қашанда өзекті тақырып. Бұдабай тәлімі – елдік ұстанымды ту ету, ұлы дала төсінде дәстүрі бұзылмаған, іргесі берік ел болып қала беру.

Ақынын ардақтап, атын өшірмей, ұлылығын көрсету келер ұрпақ қолында десек бұл жолдан әсте жаңылмай келеміз.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: