Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 12:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Алашты оятқан «Оян қазақ»

16.10.2021

4790 0

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты, – деп кең даласында алаңсыз өмір сүріп, малын бағып жүрген бейқам халқын оятып, оларды ілім-білімге шақырған ұлт жанашыры Міржақып Дулатұлының ел тарихында алар орны ерекше. Ол – аштықтан зардап шеккендерге көмектесетін алғашқы қор құрған қоғам қайраткері. Оның қазақ әдебиеті мен өнеріне қосқан үлесін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Бір сөзбен айтқанда, Міржақып Дулатұлы ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ зиялыларымен бірлесіп қазақ халқының азаттығы үшін күрескен, ұлт баспасөзінің ұйытқысы болған ірі саяси тұлға, көрнекті қоғам қайраткері.

Міржақып Дулатұлы 1885 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданы, Қызылбел топырағында дүниеге келген. Ол ата-анасынан жастай жетім қалып, ағасы Асқардың қолында өседі. Алғаш рет ауыл молдасынан хат таниды. Кейіннен көзі қарақты, көңілі ояу Міржақып Торғайдағы Ы.Алтынсариннің мұрындық болуымен ашылған 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Қолына ауыл мұғалімі деген куәлік алып, ауыл балаларына дәріс береді. 1904 жылы Омбы қаласына қоныс аударып, ол жерде А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановпен танысады.

Осылайша М.Дулатұлының қоғамдық-саяси қызметі қазақ зиялылары Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытовтармен тығыз байланыста болады. Ол – Алаш идеологиясын қалыптастырушылардың бірі. Қазақ халқының бойындағы ұлттық рухты, сана-сезімді ояту мақсатында, халықтың көзін ашу жолында аянбай күресті. Осы мақсатта «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» газеттері арқылы орасан зор жұмыстар атқарды. Жастарды қоғам ісіне тартуда, олардың ой-санасының жетілуіне қажетті мәдени-ағарту саласында жүргізген қызметтері ұшантеңіз. Міржақып сол кезеңдегі үкіметтің жүргізіп отырған саясатын шенеп, қазақ елінің егемендігі, ел болып жерге, суға иелік ету мәселесі, қазақ шаруаларының мұң-мұқтажы, қоныс аударушылар жайлы газет бетіне мақала, сын, әңгіме, өлеңдер жариялай бастайды. Оның алғашқы үкімет саясатын сынай жазған мақаласы «біздің мақсатымыз» деген атпен 1907 жылы «Серке» газетінде басылады. Ал 1909 жылы Петербургте Міржақып Дулатұлы қазақ халқының көзін ашуға талпынып «Оян, қазақ» деген кітабын шығарады. Ақын «Оян қазақта» патша өкіметінің қазақтардың малға жайлы шұрайлы жерлерін тартып алып, не тіліне, не діліне, не жеріне иелік етуге мүмкіндік бермей, әбден езіп, жаншығаны ашық айтылады. Осы өлеңі арқылы халықтың ауыр тұрмысын ойлап, сынға алады.

Бұл кітап Ресей патша өкіметінің шымбайына тисе керек, артынша, М.Дулатұлы қамауға алынады.

«Оян, қазақ» сол кездегі қазақ зиялыларына ұнады. Қарапайым халықтың да, дін адамдарының да ойынан шыққан. «Оян, қазақтың» елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Алайда патша өкіметі ол кітапты оқуға тыйым салған.

М.Дулатұлының «Оян, қазақ» пен «Бақытсыз Жамал» шығармалары қазақтың жүрегіне жол тапқан алғашқы көркем шығарма болып табылады. Осы кітаптар арқылы қазақтың ішінде ояну, гүлдену, өркениетке ұмтылу деген аңсар пайда болды. Сондай-ақ қазақ қоғамы «Бақытсыз Жамалдың» тағдыры арқылы өз тағдырын елестетті, қазақ қоғамына ой салды.

«Қазақ» сөзі

1913 жылы А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатұлылардың белсенділігімен «Қазақ» атты бейресми газет шығарыла бастайды. Бұл газетте негізінен қазақ халқының қоғамдық мүдделерін көксеген жер, оқу-ағарту, ұлт, дін сияқты маңызды мақалалар жарияланды. «Қазақ» газетінің редакторы А.Байтұрсынов болса, редактор орынбасары, жауапты хатшы қызметін М.Дулатұлы атқарды. Сөйтіп «Қазақ» газеті қазақ зиялыларының басын біріктірді. Бұл арқылы «Алаш» партиясын дайындауда да елеулі жұмыстар атқарды. Қазақтың ұлт зиялыларының алғашқы қадамы, қазақты біріктірудегі, көзін ашудағы, сана-сезімін оятудағы жұмыстар тікелей осы газет арқылы іске аса бастады.

Тарихшы Мәмбет Қойгелдиевтің пікірінше, сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды публицистикасынсыз елестету мүмкін емес.

– Міржақып өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. Елдік сұранысты жақсы білетін журналист болды. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай мазмұнда, сондай биіктіктен көрінуіне меніңше, бірденбір Міржақып Дулатұлына қарыздар. Жалпы Міржақып Дулатұлы қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтерген адам. Біріншіден, қазақ журналистикасын елмен жалғастырды. Қазақ журналистикасына саяси мазмұн, астар беруде Міржақып Дулатұлының орны анық аңғарылады, – деді Мәмбет Қойгелдиев.

Бүгінде Міржақыптың «Елім-ай» өлеңіне тебіренбейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Өлең, мәңгі ұмытылмас халық трагедиясының ескерткіші, әйгілі «Елім-айды» еске түсіреді. Қоғам қайраткерінің әрбір туындысы халықты оятуға, әділетсіздікпен күресуге шақырған өлеңдерден тұрады. Сол себепті де автор көп қудаланып, қуғынға ұшырайды. М.Дулатұлының қазақ әдебиетіндегі құнды шығармасы – «Бақытсыз Жамал». Бұл роман бірінші рет 1910 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Ал екінші рет 1914 жылы, үшінші рет 1991 жылы қазақ оқырмандарымен қайта қауышады. «Бақытсыз Жамал» романы сол кездегі тарихиәлеуметтік шындықты шынайы да көркем бейнелеуімен, авторлық идеяның айқындылығымен өзінен кейінгі қазақ прозасының өркендеуіне үлкен жол ашты. Міржақып осы шығармасы арқылы бұдан кейін жазылған Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Көбеевтің «Қалың мал», С.Торайғыровтың «Қамар cұлу», т.б. романдарына жол ашты. Бұлардың бәрі де сол кездегі аса маңызды әлеуметтік мәселеге арналды. Қазақ ауылының тұрмысы жайында жазылды. Әйелдердің бас еркі, қоғамдағы жағдайы туралы баяндады. Сондай-ақ 1915 жылы «Қазақ» газетіне Міржақып Дулатұлының «Ұлы» ма, «Ов» па? деген мақаласы жарық көрген. Бір өкініштісі, бұл мәселе туелсіздігімізді алғанымызға 30 жыл толса да, әлі күнге өз шешімін таппай келе жатыр.

– Біздің қазақ хат жазып қол қойса, кісі атын жазса, орысшалап кетеді: «Жаманбай Аманбаев» деп жазады. Бұл бізге орысқа қараған соң жұққан мінездің ноғай қотыры. «ов», «ев» деп жазып отырған жігіттердің өздері сөйлегенде, Жаманбайдың өзін ғана атайды. Бұрынғы батырлар да өз аттарымен аталған, не пәленнің ұлы деп айтылған. Сөйтіп, біздің айтайық дегеніміз, «ов»-ты орысқа қайтарып, қазақтың таза тілінің салтын қолдану керек дейміз. Бұдан былай қол қойғанда, не сөз арасында біреуді атағанда «Ахмет Байтұрсынұлы», «Міржақып Дулатұлы» деп жазуды дұрыс дейміз. Мақалаға қол қойғанда, хат жазғанда Ахмет, Міржақып, Қойшыбай деп қана жазса да болады, – делінген мақалада.

Ұлтқа арналған ғұмыр Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі. Ол 1916 жылы бірінші дүниежүзілік соғыс зардабын тартып, қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі. Сөйтіп, Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің жұмысына бел шешіп, білек түре кіріседі. Сонымен бірге 1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алған да Міржақып Дулатұлы пен Жүсіпбек Аймауытовтар еді. Олар осы іске басшылық жасап, бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елге үлестірген.

«Қазақ» газетінің беттерінде алуан-алуан саясиәлеуметтік мәселені көтеріп, қазақ елі туралы тынбай жаза бастады. Осылайша «Оян, қазақ» деп ұран салды. «Жастарға» деп жаңа жолдан жыр бастады. Өмірдің мән-мазмұны оқу-білім, өнерде екенін баса айтты. М.Дулатұлы отарлық езгінің ошағында қалып бара жатқан қазақ елі үшін көп алаңдады. Бір сөзбен айтқанда, елі үшін отқа түсуді Міржақып міндет-борышы санады. Ақынның әрбір шығармасы өмірдің өзекті мәселесін өзек етті.

Қызылордадағы үш жыл

Міржақып Дулатұлы 1925-28 жылдары Қызылорда астана болып тұрған кезде Селеверстов 17-ші үйде тұрған. Осы жерде өзінің көптеген әдеби туындыларын өмірге әкелген. М.Дулатұлының отбасында қазақтың сол заманының белгілі зиялылар тобы, небір майталман ақын-жазушылары мен жезтаңдай әншілері қонақта болып, осы үйден дәм татып, мәжіліс құрса керек.

Атап айтсақ, Нәзипа Құлжанова, Ілияс Байменов, Әліби Жангелдин, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Садуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әлібек, Әуелбек Қоңыратбаевтар қонақта болған. Бұл туралы М.Дулатұлының қызы Гүлнар Міржақыпқызы естелік кітабында: «Біздің үйде болған кісілерді сағынышпен есіме түсіріп, көз алдымнан өткізіп, тізімін жазып шыққанымда, есімде қалғандары ұзын саны – 114тен астам екен», – деп еске алады.

1924 жылы Орынборда «Қирағат кітабы», Қызылорда да «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көреді. Кейін бұл оқулықтар үш-төрт жыл бойы жыл сайын басылып тұрған. Ал енді осыған журналистік, аудармашылық қызметті қоссақ, тынымсыз еңбекпен өткен ғұмырын айқын елестетеміз.

Мәселен, бір ғана 1925 жылдың өзінде В.Лениннің «Жаңа үнем саясаты», «1905 жыл төңкерісі» атты еңбектерді аударып, Қызылордада бастырып шығарады. Сондай-ақ 1926 жылдан бермен қарай жарық көрген қазақ кітаптарының библиографиялық көрсеткішін әзірлеген.

Міржақыптың ақындық шеберлігі

Міржақыптанушы, тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметовтің зерттеуінше, Қазан төңкерісі қарсаңындағы қазақ поэзиясының шоқ жұлдыздарының ішінде Міржақып есімі ерекше.

– М.Дулатұлы Мағжан сынды ұлы ақынның ұстазы, тәлімгері ғана емес, сонымен қатар поэзиясына өмірді жаңаша тану мәнерін әкелген баллада сияқты көп салалы жанрлық түрлерін дамытуға орасан үлес қосқан ақын. Міржақыптың поэзиясы күрделі де көп қырлы. Ол бірде махаббат романтикасына бой ұрса, енді бір өлеңдерінде уақыт жүгі, заман талабы, халықтың мұңзарын арқау етеді. Ол өз дәуірінің теңдесі жоқ көркемсөз шебері, орталық езгіге қарсы күрескен қоғам қайраткері. Міржақып туралы өзінің төл шәкірті, ізін басар сенімді рухани тамырлас інісі, ғажайып лирик ақын Мағжан Жұмабаев жүрек жарды лебізін арнай келіп, «Міржақып қазақтың ұлы азамат ақыны, көсемсөз шебері». Сондықтан:

Келешек күнде қағазға,

Алтынмен жазар атыңды.

Құшақтап сүйер, қағазда,

Көрсе жазған хатыңды, – деп нық сеніммен болашаққа үндеу тастауы тегіннен тегін емес еді, – деді өз зерттеуінде.

Міржақып Дулатұлы 1928 жылы желтоқсан айында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесілді. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеген Міржақып Дулатұлы 1935 жылы осы лагерьде ауыр науқастан көз жұмған.

Алаш қайраткерінің айдауға кетерінде қызы Гүлнәр Міржақыпқызына «Есің кіріп қалды ғой сенің, Гүлнәрім. Мамаңа сүйеніш бол. Сабағыңды жақсы оқы. Біздің істеген ісіміз ақ болады. Соған сенемін. Мықты болыңдар» деп айтқан екен.

Расында, 1988 жылдың 4 қарашасында Республика Жоғарғы соты қылмыс құрамы болмағандықтан Міржақып Дулатұлын біржола ақтап, шешім шығарды. Бір айта кетерлігі Міржақып Дулатұлы дәл Гүлнәр қызының туған күнінде ақталған. Міржақыптанушы Марат Әбсеметов 1990 жылы жанкешті іздену мен саяхат барысында Ресейдің қиырындағы Соловки аралындағы Карелияның Соловецк поселкесінен ақынның қабірін тапты. Бірнеше зерттеу-сараптама негізінде мүрдесінің дәлдігі тұжырымдалды.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: