Жексенбі, 22 желтоқсан, 12:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Ана тілін құрметтеу – әр қазақтың парызы

04.09.2021

3774 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты осы жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Бұл салада айтарлықтай нәтиже бар. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналуда. Жалпы мемлекеттік тілді қолдану аясы кеңейіп келеді. Бұл – заңды құбылыс, өмірдің басты үрдісі. Сондықтан қазақ тілінің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ. Атазаң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі», – деп атап өткен болатын. Расымен тіл тағдыры – ұлт тағдырымен еншілес егіз ұғым.

Осыдан біршама жыл бұрын жол жүру қамымен теміржол бекетіне барғаным есімде. Содан касса алдында кезек күтіп тұрғанмын. Кенет екі әйел арасында талас шықты. Бірі – қазақ, екіншісі – түрік ұлтының өкілі. Өзіміздің апамыз дес берер емес. Сонда әлгі апай: – «Сен орысша былдырламай, әуелі өзіңнің ана тіліңде сөйлеуді үйрен. Содан соң өзгеге ақыл айтарсың. Ұлтқа тұтқа болатын ұл-қыз тәрбиелейтін ақжаулықты аналар өз тілінен безінсе басқаға не жорық?» дегені әлі күнге көңілімнен кетер емес.

Тіл туралы сөз қозғалса осы жағдай ойыма оралады. Тіл – терең тақырып. Ол қылыштай – өткір, қылдай – нәзік. Оған ұлт болып ұйысып, жұмыла қызмет жасауымыз қажет. Тіл – тәуелсіздік тірегі. Адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы. Қазақ тілінің қолданыс ауқымы әлде де кемшін түсіп жатқаны жасырын емес. Мемлекеттік тіл тәуелсіздігіміздің жырын жырлап, бұғанасын бекітіп, қанатын қатайтты. Тілдің беделін көтеру, арын арлап, жоғын жоқтау, олқысын толтыру өз қолымызда. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы: – Ұлттың сақталуына да, жойылуына да себеп болатын ең қуаттысы – тіл. Тіл тазалығы дегеніміз – ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау», – деп меңзеген болатын. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деген Елбасы сөзін де есте ұстанғанымыз абзал.

Қазақ тілі – сөздік қоры өте бай, орамды, көркем тіл. Қазақ халқы ғасырлар бойы жасаған асыл мұраларын ұрпақтан-ұрпаққа ана тілі арқылы табыстады. Сондықтан ана тілін білмей, ұлттық мәдениетті жете меңгеру әсте мүмкін емес. Қазіргі жаңартылған бағдарлама талабына орай үш тілділікті меңгеру заман талабы екені айтылуда. Жеті елдің тілін біл, жеті түрлі ілім біл. Жерде қалмайсың, жаман болмайсың. Кезінде Шыңғыс хан қол астындағы нөкерлеріне «Ешкімді менің тілімде сөйлеуге мәжбүрлемеймін. Өйткені ол әркімнің өз еншісінде. Мысалы, көктегі ұшқан қаншама құс бөлек-бөлек сайрайды. Ол жаратушының құдіреті» деген еді. Қандай парасатты пайым.

Біздің мемлекетімізде де барша ұлт пен ұлыс өкіліне өз тілінде сөйлеуіне еркіндік берілген. Бұл да біздің еліміздегі демократиямыздың дәлелі. Тіл – мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының көрінісі. Тіл қай елде, ұлтта болсын қастерлі, қасиетті, құдіретті. Қазақ тілі қазақ халқының ана тілі. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей. Тілі – сау, жүрегі – аман қазақ қайда?! Тілі таязданған елдің ертеңі бұлыңғыр емес пе? Сондықтан елдігіміздің мәні, тәуелсіздігіміздің мұраты саналатын тілімізді тұғырынан тайдырмау керек. Бұл жерде бізге ұлтжандылық керек. Бұл жерде ғана емес-ау, кез келген қоғамдық орында ол дүкенде де, базарда да, шаштаразда да қайда барсақ, сол жердің бәрінде өз тілімізді талап ететін нағыз азаматтық көзқарас қалыптастыру керекпіз. Тілсіз ұлттық тәрбие берілуі мүмкін емес. Тіл бар

жерде ғана тәрбие де, дәстүр де болмақ. Қорқыттың қобызына, Дәулеткерейдің домбырасына үн қосқан тілімнің тілім-тілімі шықпауы керек.

Қазіргі таңда әдебиет те, мәдениет те, баспасөз, радио, теледидарымыз да қазақша сайрап тұр. Бұл – тіл мәртебесінің асқақтағаны. Тіл саясатының нәтижесі. Ана тілі – әрбір азаматқа ананың сүтімен, атаның қанымен берілетін қасиет. Сәби де өз тілінде іңгәләп жылайды. Міне, нағыз құдірет деп осыны айт. Ана сүтімен бойға сіңген қасиеттер туған тілдің арқасында дамиды. Туған тілге деген құрмет пен сүйіспеншілік бала кезден басталады. Айнала да адамдарға, өскен ортаңа, Отанға деген ерекше сезім мен көзқарас туған тіліңді танудан басталады. Тіл – халықтың рухани, мәдени құралы. Баға жетпес асыл мұрамыз. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Адамзат қолындағы барлық асыл зат тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат құндылық.

Мағжан Жұмабаев «Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады» дегені бар. Әркімнің өз ана тілін құрметтеуі ана сүтін өтеуі ғана емес, қоғам алдындағы азаматтық парызын ақтау, сол арқылы елдің елдігін сақтау болып саналады.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: