Бейсенбі, 26 желтоқсан, 18:32

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Азаттық – адамзаттың арманы

31.10.2021

1786 0

1991 жылғы тәуелсіздіктің алғашқы кезеңі әлі есте. Бұған дейінгі бір қоғам күйреп, екінші жаңа қоғам есіктен ентелей еніп жатқан тұстағы ел басындағы қиындықтар әлі күнге дейін көз алдымда. Ескі үйді бұзып оның орнын тазартып жаңа үй салып жатқан сияқты едік. Артық кеткен, кемшін түскен тұстарымыз да аз болған жоқ. Себебі осы кезеңде біздің босағамыздан базарлы нарық деген бұрын-соңды құлағымыз естімеген ұғым тосыннан енген. Біз әуелгіде бұған тосырқай қарадық. Елде жұмыссыздық белең алды. Әйелдер қауымы Қытайдың ала сөмкесін арқалап, пойыздан-пойызға жүгірді. Бұл – еркектер жағының қазанға, қыз-келіншектердің базарға қарап қалатын кезі.

Жетпіс жыл өмір сүрген қоғамның жиған-терген дүниесі талай пысықайлардың қолында кетті. Қоғам мүлкін жекешелендіру басталды. Бұл нағыз тоқсаныншы жылғы тоқыраудың бас ауыртып, балтыр сыздатқан тұсы болатын.

Сұм көремін сұғанақ айналамнан,

Мұң көремін көзінен шешелердің…

Сол жылдары қалың елмен бірге қалам ұстаған қарапайым менің де қабырғам қайысты. Таршылықтың тауқыметін тартым. Бір жағынан ақын қылып жаратқан тағдырыма ашындым. Мына жыр жолдары сол жылдары қағаз бетіне түскен еді.

Хатшы түгіл имеген ханға басын,

Сараң тағдыр ақыннан неңді аласың?!

Мені қылған мұңлық ей, құдайым,

Мынау тосын заманның бер бағасын!

Бұл енді сол жылдардағы әр ақынның басындағы ауыр жағдай болатын. Ал мен сол көпшіліктің теңіз тамшысындай бірі ғана едім.

Шүкір, біртіндеп ел етегін жапты, еңсесін тіктеді. Заманның беті бері қарай бастады. Әуелгіде елде бір құбыжық көргендей шошына қарасқан базарлы нарық ұғымына жұрт үйренді. Тек қымбатшылық қамыты қарапайым халықты қыса бермесе екен. Тоқсаныншы жылдары азаттықпен бірге алақайлап төрімізге жайғасқан төл теңгеміз құнын жоғалтпай жұртымыздың қажетіне жарады. Отыз жылда Отанымыз өрге басып, ордамыз өркениетті әлем елдерінің көшіне қосылды. Арқа төсіне қоныс тепкен Астанамыз күн санап, жыл санап асқақтап, Алатау етегіндегі ару Алматымыз ажарына ажар қосып келеді. Мұндай мысалды алыстан іздемей-ақ өзіміз өмір сүріп жатқан Сыр бойындағы сұлу шаһарымыз – Қызылорда қаласының келбетіненде көруге болады.

Тәуелсіздік табалдырықтан аттағалы мұндай жарқын көріністі, келелі кемел істерді ұлтымыздың басым көпшілігі айрандай ұйыған кез келген ауылдардан айқын көруге болады. Мысалы, мен оны осыдан 5-6 жыл бұрын сол кездег облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухамановпен бірге Қармақшы ауданындағы ардагерлер кеңесінің көшпелі іс-шарасына қатысқанда көз жеткіздім. Осы аудандағы Жаңажол елді мекеніне тап сол сапарда араға отыз жылдан астам уақыт салып табаным тигенде құдды ертегілер еліне тап болғандай болдым. Келбеті керемет өзгерген жаңа орталық алаң, «Бәйтерек» мұнарасы, уақыт талабына сай салынған жаңа білім ордасы, мәдениет үйі, көркіне көз тоймайтын тұрғын үйлер көрген көзге қуаныш отын ұялатты.

Кең байтақ қазақ елі тәуелсіздік байрағын желбіреткелі отыз жыл. Ендігі жерде еркін елдің жастарына берекелі тірлік, мағыналы ғұмыр, терең білім, Сыр бойы халқына баянды бақыт тілеймін.

Өркениет өзіңе таяп келем,

Дүниені дүр сілкінтіп оят керең.

Ертеңіңді ел көрсін ерен ғажап,

Желкеніңді жел керсін ей, ақ кемем!

Толыбай АБЫЛАЕВ,

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Жарасқан Әбдірашев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: