Жұма, 27 желтоқсан, 01:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Көзді атадан көзім көрді

14.09.2021

5022 0

«Алла шебер ғой. Көзім көрді. Дәл осылай қуанғаным әлі есімде… Біраз жылдан бері көз ауруына ұшырап, соңында көзім көрмей қалды. Қаралмаған дәрігерім қалмады. Содан бір күні оңтүстік жақта Көзді ата әулиенің кесенесі барын естідім. Осы қасиетті жерге тек аты айтып тұрғандай көзі ауыратындар баратынын білдім. Бар ойым сол жаққа бару болды. Отбасыма апаруымды өтіндім. Әйтпесе өздігімнен бара алмайтыным анық. Сөйтіп анам, келіншегім үшеуіміз жолға шықтық.

Киелі жерді табу қиынға соқпады. Жолымыз болып, шырақшысын да кездестірдік. Шынымды айтайын, бір рет басына барып, шырақшы дем салғаннан кейін көптен бері көрмеген көзім жарық сәулені көре бастады. Ол күннің көзі екен. Алғашында сенбедім. Іштей қатты тілеген соң солай елестеп кеткен болар деп ойладым. Ақырындап жанымдағы анамның, келіншегімнің жүздеріне қарадым.

Жо-жоқ, көзім көріп келеді. Содан қарама-қарсы отырған шырақшыны да анық көре бастадым. Сол сәтте ғана есімді жинап, қуаныштан айқайлап жіберіп, орнымнан атып тұрдым. Тұрдым да, шырақшыны қатты құшағыма қыстым. Одан кейін тек жылай бердім. Тіпті көзімді қайта жұмуға қорықтым. Қайта жұмсам, көзім көрмей қалатындай… Бұған куә болған анам мен келіншегімнің қалай жылағанын айтпай-ақ қояйын. Енді ауылға баруға, жақындарыммен жақсы жаңалығымды бөлісуге асықтым. Әйткенмен басында көбі сенбеді. Өйткені аяқ астынан болған Тәңірдің тосын сыйына өзім де сенбедім. Бірақ шүкір, көзім көріп кетті. Бастысы, сенім екен», – дейді әулие басына барып, дертінен айыққан кейіпкеріміз Ілияс Ахметұлы. Әңгіме барысында бізбен қуанышымен бөліскен Ілиясты одан әрі тыңдауға тырыстық.

– Содан кейін ол жерге қайта бармадыңыз ба?

– Әрине, бардым. Сол сәтте-ақ шырақшы Тағай ата «Шамалы күн өткен соң әулие басына келіп, бір малды құрбандыққа шалып, құран бағыштап кетерсің, балам. «Өлі разы болмай, тірі байымас» деген бар. Шынайы сеніп келіпсің. Ниетің бірден қабыл болды. Әуелі Алла, содан кейінгі себеп – Көзді ата. Осыны ұмытпа» деген сөзі әлі жадымда.

Бірінші әулие басында, содан кейін өз шаңырағымда құран оқыттым. Шынымды айтсам, әлі де сенбей жүрмін. Қазір көзі ауыратындар өте көп. Менің айтарым, осы жерге барып, ниет етсе, Алла тілектерін берер деген үміттемін, – деп жауап берді кейіпкеріміз.

КӨЗДІ АТА КІМ БОЛҒАН?

Аңыздарда Көзді атаның есімі – Сейіткерім қары. Шамамен 1714 жылдары өмірге келген. 104 жас өмір сүрген, ислам дінін насихаттап, егін егіп, елді ашаршылықтан аман алып қалған екен. Көзді ата әулие жерленген жердің дәл іргесінде үлкен қазандық орын бар. Бұл – әулие бұлағының орны.

Оңтүстік тарихи тағылымды, шежірелі өңір екені оның жер-су аттарынан да байқалады. Соның ішінде Қазығұрттың өзі киелі атау, қасиетті жер екендігі белгілі. Бағзы замандардың бірінде осы Қазығұрт тауын әрі әулие, әрі емші адам мекендепті. Ол емші болғанда көз ауруын ғана жазады екен. Сондықтан зағип

болғандардың барлығы осы емшінің дақпыртын естіп, дертінен айығу үшін арнайы іздеп келіп, емделіп жүріпті. Бір ғажабы, шын ниетімен емделуге келген сырқаттардың барлығы айығып кететін көрінеді.

Көзді ата қайтыс болып, оқылған Құран аяқтала бергенде жұрттың үрейін тудыратындай тосын дыбыс шығып, сол арадағы қатпар тастар қозғалғандай болады. Кенет тастардың арасынан тесік пайда болып, артынша сарқырап су ағады. Судың молдығы мен оның ағысының жылдамдығы соншалық, әп-сәтте сай-сала суға толып, егіске қарай арна салып аға бастайды. Көзді атаны жерлеуге келген дүйім жұрт қабір басынан жоғары шығып, «Әттеген-ай, әулие баба су астында қалатын болды ау» деп өкініш білдіріп тұрып қалыпты. Бірақ су әулие жерленген қабірдің дәл басынан шыққанымен, қабірді айнала ағады. Мұны көрген халық «Ол – атаның әулиелігінен, кереметтілігінен» деген болжамға келеді. Ал сол бұлақ суынан ішіп, беті-қолын жуған адам көз ауруынан құлан-таза айығатын болған. Сөйтіп халық бұл бастауды «Көзді ата бұлағы» деп атап кеткен.

ӘУЛИЕ БАСЫНА БАРҒАНДА…

Жалпы дүйім жұртқа белгілі Көзді ата әулиенің кесенесі Төле би ауданы, Ақбастау ауылында орналасқан. Кесенені салдырған – Төрехан Оспанқұлұлы Оңғар тегі. Мұнда келушілер қатары үзілген емес.

Біз де кешкілік жолға шығып, қасиетке толы Қазығұрт тауының бөктерінде жатқан әулие басына бардық. Кесене айналасында бұлақ ағатын жер мен кішкене ақ үй көзге түсті. Бұлақтан жұрт су ішеді. Себебі суының өзі шипалы екенін білеміз. Ал шағын үй әулие ата басына қонатындарға арналған екен. Сонымен қатар Көзді ата кесенесіне қарап, келгендерге дем салып, құран оқып, әулие жайлы айтып отыратын Тағай Сейітжаппарұлы есімді шырақшысы бар. Көпті көрген, ұл-қыз тәрбиелеп отырған, ислам дінін ұстанған, аузынан Алласы, қолынан тәспісі түспеген салиқалы кісі екені бірден сезілді.

– Менің бұл қасиетті мекенге шырақшы болғаныма 12 жыл болды. Соның ішінде жетінші шырақшымын, – деп бастады әңгімесін қария. Ол кісінің әңгімесі баршамызды одан сайын қызықтыра түскендей…

– Сонда шырақшыларды бұл жаққа кім дайындады?, – деп сұрадық біз де.

– Оны атамыз өзі дайындайды. Мен өзімді өмірде шырақшы боламын деп ойламадым. Әулиеден аян келеді. Сөйтіп ақырындап осы жолға дайындаласың, – деп қайырды.

– Тағай ата, осы жаққа келіп, көзі көріп кеткендер жайлы естідік. Қаншалықты рас?

– Иә, ол рас. Егер келген адамда сенім мықты болса, ниеті міндетті түрде қабыл болады. Кейбірі сенбей келеді. Ондай адамдарды сезіп тұрамын. Айталық, 12 жылдың өзінде 11 адамның көзі көрді. Қасиетті жерде отырып, өтірік айта алмаймын. Оған хақым да жоқ, – деді шырақшы.

– Келген адамдарды сезіп тұрамын дедіңіз, иә?, – деп тағы сұрақ қоя бастадық.

– Сезетінім рас. Күніне 100-ге жуық адам келеді. Әркім әртүрлі ниетпен. Бірі жазылсам екен деп, енді бірі мүлдем сенбей келеді. Оған қоса ниеті қара жандарды да жиі кездестіремін. Тіпті кейбірі жәй ғана қызығушылық үшін немесе көреалмаушылықпен келетіндері де бар. Олардың аурасы кәдімгідей сезіліп тұрады. Бірақ қанша біліп тұрсам да ешнәрсе демеймін. Себебі маған әулие айтқызбайды. Өйткені әркім өз ниеті үшін өзі жауап береді, – деді Тағай ата.

Шырақшы айтқандай, әулие жатқан жер тылсым күшке ие. Бұл жаққа түнеген адам әртүрлі жануардың дыбысын естіп, тіпті бейнесін көре алады. Бастапқыда кез келген адамға қорқынышты болуы мүмкін. Алайда елестер де, дыбыстар да еш зияны жоқ. Міне, киелі кесененің тағы бір қасиеттілігі.

Тілші түйіні:

Көзді ата әулие басындағы ауаның өзі ерекше. Салқын самал есіп тұр. Бұлағының мөлдір суы әрбір дертке шипа. Оған қоса талай жылдан бері көз ауруына шалдыққандар ешбір отасыз сауығып кететін кереметтілігі бар. Оған біздің де көзіміз жетті.

Расында, қазақ жерінде осындай киелі мекендер көп-ақ. Алдағы уақытта тұрақты айдарымыз бойынша басқа да қасиетті жерлерді жазатын боламыз, күтіңіз…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: