Бейсенбі, 10 қазан, 09:45

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

КҮНДЕЙ КҮЛІМДЕГЕН КҮЛСІН

23.02.2021

12537 0

Мен бұл жанды әлеуметтік желі арқылы танимын. Бала кезден дертпен күрессе де еш мойымаған қайсарлығы, оның белсенділігі, өмірге деген құштарлығы ұнайды. Жақынырақ танысып, ол жайлы қалам тербеп, мақала жазғым келді. Сәті де түсті. Мекен-жайын сұрап алып, фототілші әріптесім Нұрболат Нұржаубай екеуміз қаладағы Жаппасбай батыр көшесіне қарай бет алдық.

«Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деген дана шайырлар. Менің кейіпкерім жақсылар қатарынан. Жаны нәзік бола тұра ауыр мұң кешсе де жауға берілмеген Әлия мен Мәншүктей қайсар мінезді Күлсін Арзымбетова да туабітті белгісіз дертпен өмір бойы айқасып келеді. Бүгінде оның алға қойған айқын мақсаты бар.

Бізді Күлсін апайымыз үйіне шақырды, ұсынысын қуана қабыл алдық. Есікті арба­да отырған кейіпкеріміздің өзі жылы жүзімен күлімдеп ашып, қарсы алды. Міне, осылайша өмірдегі таныстық басталды.

– «Жығылғанға жұдырық» дегендей 7 сынып оқып жүрген кезімде қатты тұ­мауратып, соның салдарынан құлағым естімей қалды. Онсыз да дүдәмал күйде жүрген мен үшін бұл да оңайға соқпады, – деп кейіпкеріміз өткенге сәл шолу жасады. Дегенмен бізге Күлсін апайымызбен әңгімелесу еш қиынға соқпады. Тек оған қарама-қарсы отырып, ақырын ғана сөй­лессеңіз болғаны. Ол еріннің қозғалысы арқылы екінші адамның не айтып отыр­ғанын біле қояды.

Ерекше жаратылған жан

1968 жылдың қысында көпбалалы отбасы Камарадин Арзымбетов пен Балапан Жұмабайқызының шаңырағында қыз бала дүниеге келеді. Ол ерекше болып дүниеге келді. Есімін молда болған атасы ҮмбіКүлсін деп қояды. Азан шақырып қойған есім адам өміріне әсер етеді емес пе… Осы күні көпшілік оны Күлсін деп атап кеткен соң ба айналасына тек күлкі сыйлап отырады.

Өмірге келген тірі жанды әртүрлі сынақ күтіп тұрады екен. Біздің кейіпкеріміз де туабітті жүру мүмкіндігінен айырылған ару. Ол да айналасына қарап, жер басып жүргісі келді. Бірақ оған еш мүмкіндік болмады. Алла солай сынады. Күлсін апайымыз тағдырына бойұсынды, қабыл алды.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз: «мүмкіндігі шек­теулі жандар екіге бөлінеді. Туабітті және кейіннен болған дерт. Мен туысымен осы дертпен келемін» деді жанары жасқа тола… Мына пұшайман тірлік кешіп жүргенде жанына барып «шуақ нұрын сыйлаймын» деп ойлайсыз. Адам өмірде «аңсаған армандарына неге жете алмайды екен?» деп тағы ой кешесіз. Сөйтесіз де қос қанатымен су сепкен қарлығаштай бола алмадым-ау деп өкінесіз. Өйткені сіздің көз алдыңызда сол бір жанның мұңлы жанары қадала, бір жақсылық күтетіндей қарайды. Иә, мен де дәл сол кезде сондай сезімде қалдым…

Бірақ ол мен үшін мүмкіндігі шектеулі емес, шектеусіз, мықты жан. Неге десеңіз, он екі мүшесі сау, аяқ-қолы балғадай кей жандар өмірдің болмашы сынағынан сүрініп, баз кешіп жатады. Олар әуел бастан Хақ Тағала адамзат баласына тіршілікпен қоса түрлі қиындықты да тарту ететінін түсіне бермейді. Сондықтан да көбі маңдайына жазылған сынақтың ырқына көніп кетеді. Ал тек мықтылар ғана тағдырдың тартуына тура қарап, бас имейді, кездескен түрлі кедергіні жеңуге тырысады. Күлімдеп отырып күреседі. Міне, Күлсін апамыздың да мықтылығы осында.

Жылады, жылағаны орынды. Себебі онда мықты жүрек бар. Әйткенмен жылағанын ешкімге көрсетпейді. Анасының құрсағынан шыққанда екі аяғы да жансыз, ата-ана, бауырларының қолында, одан бойжете келе арбада отыруды көз алдыңызға бір сәт елестетіп көріңізші… Бір байқағаным, көз жасын бірден сүртіп, артынша қайта күліп, әзілге толы әсерлі әңгімесін жалғастырып кетеді. Сондай сәтте бұлттың артынан жарқырап күн шыққандай болады.

Кластастар, қайда?

Балалық шағында ол көп уақытты кітап оқумен, жазуды үйренумен өткізді. Есік алдында ауыл балалары асыр сала ойнап жүрсе, кейіпкеріміз кітаппен дос болды. «Әлі есімде Абай атындағы №130 орта мектебімнің бірінші сыныбына барғанда жанымдағылар таяқша салуды үйреніп жатқанда жазуды білетін менің ішім пысып кететін. Себебі оқуды бәрін ерте үйреніп алған едім» дейді күліп.

– Мектепке барғанды қаладым. Әйтпесе біз секілді жандарды үйден оқытады емес пе… Ал мен оған көнбей, арбамен өзім баратынмын. Ауылдағы көше шегеқұм. Арбаның дөңгелегі жүрмей қалатын. Сондай сәттер бастан өтті. Десе де, ол да өзінше қызық мен үшін, – дейді Күлсін апай күлімдеп. Расында да, ол білім алуға құштар болды. Арбамен отырса да ортамен араласуды, көпшілікті ұнатты, ұялмады. Мұның өзі үлкен ерлік. Себебі ол өзін жеңе білді.

«Жақсыға жақсы жолығады» дегендей Күлсін апайымызға тек жақсылар кездесті. Сыныптас достары жақсы көрді. Тіпті достар арасындағы той-томалақ біздің кейіпкерімізсіз өтпейді. Ортасында сыйлы, өзінің орны бар Күлсін апайымыз да бізбен талай қызықты оқиғасымен бөлісті. Осындай сыйластық әлі күнге дейін үзілген емес. Әңгіме арасында білім нәрімен сусындатқан Мәдина Жағыпарова, Мағрипа Әлібекова есімді ұстаздары мен марқұм болған Тынымкүл Байжанова апайына алғысын айтты.

Тоқымашыдан тігіншілікке жол

Кейіпкеріміз қолөнерге жақын. Бос уақытын текке өткізгісі келмейді. Бастапқыда ол тоқыма тоқумен айналысты. Білесіз бе, біле білген адамға тоқыма терапиясы оң әсерін тигізеді.

– Қолөнердің бұл түрінің жүйке жүйесі мен ми жұмысын жақсартатынына өз ба­сым көзім жеткен. Себебі тоқыма тоқу – шығармашылық жұмыс бол­ғандықтан, артық ойдан ары­лып, көңілің ауады. Тоқудың тәсілін ойлап, оның ішіне қалай еніп кеткеніңді де бай­қамай қаласың. Жан-жа­ғыңды ұмытасың. Бар на­зарыңды соған аударып, жа­ның тынышталады, – дейді тағдыр сынағына мойымаған қолөнерші бізбен әңгімесінде.

Оның айтуынша, тоқыма тоқуға айтарлықтай шеберліктің, қанмен келер ісмерлік қабілеттің де қажеті шамалы. Тек адамда үйренуге деген ынта мен төзімділік, шыдамдылық қасиет болса, жетіп жатыр. Өйткені біздің кейіпкеріміз де өз бетінше іс тігіп, текті өнерден қуат алып, кәсібін өрге домалатып отырған талапты жанның бірі.

Ол қол қусырып отыруды жаны сүймейді. Ел қатарлы еңбек етуді ойлайды. Тоқымадан соң тігіншілікті үйренгісі келген Күлсін апайымыз Үржамал Дүйсеналиеваның үйірмесіне қатысуды жөн  санайды.

– Ең алғаш үйірмеге келіп, керекті заттарды түгендеуден бастағаным есім­де. «Даму» қоры тігін ма­шинасын берген болатын. Бірақ қалай пайдалану ке­рек­тігін білмеймін. Ине, жіп, мата ешқайсысы түгел емес. Оның үстіне үйдегі қайшым да өтпейді екен, – деп кейіпкеріміз бір күліп алды бізбен бірге. Қызықты бас­талған кәсіп бүгінде жалғасын табуда. Осы күні ұзатылатын қыз жасауына қажетті көрпеше, жастықтарды қазақы оюмен ке­лістіріп тігеді. Бір байқағанымыз, тігу сәтінде жылдам қимылдайды. Сүйікті ісіне әбден машықтанып ал­ған. Түрлі көрмелерге, қолөнер­шілер жиынына қатысып, жүл­делі орындарға ие болып жүр. Күлсін шебердің тұрақты тұтынушылары баршылық. Бағасы да қонымды.

Күлсін апайымыздың тынымсыз бұл тірлігі он екі мүшесі сау бола тұра екі қолға бір күрек таппай сенделген кейбір жандар үшін үлкен өнеге болары сөзсіз дедім іштей…

Шебердің шаңырағында

Бірнеше жыл бұрын біздің кейіпкеріміз ден­саулығына байланысты үкімет тарапынан жаңа үйге қол жеткізді. Жақсы адамның үй іші жылы, жарық, жинақы екені көзге түсті. Сондай-ақ бөлме гүлдерін өсіргенді ұнатады екен. Үйдің аурасы өзі секілді жайлы сезілді. Әрбір нәзік жандар секілді тазалықты, әдемілікті жаны сүйетінін байқадық.

Бір кезде ас бөлмеге кірді. Қазақ қонақжай халық емес пе… Әңгіме арасында арбасымен жүріп, тәтті шәйін қойып, дәмді асын пісіріп үлгерді. Құдайдың құдіретін қараңызшы, екі аяқтан қалса да екі аяғы барлармен бірдей әрі шапшаң қимылдайды. Жоғарыда тұрған ыдысты таяқпен алып, күндегі тірлікке қалыптасып үйренген. Тіпті менің көмегімді де керек етпеді.

– Көңіліңе рақмет. Сен қонақсың, отыра бер. Алла берген өмірде адам маңдайына жазғанын көреді. Соны қабылдап үйрену керек. Соған қарай бейімделу қажет деп ой­лаймын. Қо­лымнан ешнәрсе келмейді, жүре алмаймын деген бол­майды. Талпыну қажет, – дейді дастарқан басында.

Негізі Алла тағала «мұ­сылманның душар болған ауру, шаршау, дерт, қайғы, тіпті уайымдаған уайымы арқылы кейбір күнәларын кешіреді» дейді. Бұған қоса душар болған  ауруы мен өмірде кездесетін түрлі қиыншылыққа сабыр ете білген адамның бір сағаттық ғиба­датына, тіпті бір минуты бір күндігіне тең болады екен. Осылайша қысқа ғана өмірдің берекеті тасып, ғұмыры ұзара түседі. Әрі сабыр ету арқылы өзге жандардың түні бойы намаз оқып ала алмаған сауабына кенеледі. Демек сынаққа сүрінбей, тек жақсыны ойлаған біздің ақжүректі кейіпкеріміз мол сауапқа кенелсінші дегіміз келеді.

Тілші түйіні:

Бүгінгі Күлсін Арзымбетова қандай?

Ол жалғыз емес. Шүкір. Оның жанынан әркез қамқор бауырлары, тілеулес достары табылады. Сонымен қатар қызы, үш немересі бар бақытты ана, жас әже болып отырған жайы бар. Сондай-ақ тоқыма, тігін секілді күнделікті айналысатын сүйікті ісі мен шеберді іздеп тұратын тұтынушылары да баршылық.

Күлсін апайымыздың айтуынша, бұл шағын ауданда көбіне қоғамның әлсіз топтары тұрады екен. Ал біз керісінше мұнда біздің кейіпкеріміз секілді өмірге құштар жандар тұрады деп айтар едік…

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

Суретті түсірген Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: