Отбасы – өнегенің өзі,тәрбиенің көзі. Оттың басында бойыңа сіңген тәлім-тәрбие бүкіл бітім-болмысыңды айшықтайды. Қазақтың тәрбиесі қалпыңды қалыптастырмаса, қадіріңді қашырмайтыны анық. Ақылдың кені болған ақсақалдар мен тәлімнің тетігі болған аналарымыздан үлгі-өнеге жұғым еткеннің ісі ілгерілеп, тіршілігі татымды болары хақ. “Бесікте жатқаныңда-ақ берген білім” дегендей тәрбиенің түп тамыры шаңырақта. Ал “Мерейлі отбасы” байқауы берекесі ұйысқан шаңырақтарды насихаттауға бағытталған.
Биыл 11-ші рет өткізілгелі жатқан байқаудың тамыры тереңде. Бүгін ұлттық байқаудың облыс кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, отбасылық құндылықтың маңызы мен тәрбиелік тағылымы туралы орамды ойын жеткізді. Сондай-ақ республикалық кезеңге жолдама алған отбасыларды марапаттады.
– Отбасы – ұрпақтар сабақтастығы мен адам бойындағы рухани-адамгершіліктің бастауы. Тек берік отбасылық дәстүрге орныққан ел ғана мызғымас мемлекет бола алады. Елдің бірлігі мен ынтымағы ең алдымен отбасыдан бастау алады. Әке – шаңырақ иесі, ана – отбасының жүрегі, бала – ертеңгі болашағымыз. Осы үштаған бірлікте болса, мемлекетіміз қуатты, қоғамымыз тұрақты болады. Ұлт қайраткері Мағжан Жұмабаевтың«Ата-аналар баланы тәрбиелегенде дәл өзіндей етіп тәрбиелеуге тырыспау керек, олар баланы өзінен күшті етіп тәрбиелеуі тиіс. Өйткені олардың заманы ата-аналарының өмір сүріп отырған заманына қарағанда анағұрлым күрделі, талабы жоғары болатынын ұмытпаған жөн» – деген тағылымды сөзі бар. Сіздер өнегелі ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келесіздер. Барлығыңыз да шынайы құрмет пен мәртебелі мадаққа лайықтысыздар. Өңірлік комиссияның шешімімен Республикалық конкурста Жақсылық Дүйсенбайұлы Әбсадықовтың отбасы облысымыздың мерейін үстем етеді. Бүгінгі мерейлі күнде шаңырағында ізгі қарым-қатынас, игі дәстүрлер сақталып, өзара сыйластық салтанат құрған барлық отбасыға ризашылығымызды білдіреміз. Салтанатты сәтте әрбір отбасына жарасымдылық, шаттық, амандық пен бақ-береке тілеймін! Ата жолын жалғастырар мерейлі ұрпақ көбейе бергей, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Конкурс қорытындысымен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы облыстық кезеңінің жеңімпазы болып Әбсадықовтар отбасы (Сырдария ауданы) танылып, бас жүлде иеленді. Аралдық Жақыповтар отбасына І орын, қармақшылық Әбілтаевтар әулетіне ІІ орын, қызылордалық Арысбаевтар отбасына ІІІ орын берілді.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!