Жексенбі, 22 желтоқсан, 11:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мұражайдағы бір күн

15.08.2022

4466 0

Аптаның сәрсенбі күнін мұражайға арнадым. Қазір кітапхана мен мұражайға баратындар көп емес. Өзімді рухани тұрғыда дамыту және газетке мұражайдың жұмысы жөнінде мақала жазу мақсатым еді. Хош, сонымен Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына бағыт алдым.

Мұражай қызметкерлері үлкен ілтипатпен қарсы алды. Жан дүниеңді байытатын ғимарат ішінен жайлылық сезіледі. Мұнда Сырдың сырлы жәдігерлері сақталған. Адамның рухани дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын, халық тағдырын бейнелейтін мұражай екені белгілі.

Кеше мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәді­герлерді сақтап, ұрпаққа жеткізіп отырған мұражайдың өзіндік тарихы бар.

Мұражайдағы бір күн

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі 1939 жылдың 7 ақпанында құрылған. Алғашқы жылдары өз жұмысын өлке тарихы мен табиғатын зерттеуден бастаған мұражай тұрағы 1890-1896 жылы салынған Перовск Қазан – Богородтық шіркеуі орналасқан ғимаратта болған. Ал 1980 жылы облыстық атқару комитетінің шешімі бойынша мұражайға екі қабатты үй бөлінді де, 1985 жылдың 7 мамырында  өз жұмысын бас­таған. Қазіргі орналасқан ғимарат 1953 жылы салынған қаламызды көркейтіп тұрған ар­хитектуралық ескерткіштің бірі.

Мұражайдағы бір күн

Облыстық мұражай құрамында аудандық өңірлерде 11 филиал және мұражай жанында «Ақмешіт» музейі мен С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясы  жұмыс  істейді. Мұражай қорында  64342 экспонат сақталса, оның 5000-ға жуығы мұражай залдарында орналасқан.       

– Мұражайға санаулы сағатқа бас сұққан адам туған жерінің тағылымды тарихынан мағлұматтар алып, рухани тұрғыда жаңғыра түсері анық. Өйткені тұтас бір ұлттың рухани келбетін, өнері мен өркениетін, ғасырлар шежіресін жан-жақты зерттеп, дәріптейтін құнды жәдігерлердің құтты мекені екені анық. Біздің мұражайда одан бөлек түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып тұрады. Мәселен, өңірдің тарихын насихаттау мақсатында «Тарихи тұлғалар», «Бұл үйде кім тұрған?», «Сіз білесіз бе?», «Музей энциклопедиясы», «Жәдігерді тауып көр», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жүзеге асты. Сонымен қатар Сыр өңірінің қасиетті нысандарын насихаттау мақсатында «Музей тур», жергілікті «Qyzylorda» телеарнасымен бірлескен «Құнды жәдігер» тележобасы, өңірдің этнографиясы мен археологиясынан, өлке тарихынан мағлұмат беретін «подкаст» қосымшасы негізінде аудио форматта «Музей радиосы» музейлік жобалары, «Жас өлкетанушы» жобалары жүзеге асырылуда. 

Мұражайдағы бір күн

Тағы бір айта кетерлігі, «Айтыстың ақтаңгері», үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жеңіп алған «Алтын домбыра» облыстық музейдің «Мәдениет және өнер» залының төрінен орын алып, облыс музейінің қоры құнды экспонатпен толықты.  Мұражайға келушілер Алтын домбыраға қызығып жатады. Мұның өзі болашақ ұрпаққа тарих болып қалары анық. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Алаш көсемі Ә.Бөкейхановтың 155 жылдығына орай «Алаш рухы және Тәуелсіздік» атты рес­публикалық онлайн конференция, көрнекті археолог Виктор Фёдорович Зайберттің  «Ұлы даланың жеті қыры: Ботай мәдениеті» атты ашық дәріс-семинары, Көкшетау қаласы Қазақстанның мәдени астанасы болып жариялануына байла­нысты республикалық музейлер арасында Иманжүсіп Құтпанұлына арналған «Алаштың алып тұлғасы» атты республикалық онлайн конференциялар  ұйымдастырылды. Күрішші,  екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың туғанына 130 жыл толуын атап өту мақсатындағы шаралар Шиелі ауданында «Ақ күріштен тау тұрғызған нар тұлға» атты мәдени шарадан бастау алып, С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында  «Ақ күріштің атасы – Ыбырай» және  Жамбыл облысы, Мойынқұм аудандық Ж.Қуанышбаев атындағы музейінде «Даңғайыр дихан елінде» атты тарихи-та­нымдық көрмелермен жалғасын тапты. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің арасында «Рухани қазына» республикалық фестивалін ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Біздің биылғы жетістігіміз осы фестивальде Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің Арал аудандық тарихи-өлкетану музейі филиалы – Балықшылар музейі бөлімі «Үздік аудандық маңызы бар музей» аталымына ие болды. Қазақстан бойынша қатысқан 73 музейдің арасынан Балық­шылар музейі экспозицияның қайталанбас шешімімен, инновациялық технологиялардың соңғы үлгілерімен ерекшеленіп, суырылып алға шықты. Олар арнайы дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды, –  дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары Жаннат Ахметова.

Сонымен қатар қазақ ақыны Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жылдық мерейтойына орай Алматы облысындағы Ж.Жабаевтың әде­би-мемориалдық музейі қорынан САйтбаев атындағы көркемсурет галереясында «Жүз жырлаған жүрек» атты тарихи-танымдық көрмесі және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті қолөнер және қылқалам шеберлерінің шығармашылығын насихаттап, қолдау мақ­сатында шеберлік сағаттар өткізілген.

Сыр бойының  ежелгі тарихы мен бүгіні жайлы баяндайтын музейде мәдениет, өнер, спорт, этнография, экономика, ауыл шаруашылығы салаларын және Ұлы Отан соғысы кезеңдерін қамтитын  11 экспозициялық зал жұмыс жа­сайды. Құнды жәдігерлерімізді орта есеппен жылына 20 мыңнан аса қала қонақтары мен тұрғындар тама­шалайды. Менде тарихтан қал­ған жәдігерлерге қызығып, олар туралы мәліметке қаныға түстім. 

Мұражайдағы бір күн

– Мұндағы 80 миллион жылдық тарихы бар тасқа айналған ағаш көпшіліктің қызығушылығын ту­дырады. Ең алғаш ағаш болған, қазіргі таңда тас күйінде тұр. Мұнда сонымен қатар археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табылған түрлі бұйымдар, пайдаланылған құралдар орналасқан. Шиелі мекенінде Бала сауысқандық және Ата сауысқандық деген екі үлкен тау бар. Сол таулардың ортасынан осындай түрлі петрогливтерді аңғаруға болады. Ежелгі адам­дардың тасқа қашап жазып кеткен жазулары, салып кеткен суреттері бар. Сақ әйелдерінің пайдаланған әшекей-бұйымдары таза алтын. Сонымен бірге түрлі ыдыс-аяқтар сақтаулы тұр. Қос сазды домбыра Бидайық Асардан табылған. Ең алғашқы домбыралардың бірі. Бекзат Жақыпов деген зергердің қолынан шыққан. Тағы бір жәдігеріміз – диірмен. Аралдың кепкен табанына зерттеу жүргізілген кезде Кердері – 1 және Кердері – 2 деген тұрақ тапқан. Бұл диірменді сол жақтан тапқан. Диірменді малдың көмегімен ғана тартқан. Көз тартып қызықтырар мұралардың қатарында ұлы хандардың белдіктері, киім-үлгілері сақталған. Белдіктерге назар аударсақ қазіргі жігіттерді екі-үш орап алуға жетеді. Сол замандағы қыз-келіншектер тазалықтың белгі­сі деп – күміс бұйымдарды таққан. Шетелдік зерт­теушілердің назарын аудартып тұрған құнды жәдігерлеріміздің бірі – Жоңғар дулығасы. Ерекше әдіспен жасалған дулығаның жалпы пішіні төртке бөлініп, алдыңғы жағына айдаһар, артқы екі бөлігіне феникс құсының бейнесі бедерленген. Маңдайында өсімдік тәрізді диа­демамен бедерленген тілшесі бар. Үш-төрт ға­сырлық тарихты бойына жиған дулыға құнды жәдір болып, келушілердің қызығушылығын арт­тырып тұр. Мұражайдағы жәдігерлер­мен та­нысуға кел­ген шетел­діктер көбіне картамызға және қазақы үйге қызығады, – дейді экскурсовод Бақнұр Жолмырза.

Мұражайдағы бір күн

Қазіргі таңда мұражай жаңа қарқынды даму жолына түскен.

– Мұражай ісі жаңа компьютерлік техноло­гия­лармен бірге дамуда. Мультимедиялық пре­зентациялар, сенсорлы моноблоктар осыған дәлел. Мысалы, әр зал LED телевизорлармен жабдықталып, экспозицияны ашатын видеома­териалдар қосымша құрал ретінде халыққа ұсынылып отыр. Фойелерде орналастырылған сенсорлы моноблоктар музей әлеміне виртуал­ды енуге, музей қорындағы зергерлік және этно­графиялық бұйымдар коллекциясын тамашалауға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта облыс му­зейлерінің қорларын бір орталықтандыру мақ­­сатында қазіргі заманауи «АС –Музей» авто­­маттандырылған бағдарламасын ендіру жұ­мыс­тары жүргізіледі, – дейді облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары.

Мұражайдағы бір күн

Адамзат баласы өзінің даму барысында көптеген тарихи-құнды дүниелерді жасап, кейінгі ұрпаққа мұра етіп келеді. Өркениетті елдердің даму тарихы сол елдің мұражайларының қорла­рында сақталып, қорғалып насихатталады. Қазақ елінің тарихы көнеден келе жатқан құнды жәді­герлерге толы. Бұл рухани құндылықтар ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, тәрбие, білім көздеріне айналып отыр. Мұражайдан бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғамен, өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрімен танысып, білім көкжиегімді кеңейттім. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» деген.  Халық үшін қызмет көрсетіп, тарихты сақтап, оны болашақ ұрпаққа аманаттап отыру мәдени орынның басты мақсатының бірі. Сан мың жылдық тарихты бір арнаға тоғыстырған ғимарат есігі келем деушілерге үнемі айқара ашық.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

Суреттерді түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: