Жұма, 27 желтоқсан, 05:56

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Ортеке – қуыршақ өнерінің төресі

10.01.2023

3786 0

Ағаш қуыршақтар дегенде, Пиноккио мен Буратино еріксіз есіңе түседі. Бала күнгі достарымыз болған соң ба екен, кім білсін?! Пиноккио – итальяндық жазушы Карло Коллодидің 1883 жылы жарыққа шыққан «Пиноккионың оқиғалары» ертегісінің кейіпкері болса, Буратино – орыс жазушысы А.Н.Толстойдың 1936 жылғы «Алтын кілт немесе Пиноккионың шытырман оқиғалары» ертегісінің басты кейіпкері. Бастапқыда А.Н.Толстой 1923 жылы Н.И.Петровская жасаған Коллоди ертегісінің аудармасын өңдеді. Түпнұсқадан біраз ауытқыған шығармада итальяндық шындық орыс мәдениетімен ауыстырылып, басқа бағытта өрби бастады. 1933 жылы А.Н.Толстой «Детгиз» баспасымен аударманы толыққанды әңгімеге айналдыру туралы келісім жасайды және оны 1935 жылдың тамызына дейін аяқтайды. Нәтижесінде 1936 жылы түпнұсқалық шығармадан ауытқыған А.Н.Толстойдың бөлек толыққанды шығармасы ретінде қайта басылады. Ал енді ойлаңыз! Пиноккио ХІХ ғасырдың аяғында К.Коллодидің фантазиясымен дүниеге келсе, Буратино – ХХ ғасырдың басындағы прототипі Пиноккио болып табылатын кейіпкер. Бұл – Совет уақытында дүниеге келген балалардың, яғни біздердің балалық шақта оқыған шытырман әңгімелеріміз бен көрген мультфильмдеріміздің кейіпкерлері. Негізі, әлемде әр елде өздеріне тән ағаш қуыршақтары болған десек те, осы бір ағаштан жасалған қуыршақтардың әлқисса тарихы түркі әлемінде жатқанын бірі білсе, бірі біле бермес.

Әңгіме үш мың жылдық (кей әдебиетте бес мың жылдық) тарихы бар қуыршақ өнерінің бастауында тұрған Ортеке туралы болмақ. Өткен жылы Марокконың астанасы Рабат қаласында өткен ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 17-сессиясында 46 номинация қаралып, 20-сы ұйымның репрезентативтік тізіміне енгізілді. Соның ішінде «Ортеке» биі мен Қожанасырдың әзіл әңгімелері де бар.

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі ортекені «Архео­логия және этнография» бөлімінің этнографиялық ғылыми-зерттеу жұ­мыстары нәтижесінде арнайы тап­сырыспен жаңғыртты. Музей директоры Сапар Көзей­баев­­тың қолдауымен Сыр елінің тумасы, елге бел­гілі ұста-шебер Бекзат Жақыпов ұлттық құндылық – ортекені этнографиялық негіздемелерге сүйене отырып жасап шықты. Қазіргі таңда ата теке, әке теке және бала теке «Этнография» залының тө­рінде домбыраның күйі­не билеп, келушілерді таң тамаша қалдыруда. 

Итальяндық К.Коллоди ертегісінің сюжеті бойын­ша, ағаш ұстасы Антонио ерекше бөренені кездес­тіреді, шебер оны өңдеуге тырысқанда, бөрене ке­неттен «қытығым келіп жатыр» деп шағымдана сөйлей бастайды. Ан­тонио оны досы Гепет­то­ға беруді шешеді. Ол кішкентай бала­ны бөренеден жасап, Пиноккио (итальян тілінен «қарағай көзі» деген мағынада) деп ат береді. Ағаш қуыршақ сөйлей және жүре алатындығымен қатар, біреуді алдаса, мұрны өсетіндігімен ерекшеленеді. Буратино да – осы ертегі желісінің көшірмесінен туындаған образ. «Буратино» итальян тілінен аударғанда «ағаш қуыршақ» деген мағынаны береді. Әу бастағы К.Коллодидің фантазиясынан туындаған осынау образ А.Н.Толстой шы­ғармасында көрініс табады.

Енді ойлаңыз! Бүкіл әлемді тамсандырған ұзын мұрынды қуыршақтарға тек сіздің қиялыңызда ғана жан бітеді. Тек сіздің ойыңызда ғана сөйлейді, қимылдайды, тіпті ән айтады. Ал ортеке ше? Ағаш текелер көзіңізді жұмып, қиял әлеміне еніп, тау-тас аралап жүрсеңіз де, қасыңызда секіріп жүреді, көзіңізді ашып қарасаңыз да, дәл алдығызда тақ-тақ етіп секеңдеп тұрады. Керемет, иә?! «Көзімді ашсам да, жұмсам да көрем сені…» дегеннің дәл өзі! Қазіргі қуыршақ театрларындағы жіпке байлау арқылы басқарылып жүрген қуыршақтар «ортекеден» бастау алған дегенге сенбеске болмайды.

Ортеке арнайы жасалған тұғырға орна­тылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, саусақ қозғалысымен ағаштан жасалған тау еркелері әсем биге баса жөнеледі. Ата теке, әке теке және бала теке домбыраның күйіне билеп, домбырада енді ойнай бастаған жастарды шабыттандырады, қызығушылығын оятады және ойын-сауықтың сәнін кіргізіп, әдемі көңіл-күй сыйлайды.

Ортеке туралы халық арасында әдемі аңыз сақталған. Ертеде саусағынан саз өрген дала күйшісі болыпты. Бұл адам тек домбыра шанағынан күй төккен өнерінен басқа ши үстінен шіркей атар мерген де болған екен. Күндердің күнінде күйші аң аулап жүріп, бір салмаудағы кішкене тастың үстінен қызғылт күрең жүні күн нұрымен құндыздай жалтырап, құлпырып тұрған тауешкінің марқасын көреді. Тауешкі марқасының тас үстінде буындары сыртылдап, сылқылдап, ойнақ қағып, еш нәрсені қаперіне алмай қамсыз, қайғысыз билеп тұрғанын көріп, қызыға қарап қалады.

Марқаның табиғатқа деген мұндай еркелігін көрген аңшы қорамсаққа салған қолын еріксіз кейін тартып, садағын мойнына іліп, келген ізімен кері қайтады. Ауылына келген соң сазгердің көңілін тербеген марқаның қимылы домбыра шанағынан «Ортекенің ойнауы» атты күй болып төгі­леді. Содан кейінгі жерде күйші ағаштан ойып, өрнектеп марқа бейнесін жасайды да көпшілік арасында шертеді. Марқаның тірі бейнесін көргендей болған қалың қауым күйші шеберлігіне ерекше сүйсінеді. Осыдан бастап ауылдың басқа күйшілері де ортекені ойнатуды бастайды.

Қызылорда облыстық музейі қайта жаң­ғыртқан ортекенің тұғыры ағаштан құрастырылып, айналасы оюланған қалың матамен көмкерілген, беткі жағына түрлі тау-төбе бейнелері ойылған. Әшекейленген тұғыр ішіне ортасынан темір сым өткізілген таяқ­ша орнатылған. Темір сымның екі шеті иіліп, біріне қуыршақтар бекі­тіліп, біріне дом­бырашының сауса­ғына ілінетін жіп жалғанған. Тұғыр тесіліп, жіп сыртына шығарылған. Жіпті тартқан кезде темір сым қозғалып, ортеке қуыршақтары билей бастайды. Қуыршақ­тардың тепе-теңді­гін сақтау үшін бауыры­нан ілінген сым темір қуыршақтар жан-жақ­қа ауытқымайтындай өлшемде қақ ортасына орналастырылған. Тау текелерінің басы, си­рақ буындары бө­лек-бөлек жасалып, май­да шегемен жал­ға­нып, тұғырда би­лей түскенде сарт-сұрт еткен тау текелерінің жүрісін айқын береді.

Қазіргі таңда күй тарту өнеріне әр беріп, жаңа үйреніп келе жатқан жас балалардың домбыраға деген қызығушылығын артты­руға көмектесіп келе жатқан ортекенің әу бастағы қызметі тым бөлек болған көрінеді. Аңшылардың аңға шығар алдында жасайтын сакралды рәсімдерінің бірі – ағаш жануарларды арнайы постаментте ойнату. Ағаш қуыршақтардың қозғалып-билеуіне байланысты аңшылар олжалы не олжасыз қайтатындығын болжап отырған. Кейін отырықшылыққа көшкен халық арасында осы бір киелі рәсім музыка өнерінің атрибутына айналғанға ұқсайды. Домбыра пернесіне дәл түсуді, күйді жылдам ырғақпен ойнауды талап ететін ортеке осы күнге дейін жастардың күй өнеріне тез машықтануына көмектесіп келді. Текелердің әсем биін көрсеткің келсе, жоғарыдағы талаптарды дәл орындау керек-тін. Кішкентай бүл­діршіндерге ғажайып сиқырлы сезім сыйлау мақсатында ортеке жібін керегенің көзінен өткізіп, балаларға көрсетпей күйші сыртта ойнап отыратын. Ал тау текелері таңғажайып сиқырмен өздері билеп тұрған әсер қалдыратын.

«Ортеке» – орға түскен теке. ««Ортеке» аңшылықпен байланысты» деген ұғым бекер болмаса керек. Ор қазу арқылы дала тағыларын қолға түсіруді көздеген аңшылар таутекелердің орға түскенін аса қызығушылықпен қызықтаған екен. Шұңқырға түскен текелер оңға-солға ырғып, сыртқа шығуға амал жасайтыны анық. Осы бір көрініске аңшылар әуес болатын. Аңшылар тіпті жиналып отырып, тастан-тасқа, таудан-тауға секіріп жүрген таутекелердің бостандыққа шығу әрекетін «ортекелер биі» санап, ұзақ қызықтайтын. Осы көрініс аңшылардың сакралдық рәсіміне де, аңыз-әңгіменің желісіне де негіз болғанға ұқсайды.

Қалай болған күнде де, ерте кезден қалыптасқан өнер  түрі осы күнге дейін жалғасып келе жатқаны көңіл қуантады. Тарихи-мәдени эволюциядан өткен ортеке әр заманда түрлі сипат алып жатса да, өзінің тарихи, музыкалық, мәдени, этнографиялық мазмұн-мағынасын жоғалтпайтындығына сенімім мол.

Әйгерім БЕКҚҰЛЫ,

облыстық тарихи-өлкетану

музейінің бөлім меңгерушісі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: