Сенбі, 21 желтоқсан, 21:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қожанұлының Қызылордасы

10.04.2021

16590 0

Осыдан 23 жыл бұрын «Қожановтың Қызылордасы» деген тақырыппен облыс басылымдарының бірінде мақалам жарияланған еді. Енді сол дүниені мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанұлының астананы Ақмешітке көшірудегі ерен еңбегін айғақтайтын жаңа деректермен толықтыра отырып, оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдім.

1924 жылы Кеңес билігінің ұйғарымымен Орта Азия ұлттық-территориялық жағынан межеленді. Бұрын ортақ кеңістікте араласып-құраласып өмір сүрген өзбектер, қырғыздар, түрікмендер, қарақалпақтар, тәжіктер таратылған Түркістан республикасынан шекара айырып, әртүрлі мәртебеде (автономды республика, автономды облыс, автономды аудан) жеке-жеке отау тікті. Жетісу мен Сырдария облыстарының басым аумағы (қазіргі Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарын қамтитын жерлер) Қазақстан құрамына қосылды. Түркістан республикасында жоғары дәрежелі қызметтер атқарып, межелеу комиссиясы жұмысының алғы шебінде жүрген Алаш арысы Сұлтанбек Қожанұлы бұл үдерісті ұлттық біртұтас мемлекет құруға жол ашатын мүмкіндік деп түсінді. Архив құжаттары растап отырғандай, оның Мәскеу алдына Қазақстанның Кеңестер Одағына шарттық негізде кіруі жөнінде қойған талабын осы тұрғыдан байыптаған абзал. Әрине, орталық бұл ұмтылысқа қатаң тосқауыл қойды. Сол уақытта «Қазақ ұлт мемлекеті жасасын!» деген ұраншыл бастақырыппен мақала жариялап, іргелі істерге кіріскен қайтпас қайраткерді елорда мәселесі қатты толғандырды. Осы орайдағы пайым-пікірлерін өзі негізін қалаған «Ақ жол» газеті, сондай-ақ «Еңбекшіл қазақ», «Тілші», «Лениншіл жас» басылымдары арқылы жұртшылық талқысына салды.
Мысалы, «Ұлт шекарасын ашу һәм Қазақстан» атты мақаласында: «Сондықтан жарияланғанына 5 жыл болса да, Қазақстан (Қазақ ұлт республикасы) әлі қазақ ұлт мемлекеті болып аяқталған жоқ. Астанасы – Еуропа топырағында, қалың орыс ортасы – Орынбор қаласында. Халқының көпшілігі жат ұлттар болып, Қазақстанда ұлт мемлекеттерінде жүргізілетін саясат осы кезге дейін жүргізілген жоқ», – деп ойын ашықтан-ашық айтты (Тілші. 31.08.1924). Бұл көзқарасын басқа жарияланымдарында да қайталады.
Сталин «Орта Азияның Шыңғысханы» деп лақап таққан Сұлтанбек Қожанұлы әуелде Ташкент үшін тартысты. Көрнекті ғалым, жерлесіміз Әуелбек Қоңыратбаевтың естелігіне сүйенсек: «Бұл – 1924 жылғы енші алыста Ташкент маңындағы 40 мың үйлі қазақтар Халық Комиссарлар Кеңесіне 2 мың атты адам жолдап, Ташкент қазақтарда қалсын деп тілек айтқан кез». Алайда ұзақ талас-тәжікеден соң, көкпарға түскен кент РК(б)П ОК-нің шешімімен 1924 жылдың қарашасында біржолата өзбек ағайынның қанжығасына байланды. Қазақ ішінде астана төңірегіндегі айтыс қайта өршіп, үміткер қалалар қатарында Ақтөбе, Ақмола, Ақмешіт, Әулиеата, Семей, Шымкент аталды. Тағы бір тарихи қызық факт мынау: РКП(б) Қазобкомы атқару бюросы 1924 жылғы 8 шілдеде және 14 қыркүйекте, ал тағы бір билік бұтағы – ҚазОАК-і сол жылғы 29 қыркүйекте Қазақстанның орталығын Шымкент қаласына көшіру туралы қаулы шығарған еді. Бірақ бұл үш шешім де орындалмаған. Сол сәтте мәселенің тоқетер төрелігін, қисынды қорытпасын жаңадан жасақталған Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы (республикадағы екінші дәрежелі қызмет) Сұлтанбек Қожанұлы айтты.
«Мемлекет астананың жұртшылығына сүйеніп жұмыс істемесе, бас хүкіметтің ісі оңбайды. Олай қылайын десе, Қазақстан хүкіметінің аз ғана күш, азын-аулақ дәулеті Орынбор губерниясынан артылмайды» (Ақ жол. 12.11.1924) деп тұжырымдаған қайраткерді қазақтың кіндік қаласының шалғай шетте орналасуы қанағаттандырмағаны өз алдына, Орынборды ол Ресей империясы Шығысқа ашылатын қақпа ретінде іргесін қалаған «отар қоныс» деп сипаттады. Өз ұстанымын бүкпесіз білдіре отырып: «Қайда болса да Қазақстан кіндігі қазақ ішінде болсын. Киіз үйге орнаса да қалың қазақтың ортасы болсын», – деп жазды (Ақ жол. 28.01.1925).
Сұлтанбек Қожанұлы бастапқыда: «Ауылжақтықты қоздырып, әркім өзіне тартып өшігіп, ақырында қиысып келісе алмағандықтан, жүк ескі орнында қалып жүрмесін. Ортаға қойылған мәселе Қазақстанның жалпы астанасы екені ұмытылмасын», – деп алаңдаушылық білдірсе (Ақ жол. 23.12.1924), кейінірек «Қазақстан кіндігі қай қала болсын?» атты мақаласында: «Аты аталып жүрген Ақмешіт қаласы түстігі – Қарақалпақ облысы мен Сырдария губерниясы, күншығысы – Жетісу, теріс түстігі – Ақмола мен Торғай, күнбатысы – Ақтөбе мен Орал болып, үлкен жолдың үстінде тұрған ыңғайлы қала. Қазақ ұлт мемлекетін жасау ісін аяқтағанша, Ақмешіт үлкен қала болып кететіні анық», – деді (Ақ жол. 28.01.1925).
1925 жылғы 9 ақпанда Қазақстан Орталық Атқару Комитеті астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру жөнінде қаулы қабылдады. Сұлтанбек Қожанұлы «Лениншіл жас» журналының сол жылғы 1-2 санында «Ақмешітті неге орталық қылып сайладық?» деген сауалға жан-жақты жауап қайтарды. Қаланың орналасқан жерінің экономикалық байланысқа қолайлы екенін, табиғи байлық көздеріне таяу тұрғанын, Сырдария өзенінің егіншілікті өркендетуге мол мүмкіншілік беретінін, ең бастысы – шаһар халқының тоқсан пайызын қазақтар құрайтынын тілге тиек етіп, көші-қон жұмыстарын кешеуілдетпеуге шақырды. Ол БК(б)П Қазөлкекомының орталықты Орынбордан Ақмешітке көшіру бойынша іс-шараларды әзірлеу жөніндегі комиссиясын басқарып, мәжілістеріне төрағалық етті және хаттамаларына қол қойып отырды.
Осылайша, сайын сахарада ат жалы, түйе қомында күн кешіп үйренген қазақ қоныс жаңалаудың бұрын болмаған таңсық түрі – астана көшіне қамданды. Орынбордан Ақмешітке дейін үш жарым тәулік жүрген он екі вагонды отарбаның жолаушыларымен бірге бастан кешкен тарихи сәттер туралы Сәбит Мұқанов «Есею жылдары» кітабының «Көңілді сапар» атты тарауында баяндап берген. «Еңбекші қазақ» газетінің тапсырмасымен сапарға аттанған жазушы-журналист жол-жөнекей байқағанын қалт жібермей қағазға түсіруге тырысқан. Сұлтанбек келе жатқан үкімет вагонында балуан Қажымұқан Мұңайтпасов, әнші Әміре Қашаубаев, ақын Иса Байзақовпен мәжіліс құрған Сәбең өзі «ұлтшыл» деп ұнатпайтын қайраткерді: «Сонда көрсем, Сұлтанбек шынында да адамшылық қасиеттері мол, ойыншы, күлкіші, әзілқой, кеңесқор, әдебиет пен көркемөнерді сүйетін кісі екен», – деп мақтап жіберіпті. Естелігінің басқа бір тұсында ол белгісіз біреумен болған мынадай сұхбатты келтіреді:
« – Сонда, шаң басып жатқан осы – сиықсыз, болашағы да нашар қалаға астананы сүйреуші кім? – деген сұрауға:
– Сұлтанбек Қожанов, – деп жауап берді анау. – Бұл ара – оның туған жері. Ата-бабалары – осы елдің қожалары. Революциядан бұрын ресми қағаздарда «Перовск» аталып келген қаланы совет тұсында «Ақмешіт» ататқан да сол. Енді ертең ашылғалы отырған 5-съезде «Қызылорда» ататып, Қазақстан астанасы жасатпақ та, шамасы келсе әдемі қалаға айналдырмақ.
– Онысы болса!..
– Болар-болмасын тұрмыс көрсетеді де».
Сәбиттің сұхбаттасы Сұлтанбек Қожанұлының кіндік кескен жері мен шыққан тегі турасындағы мәселеде қателескенімен, басқа дерегі шындыққа үйлеседі. Өзбекстан республикасының орталық мемлекеттік архивінен табылған мына құжат соны айғақтайды:
«Қазақ бөлімі және қазақ тұрмысын зерттеу жөніндегі комиссияның 1922 жылғы 11 сәуірдегі бірлескен мәжілісінің №7 хаттамасы.
Тыңдалды: Бірқатар облыстар мен уездердің отаршылдық атауларын өзгерту туралы.
Қаулы етілді: Сырдария облысының Перовский мен Голодностепский уездері, сондай-ақ Семиречье облысы патша үкіметі белгілеген отаршылдық атауларды иемденіп отырғаны назарға алынып, бұдан былай олар өз тарихи атауларына сәйкес: Перовский уезі – Ақмешіт уезі, Голодностепский уезі – Мырзашөл уезі, Семиречье облысы – Жетісу облысы болып өзгертіліп аталсын.
Қаулы ТүрОАК коллегиясының шешімімен 1922 жылғы 12 сәуірде бекітілді.
Қол қойған: ТүрОАК төрағасының орынбасары С.Қожанов» (17-қор, 1-тізбе, 277-іс, 105-парақ).
Исатай-Махамбет, Жанқожа көтерілістерін жойып-жаншуда, Ақмешітті бағындыруда қаталдық көрсеткен қандықол генерал Перовскийдің атынан уезд, оған қоса қала да осылайша құтқарылды. Сыр бойындағы іргелі шаһардың кеңес өкіметі орнағалы бері алғаш рет ес жиып, еңсе көтергені сол болатын.
Сөйтіп, астана Ақмешітке ауысты. Жаңа орталықта өткізілген ең бірінші мемлекеттік маңызды шара – Қазақ Өлкелік Кеңестерінің бесінші сиезі. Бұл дүбірлі басқосу жоғары ұлттық өрлеу үстінде ұйымдастырылды. «Қоныс құтты болсын!» атты жүрекжарды мақаласын (Ақ жол. 15.04.1924) жариялаған Сұлтанбек Қожанұлы құрылтайдың күн тәртібіне өзекжарды мәселелерді кіргізді.
Қызылордада ашылған Қазақ драма театрының тұңғыш директоры, саяси репрессия құрбаны Дінше (Дінмұхамед) Әділов 1928 жылғы 27 желтоқсанда Біріккен саяси бас басқарманың тергеушілеріне мынадай жауап беріпті: «Бүкіл қазақтың Қызылордадағы сиезі. Қожанов президиум мүшелігіне енді де сөз сұрады. Екі мәселе қойды: біріншіден, бұрынғы «Қырғыз республикасы» деген тіркес «Қазақ республикасы» болып төл атына сәйкес жөнделсін, екіншіден, Ақмешіт қаласының аты «Қызылорда» болып өзгертілсін деді». Сондай-ақ Орынбордан келген делегацияның алдында оқушылардың атынан сөз сөйлеген – сол кездегі бозбала, кейінгі атақты ақын Әбділда Тәжібаев өз естеліктерінің бірінде: «Астана көшіп келісімен-ақ, сәуір айында (15-19 күндері) Қазақ автономиялы республикасы Кеңестерінің сиезі болып, онда да Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен сол кезге дейін ұлтымыздың «қырғыз» делініп келген жалған атын өзгертіп, өзінің тарихи-этникалық «қазақ» деген атын қалпына келтіру туралы қаулы қабылданды. Тағы бір есімде қалғаны, Кеңестердің сол құрылтайында жаңа астананы Қызылорда деп атауға шешім шығарылды. Бұл да Сұлтанбектің ұсынысы арқылы өтті» (Егемен Қазақстан. 10.05.1998), – деп жазды.
Қазақстандағы ұлттық серпілістен секем алған Сталин алашшылдарды ауыздықтау үшін Қазөлкекомның біріншісі хатшысы етіп Филипп Исаевич Голощекинді аттандырды. 1925 жылдың күзінде республикаға басшы болып келген ол өзіне ә дегеннен ұнамаған Қызылорданың берекесін қашырып, беделді қазақ қайраткерлерінің, оның ішінде ең алдымен Сұлтанбек Қожанұлының қызметінен шикілік іздей бастады. Есіл ер партияның пәрменімен Мәскеуге жіберілді. Құтылғанына көңілі жайланған Голощекин оған: «ж. Қожанов – Орта Азия мен Қазақстан ұлттарының ішіндегі ең ірі қайраткерлердің бірі. Барлық уақытта да партия-кеңес орындарында жауапты қызметтер атқарды және соңғы уақытта БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің хатшысы болды. Саяси ой-өрісі зор қызметкер. Қабылданған шешімдерді жүзеге асыруда жігерлі әрі табанды», – деп мінездеме берді. Қызылорда қаласы өзін қолдаған да қорғаған Қожанұлы секілді қамқорынан айырылды. Оның орнына болашақтағы «37-нің ұлы ұйымдастырушысы» – Ежов отырғызылды…
Академик Зейнолла Қабдоловтың сөзімен айтқанда, уақытында «қазақтың туын тіккен қиясы болған» Қызылорда қаласына қатысты бір тарихи жайттың қысқаша баяны – осы.


Амантай ШӘРІП,
филология ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: