Сенбі, 21 желтоқсан, 22:10

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Сырдағы айтыстың жөні бөлек…

09.02.2021

13223 0

Өткен жұма күні Асқар Тоқмағанбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде азаттықты арқау еткен аламан айтыс өтті. Қала әкімдігінің қолдауымен өткен дүбірлі сөз додасына аузымен құс тістеген кіл жүйріктер жиналды. Аламан айтысы белгілі айтыскер, М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры Нұрмат Мансұров тізгіндеді.

Айтыстың ашылу салтаны­тында сөз алған қала әкім Н.Нәлібаев айтыскерлерге сәт­тілік тіледі.

–  Бұл айтыс Тәуелсіздігіміз­дің 30 жылдығына арналған ау­қымды шаралардың бастама­сы болмақ. Қызылорда қашанда ұлттық өнердің ұйтқы­сы. Ақындарға табыс тілеймін, – деді ол.

Он ақын отыз жылдық ме­рейлі тойымызды орамды ой, сүбелі сөзімен сипаттап қылдан май суырғандай жырлады. Тың­даушының құлақ құрышын қандырған сөз бәсекесінде бес жұп маңызды айтыстың пары­зын түсініп, нағыз айтыстың қас үлгісін көрсетті.

Арқалықтан келген «айтыс ақтаңгері» Айбек Қалиев тәуелсіздік тілімен, дінімен құн­ды екенін жырына арқау етсе, қарсыласы «Аралдың ақ­сүңгісі» атанған Ержеңіс Әбдиев «Азаттықтың қадірін қайдан білсін, қазақтықтың қадірін білмейтіндер» деп жыр толғады. Тағы бір қайырымында Айбек Қалиев «Есеппен өлең жазған ақындар көп, өлеңмен есеп жазған сен ғанасың» деп Ержеңістің өлеңмен жазылған есептері туралы жарық көрген кітабын тілге тиек етті. Ержеңіс те қарап қалмай қарымды жауап қайтара білді. Екеуара тартымды айтыс жасаған бұл жұпқа қазылар да сараңдық танытпады.

Семейлік Серік Қуанғанмен сөз қағыстырған Бексұлтан Орынбасаров арасындағы ай­­тыста өзара тартысты өт­ті. Айта кету керек, Серік Қуанған былтырғы өткен «Алтын дом­быра» айтысының ақтық сайы­сында Мұхтар Ниязовпен табан тіресіп ай­тысқан ақын. Келе сала Бексұлтанды қомсынып, «Ау, Мұха, балаларға мазақ қыл­май, өзің шыға салғаның жақсы емес пе?» деген уәжі­не Орынбасаров ойланбастан: «Мынауың Фараби ма, бала би ма, жаман үйді қонағы билейд(і) деген, Сен үшін Сырдың елі жаман үй ма?» деп өзін Сырдың атынан шығып отырғанын меңзеп қойды. Бұл жұптың жарысы да, шабысы да көпшілікті сүйсіндерді.

Соңғы жұпқа шыққан ба­тыстың қос ақыны Нұрлан Мұсаев пен Шалқарбай Ізбасаров айтыстың әрін кір­гізіп, жұртшылықты бір жел­піндіріп тастады. Ақтаулық Нұрлан Мұсаев «Байқоңыр жақын жерде тұрғасын ба, жұл­дыздардың барлығы осында жүр» деп Сыр өңіріндегі өнер тарландарын өлеңіне арқау ете келе тәуелсіздік туралы тұщым­ды жырларын арнай білді.

Сонымен қатар Сырым Әділбек пен Дәурен Ысқақ, Рауан Қайдаров пен Жамбыл Бақытәлі айтыс көрігін қыз­дырды.

Сөз аламанына жазушы, ха­лықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері, драматург Роза Мұқанова, Қазақстан Жазушы­лар Одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының ди­ректоры, айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, ҚР мә­де­ниет қайраткері, ақын, ре­жиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов бағасын берді.        

Тәуелсіздік тағылымын жас­тардың санасына сіңіру, азат еліміздің жарқын жетістік­те­рін кеңінен дәріптеу, ру­ха­ни бай мұрамызды, қа­сиетті Отанымызды жырға қосуды мұрат еткен айтыс қорытындысында ІІІ орынды павлодарлық Рауан Қайдаров пен қызылордалық Ержеңіс Әбдиев қанжығаласа, ІІ орын өскемендік Серік Қуанғанға бұйырды. Арқалықтан келген алаштың аяулы ақыны Айбек Қалиев пен атыраулық арқалы ақын Шалқарбай Ізбасаров І орынды өзара бөліссе, бас жүлдені Ақтаудан ат басын бұрып, Сыр жұртының алдында сәтті өнер көрсеткен  Нұрлан Мұсаев иеленді.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: