Қазақ халқына қос ішекті домбыра туралы ақпарат берудің өзі артық. Өткенімізден сыр шертіп, тарихымызды көз алдымызға әкелетін аспаптың қадірін барша қазақ біледі. Оның қасиетін жүрегімен ұғынады.
Ақын Қадыр Мырза Әлі «Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра, нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деп жырлағандай, біздер үшін қазақ пен домбыра егіз ұғым. Оны бір-бірінсіз елестету әсте мүмкін емес. Қазақ халқының мәдениеті мен әдебиеті, терең тарихы осы аспаппен үндесіп жатқандай көрінеді. Сонау ерте заманда ата-бабамыз бұл аспапта еркін ойнап, қос ішектен талай кереметті тудырған. Бар сүйініш-күйінішін домбыра үнімен жеткізген. Сондықтан ұрпақтан-ұрпаққа бабамыздың көзіндей аманат болып жеткен бірден-бір асыл қазына.
Күй анасы Дина Нұрпейісованың «Домбыра шерткенде оны адамша сөйлетіп, сол арқылы белгілі бір күйдің мән-мазмұнын тыңдаушыға толық жеткізу керек» деген қанатты сөзімен домбыраның қасиетін аңғару қиын емес. Домбыраның шығу тарихы туралы түрлі аңыздар бар. Сол аңыздардың бірінде: Ертеде бір аңшы жігіт биік таудың қиясын, қалың қарағайдың арасын тұрақ еткен бұғы, маралды аулап, кәсіп етіпті. Бірде қанжығасы майланып, теңбіл марал атып алады. Оны етекке түсіру үшін ішек-қарнын ақтарып, алып тастайды. Содан арада айлар өткен соң әлгі жігіт аң атуға ұрымтал жер еді ғой деп, баяғы теңбіл маралды атқан маңға бет алады. Сол сәтте құлағына бір ызыңдаған дауыс естілгендей болады. Барлап қараса, өткенде атқан маралдың ішегін қарға-құзғын іліп ұшқан болу керек, қарағайдың бұтағына қос тін болып керіліп қалғанын көреді. Ызыңдаған дыбыстың содан шығып тұрғанын аңғарады. Бұтақтарға керіле кепкен оны сәл ғана жел тербесе ызыңдап, әдемі әуен шығарады. Оның өзі бірде уілдеп, бірде сарнап, енді бірде сыңсып жылағандай болып, аңшы жігітті алуан түрлі күйге түсіреді. «Мына қос ішекке тіл бітейін деп тұр екен, бір амал жасайын» деген оймен оны үйге алып келеді. Сөйтіп, ағаштан бір аспап жасап, соған әлгі қос ішекті тағады. Тартып көрсе, шынында да тіл біткендей күмбірлеп қоя береді. Ерекше үн мергеннің ғана жанын жадыратып қоймай, тыңдаған жанның бәрін ұйытады. Осылайша ол көптің сүйіп тыңдайтын аспабына айналған деседі. Бұл қазақтың ұлттық мұрасы домбыра мен күмбірлеген күй ұғымының дүниеге келуі туралы ел аузында қалған «Қос ішек» аңызы еді.
«Қазақ пен домбыра егіз ұғым» деп бекер айтылмаса керек. Жалпақ жұртқа қазақты танытқан да қасиетті қара домбыра. Күй атасы Құрманғазы «Балбырауын» күйін Браун деген неміс ұлығын күтуге дайындалып жатқан орыс патшасының сарайында шығарған екен. Әрине, бұл күй қонақтың дәрежесіне айтылған мадақ емес, қазақ деген дауылпаз дала жұртының мінезі мен болмысын паш еткен туынды болатын. Орыс ұлықтарының алдына бару сәтін пайдаланып, күйші халқымызға тән батырлық рухын суреттеген көрінеді.
Бұрын исі қазақтың делебесін қоздыратын қасиетті қара домбыра әрбір шаңырақтың төрінде тұрушы еді. Аса шеберлікпен жасалған дүние есіктен енген жанның назарын бірден өзіне аудартады. Ал үйге сыйлы қонақтар келген жағдайда қара домбыра күмбірлей жөнеліп, үйдегі үлкендер домбырамен өлең айтып, күй тартушы еді. Себебі аға буынның домбыра шерте алатын қабілеті зор болды. Тіпті бірінен кейін бірі іліп әкетіп, лезде жалғастырып кете беретін. Ал қазір ше? Жиналған 10 адамның біреуі домбыра шерте алса, қуанасың. Расымен де, түрлі жиын-тойларда домбырамен кеш көркін аша түсетін жандарды кездестіру күн өткен сайын қиындап барады. Тіпті, үй біткеннің төрінен табылатын үкілі домбыраны қазір бір ауылдан іздеп табудың өзі қиын. Той-жиын бола қалса, домбыра іздеп ауыл кезіп кететін жағдай жиі болып тұрады. Бүгінде оны тек көнекөз қариясы, не домбыра шертетін адамы бар бірлі-жарым шаңырақтан ғана кездестіреміз.
Қарап отырсаңыз, тарихтан сыр шерткен домбырадан төгілген күй мен шырқалған ән де терең мағына жатыр. Ұлы даланың өлмейтін өр рухын күйшілер бізге осы аспаптың құдіретті үнімен жеткізді. Яғни, қазіргі заманның тілімен айтсақ, біздің нағыз ұлттық брендіміз.
Ал бүгінде жастардың ұлттық аспапқа қызығушылығы азайып бара ма? Байқап қарасақ, бұл бағыттағы мәселені талқылауға келгенде қашанда айтылар пікір қақ бөлініп, екіжақты ой қалыптасады. Бірі домбыраның құлағында ойнайтын ұрпақ әлі де бар және бола береді десе, енді бірі домбыра тартатын жас буын қатары азайды дегенді алға тартады. Орайы келгенде мамандар пікірін де тыңдадық.
– Еліміздің өзге өңірлеріне қарағанда Сыр елінің өнерге деген құрметі мен қызығушылығы ерекше. Бір кездері домбыра тарта алатын жандар қатарының азайып кеткені рас. Бірақ соңғы жылдары ашылып жатқан түрлі үйірмелердің, музыкалық колледждерде домбырадан бөлек, жыр-терме мамандықтары бойынша маман даярлайтын кафедралардың арқасында бұл мәселе өзінің оң шешімін тауып келе жатыр. Домбыраның замана ағысымен жандануына түрлі республикалық, халықаралық байқаулардың да ықпалы зор. Оның үстіне қазір қай ауданға бара қалсаңыз да, ол жақтан арнайы жыр мектептерінен бөлек, сыныптар мен үйірмелердің ашылғандығын байқайсыз. Оларға қатысып жатқан балалар қатары өте көп. Өзім де осы салада жүргендіктен бұл мәселенің мән-жайы маған етене таныс. Болашақ жыршы-термеші әншілерді дайындайтын кезде де алдымен домбыра үйретеді. Мәселен, қазір күй сабағы оқу кестесіне енді. Яғни, түлектердің даусы, аспапта ойнау шеберлігі де назарда болады. Қазірдің өзінде мектеп оқушыларының домбыраға деген қызығушылығы өте жоғары. Соңғы жылдары «Қызылжарма» мәдениет үйінің жанынан құрылған «Балқаймақ» домбыра үйірмесіне жүздеген оқушы қатысып, домбыра тартудың қыр-сырын үйреніп, күйлерді жаттады. Сондай-ақ түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр. Атап айтсақ, жақында өткен «Қорқыттан қалған қоңыр үн» облыстық балалар шығармашылығы байқауында шәкіртім Амандос Қалдыбай 3 орынды жеңіп алды, – деді «Қызылжарма» мәдениет үйінің әдіскері, домбырашы Ақманат Бекетова.
Домбырашының бұл сөзін Қазанғап атындағы музыкалық колледжінің халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Әбсадықов та қолдайды. Оқытушы оқу орнынан жастарды күйшілік өнерге баулитын арнайы мамандықтың ашылғанына 40 жылдан астам уақыт болғанын айтады. Оның сөзінше, бұл мамандыққа сұраныс та, талапкерлер қатары да жоғары көрінеді.
– Домбыра мамандығы бізде музыкалық колледж ашылғалы бері бар. Бұған дейін өнер ордасынан қаншама шәкірт түлеп ұшып, бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде өнер көрсетіп жүр. Музыкалық білімі болмаса да, бізге домбыра үйренген балалар көп келеді. Жыл сайын халық аспаптар бөліміне 30-дай оқу гранты бөлінсе, оның 12-13-ке жуығы домбыра мамандығына тиесілі. Ал мұнымен қоса ақылы түрде де оқуға ниетті жастар қатары мол. Бізде жыл сайын барлығы 15-тен аса домбыра тартудың маманы кәсіби тұрғыда білім алып шығады, – деді ол.
Мұндағы жас домбырашылар түрлі байқауларда бақ сынап, жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Олардың 85 проценті оқу бітіргеннен кейін ірі қалалардағы өнер академиясына оқуға түсіп, білімін жетілдіреді. Ал қазіргі таңда қаладағы өнер мектебінің жалпы ұлт-аспаптар бөлімінде 130-дан астам жас білім алса, оның 70-80-ге жуығы домбыра үйренуге ниет білдірген өрендердің үлесінде екен. Мұндағы әрбір баланың әбден машықтанғаны соншалық талдырмыш саусағы домбыра шанағында жеңіл жылжып, аспап пен көңіл пернесін дөп басуда өте шебер-ақ.
Бүгінде жерлесіміз Біржан Ділманов ата жолын қуып, домбыра жасайтын өз шеберханасын ашқан. Он саусағынан өнер тамған шебер ағаштан түрлі бұйымдар істейді. Басты кәсібі – домбыра жасау. Ол сүйікті ісін 20 жыл бұрын бастаған. Шебер домбыраны аз дегенде 10 күнде жасаса, ең ұзағын 3 айда бітіреді екен.
– Ұсталық қасиет әкем Базарбектен дарыған. Бүкіл Ділманов әулеті осы кәсіппен айналысамыз. Үлкен ағамыз Сапарбек домбыра жасайтын цех ашып, осы істі бірінші болып қолға алды. Қазір оның ізін біз жалғап келеміз. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында шеберхана филиалдары жұмыс істейді. Біздің шеберханада 15 станок бар. Оның әрқайсысын пайдалануда аса ұқыптылық пен икем керек. Әр дүниені сапалы әрі сәнді етіп жасауға барынша күш саламыз. Домбыраны бір ай істесем де сапалы болғанына баса назар аударамын. Қазіргі кезде сатып алушылар өздері іздеп келіп, жиі тапсырыс береді, – деді «Жетіген саз аспаптар» ЖШС шеберханасының жетекшісі Біржан Ділманов.
Соңғы жылдары ұмыт бола бастаған дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында түрлі жобалар қолға алынуда. Солардың бірі «Домбыра пати», «Домбыра фест» шаралары Қазақстанның түкпір-түкпірінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылуда. Ашық аспан астындағы бұл игі шара өнерге құштар жастар тарапынан қолдау тауып, дәстүрге айналғаны көңілге қуаныш ұялатады. Аталған жобаның аты мен затына байланысты сын пікір айтылса да, ұлттық құндылықты насихаттаудың жаңа форматының орны ерекше болып тұр. Себебі жас ұрпақты киелі өнердің құдіретін ұғындырып, қызығушылығын оятуда бұл әдістің маңызы зор. Оның қыруар қаржымен өтетін жаттанды мерекелік жиындардан әлдеқайда артық екендігі де сондықтан болар.
Ұлттық өнердегі мұндай жетістікті көріп іштей қуанасың. Өйткені бұл – қазақ үшін аса қастерлі дүние. Домбыраны шерте білу – ата дәстүрге бойлап, бойға сіңіре білу. Атадан қалған баға жетпес мұрамызды жас ұрпақ өз деңгейінде құрметтеп, келер буынға аманат етсе, нұр үстіне нұр болмақ. Ғалымдардың пайымдауынша, кімде-кім домбыра құдіретін шын ұғынса, психология, физика, математика, тарих, педагогика ғылымдарының барлығын оңай меңгере алады деседі. Бұл домбыраның біз біле бермейтін қасиетін аңғартса керек. Ендеше, әрбір иісі қазақтың бұл жәдігерді ұлттық құндылықтың бірегейі ретінде қастерлеуі парыз.
Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!