Сейсенбі, 03 желтоқсан, 22:48

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№96-2106
03.12.2024
PDF мұрағаты

Тұғыры елдің – Ата Заң

28.08.2021

3166 0

Ата Заң жайлы сөз қозғағанда «Қасым ханның қасқа жолы, «Есім ханның екі жолы», Тәуке заманындағы «Жеті жарғы» секілді заңдар жинағы еске түседі. Осыдан-ақ қазақтың әуел бастан құқықтық принциптерге негізделген елде өмір сүргенін аңғаруға болады.

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясының қабылданғанына 26 жыл толды. Еліміздің басты құқықтық құжаты 1995 жылғы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Бірақ бұл Қазақстанның ең алғашқы конституциясы емес-ті.

Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1926 жылдың 18 ақпанында қабылданған. Ол Конституцияда заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдары құрылымын, атқарушы, өкім беруші органдары бекітілген. Сондай-ақ сайлау құқығының, қаржылық құқықтың бастаулары белгіленді. 1926 жылғы конституцияға сәйкес, Қазақстан Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы (РКФСР) құрамындағы құқықтық республика саналды. Ол кезде Қазақ Республикасының астанасы Қызылорда болғаны тарихтан мәлім. Демек тарихи құжаттың негізі Қызылордада жатыр деген сөз. Екінші рет 1937 жылдың 26 наурызында Х бүкіл қазақтар құрылтай кеңесінде ҚазССР Конституциясы қабылданып, ол 11 бөлім және 124 баптан тұрды. Онда «СССР Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ ССР-і өзінің тәуелсіз құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өз бетімен жүзеге асырады» деп жазылған.

ІХ шақырылған республика Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында, яғни 1978 жылдың 20 сәуірінде үшінші Конституция қабылданған. Ол кіріспе, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрған. Сол кездегі жаңа Конституция сәйкес, үкімет билігі жұмысшы, шаруа, еңбек интеллегенциясының табына жататын халық ішінде болды. Ал үкімет билігі мен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР коммунистік партиясы бақылады. Республиканың экономикалық жүйесі мемлекеттің, кооперативтік-колхоздың және кәсіподақ пен басқа да ұйымдардың меншігі деп танылды.

1990 жылдардың басында Қазақ КСР-інде, одан кейін Қазақстанда 1978 жылғы Конституцияға өзгертулер енгізген бірқатар заң қабылданды. «Мемлекеттік өкімет құрылымдарын жетілдіру туралы» 1990 жылғы 20 қарашадағы Заңға сәйкес, Президент атқарушы және өкім етуші билік басшысы болғаны туралы ереже, ал министрлер кеңесі министрлер кабинетіне өзгертілді және жергілікті өзін өзі басқару, Қазақ КСР атауын өзгерту, ҚР азаматтығы туралы Заңдар және басқа да құжаттар мақұлданды.

1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында кіріспеден, 4 бөлімнен, 21 тараудан және 131 баптан тұратын Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық норманы, яғни халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде және Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдары – Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды.

Бүгінгі күні қолданыстағы Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Ол 9 бөлім, 98 баптан тұрады. 1998 және 2007 жылдары Конституцияға Президенттің өкілеттілігін ұлғайту жөнінде елеулі өзгерістер енгізілді. 1995 жылғы Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан айырмашылығы – жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енгізілген. Бұл Конституцияны Референдумға қояр алдында оның мәтіні халықтық талқылауға түсіп, дауыс беру құқығы бар 7 миллион азамат таңдау жасады. Осылайша 90 процент таңдаушы бұл заңды мақұлдап, жаңа Конституцияның қабылдануын қолдады.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Конституцияның қоғамдағы орнын бағалай келіп: «Халқымыздың жүрегінен шыққан, заман сынына қапысыз төтеп берген мемлекеттігіміздің темірқазығы» деп бекер айтпаған. Себебі қазақ халқы қашанда заңға арқа сүйеп, тәртіпке тәуелді болған. Жарғылардан өз бастауын алған Ата Заңымыз мемлекет тұғыры, халық бірлігінің ұйытқысы, туған жеріміздің саяси қалқаны, егемендігіміздің кепілі.

Бүгінгі бейбіт күннің себепкері, тұрақтылықтың нышаны, қоғамдық келісімнің басты символы да осы – Ата заң. Онда бекітілген қағидалар мен ережелер қоғамдағы қатынастарды реттеуде өз әмбебаптығын жоғалтқан емес.

Қысқасы Конституция – елдігіміздің арқауы, кемелдігіміздің айқын кепілі. Оны қастерлеу – халықты құрметтеу. Біздің басты міндетіміз – Конституция талаптарына аса ұқыптылықпен қарау. Оның ережелерін сақтау баршамыздың туған ел мен жер, Отан алдындағы борышымыз.

А.ЖАЙҚОНЫСҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: