Жексенбі, 22 желтоқсан, 21:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова: «Жақсылықтың дәнін егіп кетсем деп тұрамын»

10.10.2023

18376 0

Бүгінгі сырлы сұхбатымыздың кейіпкері – жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты,

Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті, Қорқыт ата атындағы ғылыми-зерттеу орталығының жетекші ғылыми қызметкері Ұлжан Мәлікайдарқызы Байбосынова.

– Бүгінде елге танымал өнер иесісіз, әрі ұстазсыз. Осы танымалдыққа қол жеткізу жолында қан­шама еңбек­теніп,  балалықтан даналыққа қадам бастыңыз.  Өнер жолы қиын жол екенін білеміз. Өзіңіздің балалық шағыңыздан бастап өсу, өрлеу жылдарына шолу жасасаңыз…

– Өнер дариды. Туғаннан ата-анаға ғана баланың тұла бойы қасиеті белгілі болады. Сол қасиетті тани білген ата-ана да, бала да бақытты деп білемін. Туғаннан бойымда бар өнерді таныған ата-анам осы өнер жолына қарай баули берді. Сыр бойы – жырауға тұнып қалған киелі жер. Оттың басында қандай да кісі басы қосылған жиын жыраусыз болмайтын. Нағашым жырау  Әбдірасыл Жұбатқанов біздің шаңыраққа  жиі келіп, жыр жырлайтын. Ол кісі таңды таңға асыратын даңғайыр жырау еді. «Әбу Шаһима», «Жарлы тәліп», «Сәдуақас сахи», «Ұры Қарға»  және  көптеген Сыр бойы ақын-шайырларының терме-толғауларын жырлағанда тыңдаушы таң асырып, тыңдаудан жалықпайтын. Мен ес біле бастағаннан жырау тыңдап дағдыландым. Жыраулық өнер саналы өмірге қадам бастырып, өзі тәрбиелей берді. Үш жасымда бойымдағы өнерді таныған ата-анам, көпшіліктің ортасында ұстады, жырау келсе алдына отырғызды. Алты жасымда мектепке емес, музыка мектебіне анам жетектеп апарып, қолыма домбыра ұстатты. 8 жасымда алғаш рет «Мақтұмқұлдың термесін» орындап мектеп сахнасына шықтым. Сахнаға шыққаныма биыл 42 жыл болады екен.

– Өнер жолыңызға талпындырып, қанатыңыз­ды қатайтқан тәлімгер ұстазыңыз туралы айта отырсаңыз…

– Менің алғашқы ұстазым –  атам мен анам. Өмірге де, өнерге де баулыған сол кісілер деп білемін. Әуелі Алла бойға дарытқан өнерді көре білген ата-анамның тәрбиесі. Онан кейін Сырдың бойындағы өзім тыңдап өскен Әбдірасыл Жұбатқанов, Шәмшәт Төлепова, Сүйінбай Ақбаев, Балхашбай Жүсіпов, Ақмырза Тұяқбаев, Фатима Тұяқбаева, Жаппар Тұңғышбаев, Запа Дәулетбав, Бидас Рүстембеков сынды елге аңыз болған, жыраулық өнердің өрісін кең жайған Сыр бойының нағыз даңғайыр дүрлері еді. Осындай жырауларды көру, олардан тәлім алу бақыты бұйырды. Тыңдап өстім. Мектепте оқып жүргенімізде Тасбөгетте қазіргі Сәбира Майқанова атындағы мәдениет үйі бой көтеріп, ішінен жыр-терме үйірмесі ашылды. Үйірмеге жетекші болып Серік Өтеуов ағайымыз келді. Тамаша адам еді. Ақ жарқын. Ұстаз дейтін атқа өте лайық болатын. Менің алғашқы ресми десек қалай болар екен? Иә, арнайы үйірмеде дайындаған, жыраулық өнерде, сахнаға үйреткен Серік ағам. Мақам-сазды өте сұлу салатын. Тәрбиелі орындауды, сахна мәдениеті дегенді Серік ұстаздан үйрендім. Рухы шат болғай. Үйімізде де Серік ағам талай жыр жырлайтын.  Үн таспасын да кезінде жазып алып, балаларына кейін сыйға тарттым. Жазып алып демекші, ата-анам сол заманда таптырмайтын «Сатурн» магнит таспасын ат пен түйе беріп сатып алып, жырауларды арнайы мен үшін жазып алып, мақам-саз үйренуге бар жағдайымды жасайтын. Сол магнит таспасына Әбдірасыл Жұбатқановтың орындауында Шораяқтың Омарының «Әбу Шахма» дастаны мен «Ұры Қарғаны» тағы басқа көптеген терме-толғауларын жазып алған болатын. Ата-анам тәлімді жырды  жазып отырғанда  мен де тыңдаушылар қатарында отырғаным бар. Ол кезде  мен бар болғаны 3 сыныпта оқитынмын. Сол магнит таспаға Серік ағамыздың да орындауындағы «Әбу Шахма»дастаны жазылып қалды. Сұрағыңыздың орайына қарай айтып жатқаным ғой. Мектеп бітірген соң анам жетектеп Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогика институты, музыка факультетінен алғаш рет ашылған «Халық әні» кафедрасына оқуға алып келді. Әуелгі  кафедраның іргесін қалаған Алмас Алматов ұстазымыз. Осылай кәсіби мамандыққа қарай жол түзедім. Университет қабырғасында жүріп ғылымға да құштарлығым оянды. Дипломдық жұмысымның тақырыбы «Сыр бойындағы мақам-саз ерекшелігі» деп аталды. «Өте жақсы» деген бағамен қорғап шықтым. Оқу бітірген соң Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аспирантурасына оқуға түстім. Этномузыкатану мамандығы бойынша әуелі 2 жыл стажер – зерттеуші, онан соң 3 жыл аспирантураны тәмәмдап, 2007 жылы «Сыр бойындағы ақын-жырау­лар шығармашылығындағы ислам» тақырыбында кан­ди­­даттық диссертация қорғап шықтым. Бұл жолда да ұстаздарым көп болды. Жетекшілерім өнертану ғылым­дарының докторы, профессор Әсия Мұхамбетова, филология ғылымдарының докторы, академик Қансейіт Әбдезұлына ризашылығым шексіз.

– Ұлттық өнердің ұлықтысы – терме айту. Сыр бойының мақамымен қандай жыраулардың термесін орындайсыз?..

– Сыр бойында сақталған ауыз әдебиетінің барлық жанрлық ерекшелігі сақталған туындылар көрсеткіші зор деп айта аламыз. Терме-толғау, арнау, көңілқос, мінажат-ғазал, мысал-хикая, қисса-дастан, көлемді эпостық жыр­лар. Әрбір ақын-шайырдың соңында қалған мол мұра бұл күнде Сыр елінің рухани азығына айналды. Ел жадында жатталған, ұрпақ санасында сақталған текті өнер сабақтастығы әлі жалғасуда. Сырдың бойындағы тарих тамыры тереңде екенін жақсы білеміз. Көне заманнан өркениеттің отаны болған Сыр бойының мәдениеті, музыкалық өнеріне әлем жұртшылығы таңдай қақты. Көмеймен айту дәстүрі, атадан-балаға жалғасатын генетикалық жад арқылы тарайтын бұл өнер өшпейтін мәңгілік мұраға айналып барады. Мұндағы мақам-саз, орындау ерекшелігі тыңдаушысына тылсым күш беретін қасиетке ие. Киелі өнер деп танитынымыз да сондықтан болар. Мақам-саз дегенде ерекше жырау Бидас Рүстембековті айтып өткенді жөн көріп отырмын. Сырдың бойында әйгілі киесі жолбарыс болған Жиенбай жырау,  Рүстембек жырау,  Көшеней мен Бидас жыраудың жырлары кең тарағанын жақсы білеміз. Осы жыраулардан жеткен мақам-саз үлгілері кеңінен сақталған. Менің тағы бір үлкен бақытқа ие болған тұсым да Бидас жыраудың өз аузынан мақам-саз бен Жиенбай жыраудың нұсқасында сақталып жеткен «Көрұғлы» жырын ауызба-ауыз үйренуім еді. Атадан-балаға тікелей жеткізген ұрпағы Бидас жыраудан үйрену екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақ дер едім. Көне үрдістің ізімен ауызекі үйреніп, қазір «Көрұғлы» жырын орындап келемін. Осы жырды үйрету барысында Бидас ұстазым мақам-саздың мәйегін үйретті деп айта аламын. Онан бөлек Сыр бойының ақын-шайырларының асыл туындыларын жыр қорымызға қосуға барымызша тырысып бақтық.

– Отбасыңыз туралы айта отырсаңыз. Өнер құдіреті ана сүтімен дариды деп жатады. Сізге осындай телегей теңіз өнер кімнен берілді?

– Иә, өнер дариды, ананың сүтімен, әкенің қанымен десек болатын шығар. Бұл өнер тек қуалайды. Сырдың бойында кете  дейтін ру бар. Сол рудан көптеген ақын-шайыр, жыраулар шыққаны белгілі. Ешнияз сал, Жиенбай, Тасберген, Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет тағы бас­қалар.  Мен де сол руданмын. Өз жұртым да, нағашы жұртым да кете руынан болған соң өнерді айналып өту мүмкін болмай қалған сияқты. Бұл да бір бақыт қой. Ата-тегің өнерді, мол мұраны дайындап беріп кетті. Әуелі Алла, сол өнермен ризық-несібемізді жиып жүрміз.

– Ақын, аудармашы, философ Шәкәрім Құдайберді­ұлының шығармашылығына терең мән беріп, сәулелі ойдан ғибрат алады екенсіз. Сол туралы пікір білдірсеңіз…

– Әдемі сұрақ. Бұған дейін әңгімеміз Сыр бойының ақындық-жыраулық аясында азғантай ой-пікірімізді білдірген болдық Ал енді ен қазақтағы даналықтың болмыс-бітімін жасаушылар Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп деп айта аламыз. Сананы оятар, адами көкірек-кеуденің  отын жағар , келелі ой салар ұлы ойшылдарды  оқымау, олармен сусындамау мүмкін емес. Олардың қалдырған мұрасы әлі де өзектілігін жойған жоқ және жоймайды да. Дәл қазір сол әулиелердің сөзі ен қазаққа керек-ақ. Даналық ойлар рухтандырады, сабырға шақырады, иманыңды тасытады, көркем мінезге тәрбиелейді, адами атыңды алып жүруге көмектеседі.

– Елге келгенге дейін қай жерде жұмыс істедіңіз?

– Жыраулық өнер өзі жол салып, сызып беріп отырады екен. Оны өзің таңдамайсың, сен үшін ол таңдайды. Өйткені бұл өнер халыққа қызметтен тұрады. Бұл өнер адамзаттан тазалықты күтеді. Жаман жер басқызбайды. Айналаңды да таза ұстауға бағыттайды. «Әділдікті айт, шынайы бол!» дейді. Салмақтап ойласақ,  бұл да бір бақыт! Адами атың азбайды. Жақсылыққа ғана ұмтыласың, жамандықтан жерисің. Жан-жағың өсіп-өркендесе екен, көгеріп-көктесе екен дейсің. Жүрген жеріңде жақсылықтың дәнін егіп кетсем екен деп тұрасың.Өмірімнің 25 жылын  ұстаздыққа арнап, шәкірт тәрбиеледім. Мектептен бастап сабақ бердім. Алматыда «Көкіл» мектебінде 10 жыл қызмет етіп, сол мектепте «Мұрагер» бағдарламасымен Абдулхамит Райымбергенов дейтін күйші, қазанғаптанушы ұс­тазы­мызбен бірге жалпы білім беретін мектептер үшін музыка пәніне арналған оқу-әдістемелік құралы мен оқулықтарын жазып шығардық. Бұл еңбек те келешекте өз орнын табады деген ойдамын. Онан соң консерваторияда жыр класы бойынша шәкірттер даярладым. Сол аралықта Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде директорлық қызметте болдым. 4 жыл басқарғанымда көптеген құнды экспонаттарды ұлттық қорға жинақтадық. Ерекше айтатыным, Ақан серінің, Шәкәрімнің түпнұсқа домбыраларын тауып, музейге қойдым. Бұл да бір қазақ мәдениеті үшін жасалған игі жұмыс  деп ойлаймын. Азғантай уақыт болса да елге келіп қызмет жасадым. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қазанғап атындағы муыкалық колледжін басқаруда Сыр бойы жастарының өнерге деген ынта-ықыласын көру де мен үшін үлкен абырой болды деп есептеймін. Колледжге жаңа ғимарат салу ұсынысымды қабыл алған облыс басшысына ризашылығым шексіз. Бұл Сыр бойының бағзыдан жалғасып жеткен өнері мен мәдениетіне жол салу, болашағына тың серпін беру деп білемін. Әлемдік өркениетке үлкен үлесін қосқан Сыр өлкесінен әлі Қорқыттай абыз туары сөзсіз. Бұл қадам осы жолда жасалған игі жұмыс дер едім.

– Қазір талантты жастарды өнерге баулып жүрсіз.  Талантымен тамсандырған жастар деп кімдерді айтар едіңіз? Жалпы ұлттық өнерге жас буынның көзқарасы қалай?

– Бүгінгі таңда еліміз үлкен тарихи даму сатысына қадам басқалы тұр. Жаңа Қазақстанның болашағына тың серпін беруде жастардың алатын орны зор. Ғылым мен білімге көңіл бөліп, жаңа мектептер салу, оқу орындарын жаңғырту, жағдай жасау осының белгісі деуге болады. Жастардың келешегіне мүмкіндік жасау, бұл мемлекеттің болашағын нығайту деп айтқан болар едім.

– Өзіңіздің әніңізді сүйіп тыңдайтын көрермендерге тілегіңіз…

– Елімізде талантты жастар көбейсін, туған өңіріміздің 85 жылдық мерейлі мерекесі баршамызға құтты болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін рақмет! Шығармашылық шабыт тілеймін.

Сұхбаттасқан Гаухар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: