Сыр өңірінде сөзден сүбе асап, жырдың жілігін шағып, мақалдың майын ішкен жыр жүйрігі баршылық. Содан болар «Сырға барсаң, жыршымын деме» дейтіні. Алқымы алтын, көмейі күміс Сыр сүлейлерінің көрнекті өкілінің бірі – Базар Оңдасұлы.
Балқы Базар Оңдасұлы 1841-1911 жылдар аралығында өмір сүрген ғибратты ғұмыр иесі. Оның даналыққа толы жарқын жолы исі қазаққа үлгі, өнеге. Базар Оңдасұлы шөмекей руының ішіндегі Балқы аталығынан тарайды. Содан ел арасында Балқы Базар атанып, 15–16 жасында «бала жырау» деген атқа ие болды. Жыр жампозы «Әуелі Базар атандым, он алты деген жасымда, Бай Көкшенің асында», – деп жырлайды.
Жыраулық жолы
Базар жырау әкесінен ерте жетім қалып, есейгенше нағашысы Өтемістің қолында тәрбиеленіп, жетіледі. Тоғыз жасында Тәспен би оны өз қолына алады. Тәспен ауылына сол кездегі Сыр бойы, Арқа өңірінен жыраулар жиі келіп, апталап, айлап жатады екен. Бұл Базардың жыраулық жолға түсуіне себеп болады. Сонда алғашқы мектебі қалыптасады. 1858 жылы Тәспен би Қызылқұмдағы игі жақсыларды шақырып, ұланаасыр той жасап, Базардың астына жүйрік ат мінгізіп, үстіне шапан жауып, жыраулық жолына сәт сапар тілейді. Базар жырау осы кезден бастап Ырғыз, Сыр бойы, Қызылқұм, Үргеніш, Хиуа жерлерін жырау ретінде аралайды. Осы өңірлерде есімі мәшһүр Ноғайлы дәуірінің қиссаларымен танысып, оларды жаттап, халық арасында жырлайды. Хорезм жағында жүрген кезінде Орта Азия жұртшылығы арасында кеңінен мәлім «Көроғлы», «Жүсіп-Ахмет» дастандарын қазақ тілінде жырлап, Сыр бойына кеңінен таратады. Сонымен қатар шығыс аңыздарының ізімен «Әмина қыз», «Айна-Тарақ» дастандарын жазып шығарады. 1907 жылы Қазан қаласынан басылған «Айман-Шолпан» жырын қайта жаңғырта жырлайды. Кейіннен «Қыз-Жібек» жырын да жырлап, таратады.
«Қазақты сүттей ұйытты, аузымнан шыққан лебізім»
Жырау шығармашылығынан туған әрбір туынды елді ынтымаққа ұйыстырып отырған. Шығармашылық ғұмыры ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың алғашқы он жылдығына тура келетін жыраудың жыр-толғаулары сол кездің өзінде-ақ Сыр бойына ғана емес, күллі қазақ даласында дәріптеледі. Сол замандарда әрбір аймақтарда көптеген жас таланттар Базар жырау шығармашылығынан ауызданып, өнерлік жолын бастағаны жайлы нақты деректер айтылады. Жыраудың өзі: «Қазақты сүттей ұйытты, аузымнан шыққан лебізім» немесе «Дабылым кетті алысқа, Жиреншенің өзіндей» деп жыр толғайды. Осы өлең жолдарынан оның әуелден ақындық, жыршылық кеңістігі кең де кемел болғанына көз жеткіземіз. Сәкен Сейфуллин: «Бұқар жыраудан кейінгі қазақтың ірі жырауы» десе, Мағжан Жұмабаев: «Асса елдің қамын ойлаған, қалса өзінің ойына терең бойлаған», – деп оның қарым-қабілетін жоғары бағалайды. Сөз саңлақтарының жырау шығармалары жайлы жазған орамды ойлары оның мұраларына деген оң көзқарас қалыптасуының айғағы.
Өнердің мұраты – адамзатқа қызмет ету
Ес білгелі ел аузындағы жыр термелерді, толғау дастандарды жаттап өсу жыраудың балалық шағына тән базарлы уақыты болатын. Өнердің мұраты – адамзатқа қызмет ету. Өнердің тақырыбы – адам тағдыры. Бұл тұрғыдан алғанда Базар жырау шығармалары көркем бейнеге негізделіп құрылған. Тағы бір айта кетерлігі, өз өлкесі мен ел ішіндегі елеулі есімдерін елеп, өмірлерін көркем шежіреге айналдыра отырып жырлау – Базар жыраудың дара қолтаңбасы. Тарихи тұлғаларды қамтып жырлау оның ақындық орбитасының кең екендігін көрсетеді. Сонымен қатар жырау шығармаларында сазды әуен, сырлы мұңмен бірге эпикалық қарқын, қуат та бар. Екіншіден, жыраудың суреткерлік тұрғыдағы қазақ өлеңіне қосқан үлкен жаңалығы – жыр толғауларға әдеби кейіпкерлерді молынан енгізуі.
Ол іргелі толғауларында өмірдің мән-мағынасына көз жүгіртеді. Тіршілікте кездесетін жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлымдық хақында тереңнен ой толғаған талант иесі. Оның жырлары афоризмге толы, жырау ел аузында айтылып жүрген мақалдарды ой елегінен өткізе отырып, әрін келтіріп, басқаша мағынамен асқан шеберлікпен қолдана білген. Базар жырау домбыраны өте жақсы тартқаны жайлы да айтылады. Сыр бойында таралып жүрген, көпке ортақ әуендерді өз өлең ырғағына орай өңдеп, өзгертіп қолданған. Оның жырлау сазы өте әсем, қисса, толғауларды орындағанда құбылып орындаған. Бұдан жыраудың сазгерлік қабілетінің жоғары екендігін айқын аңғаруға болады. Қартайған шағында құрдасы әрі туысы Нұрымбеттің Төремұрат деген баласына ауызша айтып отырып, көп толғау-жырлары мен дастандарын хатқа түсірткен. Соның нәтижесінде 15 мың жолға жуық өлең-жырлары мен 5 дастаны сақталған. Базар жырауды Сыр бойындағы шайырлар өздеріне ұстаз тұтып, өнегесін ұстанған.
Қазақ халқының қастерлейтіні, қадір тұтатыны сөз өнері десек, қазақ жұртының руханият дүниесінен ерекше орын алатын Сыр сүлейлерінің басында Базар Оңдасұлы тұр. Сыр сүлейлері негізінен арабша сауатты болған. Өз шығармашылықтарында шығыстың классикалық әдебиет дәстүріне ден қойған. Ұлттық көркемөнеріміздің өркениетті елдердің әдебиетімен, өнерімен шығармашылық байланыста болған.
Дәстүрлі өнердің насихатшысы
Базар жырау шығармасында «Құлаштап дүние сені қармансам да керімі келген шығар ер Қорқыттың», – дейді. Бұл өлең жолдарында Қорқыт есімі жай аталып отырған жоқ. Негізінен сыр сүлейлерінің барлығы да өздерінің туындыларын Қорқыт дәстүрінің жалғасы деп меңзейді. Бұдан Сыр сүлейлерінің шығармалары Қорқыт дәстүрінен бастау алатынын аңғаруға болады. Сыр сүлейлері шығармашылығы оның ішінде Базар жырау мұралары әдебиет тарихына алтын қор болып қосылған құнды дүние. Базар жырау ұлттық әдебиет дәстүрін жалғастырушы ғана емес, оны байытушы.
Жыраудың шалқар шабытын, әруақты ақындығын, талантының тегеурінділігін дәлелдейтін өрелі өлең жолдары шығармаларында көптеп кездеседі. Саф алтындай жарқыраған, мағыналы сөз мәйегі сыр сүлейінің әдеби мұрасының айрықша сипаты. Базар жырау шығармалары қазақ халқының жанына сәуле, рухына қуат құя беретініне күмән жоқ. Өйткені ол мәңгілік мұраның аласармас биігі.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!