Жұма, 29 наурыз, 13:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

2024:аудан әкімдері сайланатын жыл

13.08.2022

901 0

Алдағы уақытта «бұл қайдан келген әкім?» деген сұрақ қойылмайтын болады. Себебі ауыл әкімдері секілді, аудан әкімдерін де халық өзі сайлайды. 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау басталады. Бұл жоспар Президенттің былтырғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес пилоттық жобада жүзеге асады.

Президент тапсырмасына сәйкес сайлау жүйесіне жаңашылдық енгі­зілгені белгілі.  2021 жылғы 25 ма­мырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Соған сәйкес ауыл әкімдерін елді мекен тұрғындары тікелей дауыс беру арқылы сайлау құқығын иеленді. Сондай-ақ бұл лауазымға тұрғындардың өзін өзі ұсынуына мүмкіндік жасалды. Бюллетеньдерде «бәріне қарсымын» деген тармақ қосылды.

Биылғы наурызда халыққа арнаған Жолдауында Президент аралас сайлау жүйесін енгізуді ұсынғаны белгілі. Мұндай пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлаушылардың мүддесі ұлт­тық және өңірлік деңгейде толық көрініс табатыны анық. Соған сай Мәжілістің депутаттық корпусының 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталмақ.

«Партияда жоқ азаматтар Мәжі­ліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайды. Мұны ашық мойындауымыз керек. Соның салдарынан халықтың сайлау нау­қанына қызығушылығы күрт тө­мендеді. Сайлауды керек қылмайтын адамдардың қатары көбейді. Олар өздерінің дауысы маңызды екеніне, ел өмірін жақсартуға ықпал ете алатынына сенбейтін болды. Ашығын айтсақ, қазір жұрт депутаттарды аса тани бермейді. Осындай жағымсыз жайттарды ес­кере отырып, мен аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынамын. Сол кезде бар­лық азаматтардың құқығы толық ескеріледі», – деді Мемлекет басшысы өз Жолдауында.

Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы аудан әкімдерін сайлау процесін жеделдету қажет екенін және «Аманат» партиясы белсенді түрде қатысу керегін атап өтті.

«Алдағы уақытта біз аудан әкімдерін сайлаймыз. Менің ойымша, аудан әкімдерін сайлауды ұзаққа созудың керегі жоқ. Бұл процесті жеделдету қажет. Осы сайлауға пар­тия лайықты кандидаттарды ұсыну арқылы белсенді түрде қатысады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жаңа Қазақстанды құруға өзгеріс енгізіп, аяқ басқан еліміздің алғашқы қадамы осы болмақ. Орталық Азия елдері ішінде Қазақстан Республикасы аудан мен ауыл әкімдерін сайлау құқын халықтың өзіне тапсырған алғашқы мемлекет болып есептелді. Аталған саяси пилоттық жоба билік пен халықтың арасын жақындата ала ма? Осы сұраққа жауап алу мақсатында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Философия және әлеу­меттік-гуманитарлық пәндер» ка­фед­расының доценті, саясаттанушы Ербол Әбеновті әңгімеге тартқан едік. 

Аудан әкімдерін сайлау  ашық қоғамға негіз бе?

Саясаттанушыға алғашқы қойған сұрағымыз осы болды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар қасіретінің салдарынан қоғамда саяси-эко­но­мика­лық реформаларды іске асы­руды жүзеге асыру мақсатында «Жаңа Қазақстан» құру туралы бастама көтерді.

Президенттің бұл бастамасы қо­ғамда кеңінен қолдау тапты. Саяси саладағы реформалар демократиялық дамуға жетелейтін біздің бағыт-бағдарларымызды бекемдей түсетіні анық. Сонымен қатар саяси жүйені қайта түлетіп, мемлекетті басқару істеріне азаматтардың белсенді түрде қатысуына ықпал етеді.

Қазақстан қоғамын жаңартудың маңызды факторларының бірі – жергілікті өзін-өзі басқару істерін реформалау болып саналады. Ал жер­гілікті өзін-өзі басқару істерін­дегі алғашқы қажетті маңызды шара әкімшілік-аймақ бірліктері бас­шыларының халықтың сайлауы ар­қылы анықталып, қызмет жасау үдерісі.  Бұл мемлекеттің ішіндегі саяси биліктің орталықсыздандырылуы болып табылады. Міне, бұл ашық қоғамға бағытталатын еліміздің алғашқы демократиялық қадамы бола алады деп санаймын. Бұл – барлық дамыған елдердегі қалыптасқан дәстүр, – дейді ғалым.

Бұл жүйенің қаншалықты өзгеріс әкелетінін ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен саясаттанушы Ербол Әбеновтің пікірінше, қазіргі қоғамдық өмірде, атап айтқанда аза­маттардың тұрмысын, коммунал­дық қызметтер, жеке бас қауіпсіздігі, әлеуметтік қорғау және басқа да аймақ кеңістігіндегі ауыл тұрғындарының отыз жыл бойы жинақталған мәселе­лерін шешу мен жолға қоюда, тек мемлекет ұйымдарының қауқары­ның жетпейтіні белгілі. Сондықтан осы жүйе арқылы, яғни халық сайлаған аудан әкімдеріне аудан көлемінде атқаратын ерекше өкі­леттіліктер мен құзіреттіліктер бе­рілуі қажет. Жергілікті өзін-өзі бас­қару демократиялық басқарудың маңызды шартының бірі ретінде мемлекетті жергілікті маңыздағы мыңдаған мәселеден босатады. Осындай жағдайда ғана, қоғамдағы азаматтардың сұраныстары қанағат­тандырылып, қоғамда өзгерістер бо­лады.

Атап айтқанда, азаматтардың талап-тілектерін, мұқтаждықтарын жоғары билік ұйымдары арқылы емес,  жергілікті аудан әкімшілігінің ұйымдары арқылы шешуге мүм­кін­дік туады. Сонымен қатар бұ­рын­нан қордаланған проб­лема­ларды ауданның жергілікті ұйымдары өздері шешуге қол жет­кізеді.

Қалай болса да жергілікті өзін-өзі басқару тәжірибесі арқылы әкімшілік-аймақтық бірліктердегі басшыларды халықтың сайлауы демократиялық үрдіс ретінде тұтас қоғамдық-саяси өмірге енгізілуі қажет.

Аудан әкімдерін сайлауға халық дайын ба?

Аудан әкімдерін сайлау халық үшін тиімді болуы мүмкін. Бірақ рушылдық, тамыр-таныстық деген бар ғой. Бұл сұраққа саясаттанушы былай жауап берді.

– Қоғамдағы соңғы жылдардағы саяси-экономикалық дағдарыстары, әсіресе биылғы қаңтар оқиғасы нәтижесінде халықтың саяси сана­сы біршама жоғары көтерілген сияқ­ты. Сондықтан халық қоғамның демократиялық бағытта дамуына мүдделі болып отыр. Осыған сүйенсек, әрбір азамат өзінің және кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін саналы саяси ұстанымын қа­лыптастырып, салауатты ойлау қабілеттерін  арттыра алды ғой деп есептеймін. Ауыл әкімдерін сайлау үдерісін бастарынан өткізген халық, аудан әкімдерін сайлауға тәжірибелері жеткілікті болар деп айта аламын.

Дегенмен, біздің қоғамдағы бұ­рыннан қалыптасқан басты қасіреттің бірі рушылдық пен жершілдік екені анық. ХХІ ғасырда өмір сүріп отырған біз үшін, архаизм тұрғысындағы бұл қоғамдық дерттің осы күнге дейін көрініс беруі өте өкінішті ұлттық трагедия. Билік ұйымдары мен ел басшылығы қыз­метіндегі адамдардың шыққан тегіне емес, біліміне, іскерлігіне, адалдығы мен парасаттылығына қарай бағаланатынын екінің бірі білетін сияқты. Дегенмен кейбір ескі­шіл трайбалистердің азғыруы мен насихатына еретіндер баршылық. Сонда да болса, бұл қоғамдық дерт аудан әкімдерін сайлау нәтижелеріне аса қатты әсер ете қоймас.

Менің ойымша, аудан әкімде­рінің сайлау барысына билік ұйымдары өкілдерінің жасырын араласып кету қаупі көбірек болады деп санаймын.

Себебі біздің жоғарғы мемлекеттік құрылымдардың билікті қолдарынан барынша шығарғысы келмейтіні айдан анық. Сондықтан аудан әкім­дерін сайлау науқанында қоғам белсенділік танытып, мемлекетке тәуелсіз сайлау комиссияларын құру­ға күш салуы керек. Ол үшін сайлау комиссиясының құрамына биліктен талап ете отырып, қоғамға жанашыр, қоғам мүддесін ойлайтын, адал аза­маттарды енгізу қажет.

Сонымен қатар ең маңызды мәселе аудан әкіміне лауазымына жергілікті жағдаймен өте таныс, халықтың қамын ойлайтын, білімді, іскер, сол аймақтың тумалары кан­дидат ретінде тіркелуі қажет. Сай­ланған аудан әкімдерінің атқарған қызметінің есебі халық тарапынан қатаң сұралуы тиіс.

P.S. Аудан әкімдерін сайлау – «Жаңа Қазақстанды» құруға үлкен мүмкіндік деген тоқтамға келуге болады. Дегенмен халық тұрмысын жақсарту үшін қандай да бір өзгеріс қажет болса, сайлаудың әділ өтуі маңызды. Ол халыққа да байланысты. Руласын, туысын тағайындамай, елге шын жаны ашитын азаматты таңдау қажет. Ол үшін сайлауға түсетін кандидатқа туысым, бауырым да қарамау керек.

Сайлау дегеніміз – халықтың үні, халықтың пікірі. Демек әділ қоғам құрудың алғышарты мен іргетасы осы аудан әкімдерін сайлаудан бастау алары анық. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының басты ұстанымы да осы.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: