ҚазАқпарат – Қызылорда қаласының тұрғыны өзінің 80 жасқа толған туған күнін сайлау учаскесіне барып дауыс беруден бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат .
Ардагер өзінің таңдауын №200 сайлау учаскесінде жасады. Оның айтуынша, сайлау әрбір мемлекеттің дамуында үлкен мәнге ие. Сондай-ақ қария бүгінгі саяси шараның сәтті өтуіне ақ батасын беріп, сәттілік тіледі.
«Тәуелсіз еліміздің дамуында әрбір сайлаудың маңызы зор. Бүгінге дейінгі сайлауларда да мен осылай белсенділік танытып келемін. Бүгінгі мерейтойлық туған күнімде де сол дағдымнан жаңылған жоқпын. Еліміздің болашағы жарқын болуына тілектеспін», – деді ол.
Бүгін Қазақстанда ҚР Парламентінің Мәжілісіне және мәслихаттарға депутаттарды сайлау өтіп жатыр. Қазақстандықтар 5 партияның бірі үшін дауыс бере алады: «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы, Қазақстанның халық партиясы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!