Сенбі, 21 желтоқсан, 21:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әділетті Қазақстан құру жолында

17.05.2022

1844 0

Бүгінде халық арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өткізу жөніндегі ұсынысы жан-жақты талқылануда. Бірі Жаңа Қазақстанның жаңа бастамасы деп қабылдап, қолдап жатса, енді бірі оның не екенінен бейхабар.

Расында, референдум дегеніміз не? Оның халыққа қандай пайдасы бар? Оның маңызы қандай? Бұл – көптің көкейіндегі сұрақтар. Референдум – мемлекеттің ең маңызды мәселелерін халық болып шешудің басты тетігінің бірі. Оны өткізуге әрбір қазақстандық ерікті түрде қатысады. Елімізде 1995 жылы Конституция референдум арқылы қабылданыпты. Одан кейін бүгінге дейін заң тек Парламент арқылы жүзеге асқан. Соған қарағанда осы кезге дейін еліміздегі әрбір өзекті, халық үшін маңызды мәселелер тек билік тарапынан шешімін тапса керек. Жасыратын несі бар, бүгінге дейін «әрбір саяси бастама халықтың қатысуымен өткізілсін» деген қоғам белсенділерінің сөзінен еш нәтиже шыққан жоқ. Десе де мемлекеттің басты байлығы – халық. Енді міне, қарапайым халықтың арман-мақсаты орындалатын күн де алыс емес. Себебі Президент бүкіл халықты 5 маусымда өткізілетін референдумға бір кісідей атсалысуға шақырды. Жаңа Қазақстанды құрудың алғашқы қадамын референдумнан бастау арқылы Мемлекет басшысы енді әр қазақстандықтың пікірі маңызды екенін айқындады. Осындайда «Келісіп пішкен тон келте болмас» деген әдемі теңеу еске түседі.

Референдум халықтың еркін білдіру тәсілі ретінде өте кең таралған тәжірибе болып саналады. Көбіне оны Швейцария елі кеңінен қолданады екен. Референдум Еуропа елдерінде соңғы 200 жылда – 149, Орта және Таяу Шығыста – 93, Азия елдерінде 30 рет өткізілсе керек.

Осыған орай республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде сенатор Мұрат Бақтиярұлы осындай референдумның 27 жыл бұрын өткенін айта келіп, ол кезде қолданыстағы Ата заңымыз қабылдан­ғанына тоқталған.

– Шынында да екінші Конституцияны 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум арқылы қабылданған еді. Содан бері 27 жыл уақыт өтіпті. Оған қан­шама өзгертулер енгізілді. Қазір жағ­дай мүлдем бөлек. Президенттің басты ұстанымы халықтың үніне құлақ асатын бір-біріне тәуелсіз Атқарушы, Заң шығару­­шы және Сот билігін орнату. Бүкіл өр­кениетті елдердің ұстанымы осын­дай. Де­мокра­тияның бұдан басқа жолы жоқ. Сон­­дықтан да президентіміздің жалпы­ха­лықтық референдум арқылы Ата заңға өзгерістер енгізу ұсынысы келешек тарихи-саяси шешім болып қалатыны сөзсіз, – деді ол.

Сондай-ақ сенатор Ақмарал Әлназарова өз кезегінде Конституцияға енгізілу жос­парланған бұл түзетулер іргелі сипатқа ие екенін және елдің саяси жүйесін түбегейлі өзгертетінін атап өтті.

– Өз басым бұл ұсынысты құптарлық деп көрем, себебі бұл референдум Президентіміздің «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының жалғасы сияқты. Ондағы басты идея азаматтың мүдде­лері басты орынға шығатын, онда мемлекеттік органдардың азаматтармен өзара әрекеттесе отырып, азаматтардың шешім қабылдау және олардың бақылау процесіне тартылуына мүмкіндік беретін кедергісіз мемлекет құру деп білемін, – деді сенатор.

Конституциялық реформа нәтижесінде Ата заңдағы 98 баптың 33-і өзгермек. Референдумда ел қолдаса, онда Ата заңға түзетулер биыл күшіне енеді. Тек Парла­ментке және Конституциялық соттың қыз­метіне қатысты нормалар 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енгізілуі мүмкін. Бұл – жыл соңына дейін осы консти­туциялық жаңашылдықтарды жүзеге асыру үшін қажетті заңдардың тұтас топтамасын қабылдау қажеттілігімен байланысты. Бү­гін­де қарапайым халықты қай баптың өз­геретіні қызықтыруда. Бұл жөнінде мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл «Егемен Қазақстан» газетінде кеңінен баяндап берген екен.

– Конституцияның 6-бабына «Жер және жер қойнауы – халықтың меншігі, бай­лығы» деген бап енгізілмек. Бұл – халқы­мыздың талабы. Ол Президент айтқан Жаңа Қазақстандағы әділеттіліктің орнауы болмақ. Қолданыстағы Конституцияда «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады» деп жазылған. Реформа аясында Қазақстан басқарудың суперпрезиденттік үлгісінен бас тартады. Тәуелсіздікті қалыптастырудың, мемлекет құрудың бастапқы кезеңінде бұл даму моделі қажет те еді. Бірақ қазір заман өзгерді. Сондықтан суперпрезиденттік басқарудан дамыған елдердегі секілді мықты Парламентке сүйенген президенттік республикаға біржола көшеміз. Парла­менттің құзыры мен рөлі күшейеді. Мұндай жүйе биліктің үш тармағының (Парламент, сот және атқарушы биліктің) оңтайлы тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, елімізді орнықты дамытуға септеседі. Осы орайда Мемлекет басшысы өзіне қатысты салмақты шектеулерді қабылдап отыр. Мәселен, Amanat партиясының кезектен тыс XXIII съезінде Қ.Тоқаев билеуші партияның төрағасы өкілеттігінен бас тартты. Сондай-ақ Конституциялық түзетулер нәтижесінде Президент өз өкілеттігін атқару кезеңінде кез келген партияға мүшелігін уақытша тоқтата тұруға міндеттелмек. Аталған норма елдегі саяси бәсекені арттырып, саяси монополияны жояды, барлық партия­ның дамуына бірдей жағдай жасайды. Сайлауға қатысатын әрбір күшке тең мүм­кіндік туғызады. Өзге партияларды Президенттің мысы басып тұрмайды. Сөйтіп саяси жүйеде әділдіктің орнауына жол ашады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің туыстарына қатысты да қатаң шектеу қабылдады. Оның жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші бола алмайды. Квазимемлекеттік секторда, ұлттық компанияларда басшылық лауазымдарды атқара алмайды. Президент бұл шешім қаңтар оқиғаларының маңызды сабағынан туғанын айтты. Себебі мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигар­хиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Олар мемлекетті жекеменшігі сияқты көре бастайды. Осылайша, тәуелсіз­діктің отызжылдық кезеңінде қолданылған «қолдан басқару» тәжірибесі жойылады, барлық іс Президентке барып тірелмейді, өңірлік мәселелерді жергілікті өзін-өзі басқару органдары тұрғындармен ақыл­дасып, сол жерде шешуге құқылы, құзырлы, қауқарлы болады. Жергілікті биліктің дербестігі артады. Бұл – біз ұмтылған дамыған елдердің үлгісі, – деді мәжіліс депутаты.

Шындығында, Қазақстан халқы алдағы референдумда Ата заңға түзетулерді құп­таса, онда Президенттің өкілеттігі біршама азаяды. Мәселен, Мемлекет басшысы облыстардың, мегаполистердің әкімдері қабылдаған шешімдерді, шығарған акті­лерді жою, ол құжаттардың күшін тіпті уақытша болса да тоқтата тұру құқығынан айырылады екен. Сонымен қатар Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін де лауазымынан босата алмайтын болады. Өйткені Қ.Тоқаев бастамашы болған саяси жаңғырулар аясында елімізде ауыл және аудан әкімдері сайланады. Тиісінше, ауыл, аудан жұртшылығы өзі сайлаған әкімін қызметінен өздері алып тастай алады. Мемлекет басшысы сайланған әкімге тиісе алмайды. Осылайша Ата заң баптарының үштен бірі өзгереді деп күтілуде. Осы арқылы Конституция жаңаша сипатқа енеді деген сенім бар.

– Бұл референдум Тәуелсіз Қазақстанның тарихында үшінші рет өткізілмек. Біріншісі 1995 жылы 29 сәуір айында сол кездегі ел Предиденті Н.Назарбаевтың өкілеттігін 2000 жылға дейін ұзарту туралы болды. Оған 90,6 процент халық қатысты. Ал екіншісі 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конс­титуцияны қабылдау жөнінде өтті. Бұл референдумға да халық бір ауыздан белсенді атсалысты. Енді, міне, үшінші референдум өткізілмек. Мұның ерекшелігі неде? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстанды» құру арқылы саяси реформалар жасауда. Президенттің сөзімен айтсақ, Жаңа Қазақстан де­геніміз бұл әділетті елді құру. Әділетті Қазақстанды құру үшін ең негізгі Ата Заңды өзгертуден басталады. Президент бұл бастаманы күзде айтамын деген еді. Алайда көктемде басталды. Референдумда қойылатын сұрақтардың негізгі мақсаты Конституцияның баптарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.  Сондықтан халық дұрыс жауап беруі үшін ондағы әрбір мәтінмен етене танысу керек. Ең алдымен құқықтық сана, құқықтық мәдениетғ құқықтық сауаттылық қалып­тастыру керек. Әрбір өзгертілетін бапты қарапайым халық түсінетіндей болу керек. Референдумнан халықтың күтері көп. Біріншіден, халық қордаланып қалған мәселелер туралы ойын ашық айта алады. Екіншіден, саяси партиялар көбейеді. Үшіншіден, халық сайлаған депутат өз міндетін орындай алмаса, кері қайтады. Енді осы жерде «бұл өзгеріске біздің қоғам дайын ба?» деген сауал туындайды. Осы жерде қарапайым халықтың саяси сауаттылығы сынға түседі. Негізі бізге өзгеріс керек. Ол өзгерістің Ата заңы­мыздан бастау алғанына қуанып жа­тырмыз. Бір ауыздан қолдаймыз. Сон­дай-ақ алдағы өтетеін референдумға бәрі­міз атсалысамыз, – деді Қорқыт ата уни­верситетінің профессоры, философия ғылымдарының докторы Баймырза Қожамберлиев.

 Мемлекеттік заңды уақыт талабына сай реформалап отыру әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар дүние екенін жоғарыда айта кеттік. Сондықтан ғалымдар бұған үрке қарауға болмайтынын айтуда. Расында, енетін өзгеріс қоғамды, мемлекетті әділетті арнаға тартатын болса неге одан қашуымыз керек. Мәселен, кешегі қаңтар оқиғасы қоғамда сілкініс туғызды. Көп дүниенің бетін ашып, бізге мықты болу керек екенін көрсетті. Әр мемлекет өзінің даму бағытын өзі айқындайды. Етек-жеңімізді жинайтын кез келгенін жоғарғы биліктен бастап қарапайым халыққа дейін түсінді. Сондықтан «Жаңа Қазақстанды» құруға әрбір қазақстандық үлес қосуы керек деп білеміз. Ал сіз қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?

Ақмарал ҚАДЫРХАНҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: