Сенбі, 21 желтоқсан, 18:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Әкімдер не дейді?

10.08.2021

1363 0

Күнтізбе парағының жартысынан көбін қайырдық. Яғни бір жылдың тең жартысынан асқанымызға да айдан асыпты. Әрбір адам әр күніне есеп береді деп есептесек, «Бір ауылдың жүгін арқалаған ауыл әкімдері жарты жылда не бітірді?» деген сұраққа жауап іздеу заңдылық. Осы орайда қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдері арасында сауалнама жүргіздік.

1.Жарты жылдың жетістігі қандай?

2.Алты айда шешімін таппаған мәселе?

3.Ауылдағы кәсіптің қарқыны?

Әкімдер не дейді?

Семсер СЫЗДЫҚОВ, Тасбөгет кентінің әкімі:

«Атқарылған істен атқарылатыны көп»

1. Есепті кезеңде кент әкімі аппаратының өзін-өзі қаржыландыру шотынан жал­­пы ұзындығы 0,55 ша­қырымды құрайтын құны 5,004 млн тең­ге қаржыға 2 көшеге ор­таша жол жөн­деу жұмысы жүргізілді. Сондай-ақ 4,87 млн теңгеге  5 балалар ойын алаңы ағым­дағы жөндеуден өтті. Де­меуші есебінен Қ.Бозғұлов көшесіне су сорғыш насосы орнатылып, көше бойы аяқ сумен қамтамасыз етілді. Қала бюджетінен бөлінген 27,154 млн теңгеге 2 көшеге 1,26 км орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сабалақ шағын ауданын ауыз сумен қамту жобасын аяқтауға 2021 жылға ұлттық қордан 576,5 млн теңге қаралып, тиісті жұмыстар қолға алынуда. 2021 жылдың 1-жартыжылдығына бөлінген қаржы толығымен игеріліп, ел игілігі жолында жасалған жұмыстарға толықтай жұмсалды. Осы жылдың 6 айында кент бойынша жиналатын 6 түрлі салық түсімдері 53,55 млн теңгеге жоспарланып, нәтижесінде жарты жылдық жоспар 119,5 процентке орындалды. Әлеуметтік сала бойынша жұмыссыздық деңгейін жою мақсатында 315 адам жұмыспен қамтылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа 136 адам, қоғамдық жұмысқа 46 адам, жастар тәжірибесімен 23 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 10 адам орналастырылды. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт, ауыл шаруашылығы салалары бойынша да тиісті жұмыстар рет-ретімен атқарылуда.

2. Қазіргі таңда кент бюджетінің қаражатына сай тиісті жұмыстар атқарылуда. Барлығы рет-ретімен жүзеге асуда. Жол, жарық басқа да әлеуметтік жұмыстар ел игілігі үшін заманауи келбетте жаңартылып, пайдалануға берілуде.

3. Биылғы жылдың 1 шілдесіне жаңадан 59 жеке кәсіп­кер тіркеліп, кәсіпкерлердің жалпы саны 1271-ге жетті. Жартыжылдықта  мемлекеттік бағдарламалар  аясында түрлі кәсіп бойынша 12 жоба мақұлданып, барлығы 66,751 млн теңгеге қаржыландырылды. Атап айтар болсақ, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында 10 жоба 44 млн теңгеге қаржыландырылды. Сондай-ақ «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 5 жоба 25,5 млн теңгеге, «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 5 жоба 18,5 млн теңгеге қаржыландырылды. «Қайтарымсыз грант» жобасы бойынша 15 кәсіпкеріміз 8,751 млн теңге  иеленді. «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 жоба 14 млн теңгеге қаржыландырылды.

Әкімдер не дейді?

Айбек ЖЫЛҚЫБАЙ, Талсуат ауылдық округінің әкімі: 

«Салық түсімі артты»

1. Қазіргі таңда ауылдық округте 31 көше бар. Оның 7,8 шақырымы асфальтталып, 6,3 шақырымына қиыршық тас төселді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында қосымша 5 көшеге орташа жол жөн­деу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп отыр. 34 отбасына азық-түлік пакеттері, сондай-ақ «Ерназар Мақсұм» мешітінің демеушілігімен 7 отбасыға қатты отын таратылды. Сонымен қатар жеке кәсіпкер қолдауымен жалғызбасты қарттың үйіне «көгілдір отын» кіргізіп, ауыз су желісі тартылды. Демеушілердің көмегімен ауылдық округтегі көпқабатты 2 тұрғын үйге ауыз су желісі жүргізілді. «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ арқылы 1 әлеуметтік дүкен ашылып, төмендетілген бағамен азық-түлік өнімдері сатылуда. Жарты жылда жергілікті салық түсімі 3 млн 248 мың теңгеге жоспарланып, 4 млн 391 мың теңге көлемінде орындалып отыр.

2. 2021 жылдың І-жартыжылдығында ауылдық округте түйткілді мәселе орын алған емес. Жұмыссыздық деңгейін азайту мақсатында 1 адам жастар тәжірибесімен, 11 адам қо­ғамдық ақылы жұмыспен, 5 адам тұрақты жұмыспен қам­тылды. Округтегі бірнеше көшеге жарық шамдар орнату жұмыстарына жобалау-сметалық құжаттары өткізілді. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылады деп күтілуде.

3. Өткен 2020 жыл көлемінде 18 жаңа кәсіпкерлік нысаны тіркеліп, 22 адам жұмыспен қамтылған болса, биыл жаңадан 7 жеке кәсіпкер, 1 ЖШС, 1 шаруа қожалығы тіркеліп, ауылдағы кәсіпкерлік нысан саны 118-ге жетіп отыр. Оның ішінде 5 жеке кәсіпкер мал шаруашылығы, 1 жеке шаруашылық серіктестігі, 2 жеке кәсіпкер әртүрлі қызмет бойынша және 1 шаруа қожалығы мал өсірумен айналысып отыр. 105 дара кәсіпкер сауда-саттық, тасымал, мал бордақылау, асхана, монша, шаштараз секілді әртүрлі кәсіп түрлерін қолға алуда. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар аясында барлығы 29 млн 200 мың теңгені құрайтын 18 жоба қаржыландырылды. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 5 жобаға 22 млн 600 мың теңге, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 13 азамат 7 млн 197 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған шараларға ауыл тұрғындарын тарту мақсатында кәсіпкерлік бөлімі және қаржы ұйымдарының қатысуымен кездесулер ұйымдастырылып, тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Соның нәтижесінде жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 3 азаматша 1 млн 750 мың 200 теңге көлемінде қайтарымсыз грант жеңіп алды. Мемлекеттік бағдарламалар аясында 20 ауыл тұрғынына кеңес берілді. Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы микроқаржылық ұйымынан 1 жоба қолдау тауып, түйе өсіруді қолға алуда. «Бастау Бизнес» арқылы 4 азамат білімін жетілдіріп, арнайы сертификат табысталды.

Әкімдер не дейді?

Ардақ ИБРАЙМОВ, Белкөл кентінің әкімі:

«Электр энергиясы тартылды»

1. Кенттегі 4 көпқабатты тұрғын үй, мектеп, балабақша толықтай табиғи газға қосылды. «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында кент таза ауыз сумен 100 процент қамтамасыз етілді. Белкөл кентіне қарасты Бірқазан елді мекені де назардан тыс қалған жоқ. 2018 жылы республикалық бюджеттен 122 млн және облыстық бюджеттен 13 млн теңге бөлініп, су қыспақты мұнара орнатылды. Елді мекенді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Биыл сол жұмыстар өз жалғасын тауып, елді мекенге ауыз су желісінің құрылысына  республикалық бюджеттен 73963 теңге қаражат бөлінді. Жалпы жоба құны 88622 теңге. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсының жеңімпазы анықталып, алдағы уақытта құрылыс монтаж жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек. Жыл басынан бері тұрмысы төмен және аз қамтылған 80 отбасына 1 млн 300 мың теңгеге азық-түлік таратылды. Жол инфрақұрылымы бойынша «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 190,7 млн теңгеге ұзындығы 5,5 шақырымды құрайтын 6 көшеге асфальттау жұмысы жүргізіліп, қосымша 5 көшеге орташа жөндеу жұмыстарына облыстық автомобиль жолдары басқармасына 100,3 млн теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды.

2. Біздің кентте қордаланған мәселе болған емес. Қандай да бір күрмеулі жұмыс бар болса елмен етене араласып, оң шешімін табуға тырысамыз. Атап айтар болсақ, кент тұрғындары толықтай электр энергиясымен қамтылды. 8 көшеге түнгі жарық шамдар қойылды. Одан бөлек  жарық бағаналарын безендіру жұмыстарына 877,9 мың теңге қаралып, тиісті жұмыстар атқарылып, қаржысы толық игерілді. Сондай-ақ Белкөл кентіне кіре беріс арканы безендірдік. 

3. Шағын кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кентте 226 шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасауда. Жыл басынан бері 19 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 45 тұрақты жұмыс орны ашылды. «Бизнес бастау» бағдарламасымен 3 тұрғын онлайн форматта оқу курсын аяқтап, сертификаттарға ие болды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылға арналған бағдарламасы» бойынша жалпы құны  6 млн теңгені құрайтын 1 жоба қаржыландырылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша екінші деңгейлі банк арқылы 203  млн теңгеге 4 жоба және «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы 8 млн теңгеге 1 жоба қаржыландырылды.  Сонымен қатар, «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымына 15 млн теңгені құрайтын 4 жобаның құжаттары ұсынылды. 

Бағия САРСЕНБАЕВА, Қарауылтөбе ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы:

«Бірнеше жоба қолға алынуда»

1. Ауылдық округ бойынша үнемделген қаражат есебінен 952 мың теңгеге А.Құнанбаев көшесінің аяғы мен Жеңіс көшесіне түнгі жарық бағаналарын орнату жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ салық түсімдерінің орындалуынан түскен қаражаттан 5 млн 571 мың теңгеге жалпы ұзындығы 1,6 шақырымды құрайтын С.Байсейтов көшесіне жарық бағаналары орнатуға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша Ыбырай Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ҒЗИ» ЖШС күріш ауыл шаруашы­лық дақылдарын егумен айналысады. Жалпы егіс көлемі 1102 гектарды құрайды. Оның ішінде күріш – 600 га, арпа, сұлы, бидай – 230 га, мақсары – 40 гектар, қант құмайы – 35 гектар, бақша өнімдері – 12 гектарға егілді. Әлеуметтік сала бойынша тұрмысы төмен 83 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 9 млн 519 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Мәдениет пен білім, спорт салалары бойынша да осындай жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

2. Биылғы 6 айдағы қорытынды бойынша Қарауылтөбе ауылдық округінде шешімін таппаған мәселе жоқ. Жоспарға қойылған мәселелер кезең-кезеңімен қолға алынып,  өз шешімін табуда. Қазіргі таңда жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа бірнеше жобаларды құжаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтар болсақ, мәдениет үйін салу, жаңадан қоныстанушы аумаққа электр желілерін тарту және «Әбдіхалық» қорымына қоршау жұмыстарын  жүргізу. Жоғарыда аталған мәселелерді орындау бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

3. Ауылдық округте 89 кәсіпкерлік нысан жұмыс жасайды. Кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар аясында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 10 млн теңге құрайтын 1 жоба қолдау тапса, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорына» 10 млн теңгені құрайтын 2 жоба ұсынылды. Сонымен қатар жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша 4 жоба қаржыландырылды. Алдағы уақытта да осы бағытта жүйелі жұмыстар жасала береді деп сенемін.

Дайындаған: Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: