Бейсенбі, 26 желтоқсан, 06:40

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Астана сапары несімен маңызды?

17.01.2023

546 0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Астана қаласына жұмыс сапарымен барып,  бірқатар министрмен кездесті. Онда өңір үшін маңызды жобалар талқыланды.

Аймақ басшысы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Зульфия Сүлейменовамен кездесті. Бүгінде Сыр елінің шаруалары республика бойынша  күрішке деген қажеттіліктің 90 пайызын өтеп келеді. Нұрлыбек Нәлібаев шаруаларды алаңдатып отырған проблема – суару желілерінің қанағаттанарлықсыз жағдайын көтерді. Жыл сайын шамамен 2 млрд м3 су жоғалады, бұл республикадағы жалпы су шығынының жартысын құрайды. Мәселені шешу мақсатында өңір басшысы суару жүйелерін қалпына келтіру және жаңғырту жобаларын іске асыруды қамтамасыз ету, су бөлу процестерін автоматтандыру және цифрландыру керектігін ұсынды. Сондай-ақ өңірдегі өзекті мәселенің бірі – Арал теңізі. Соңғы 12 жылда 8,5 млрд м3 тартылған теңіздің жағдайы алаңдатарлық. Аймақ басшысы министрге маңызды мәселені айта отыра, вегетациялық кезеңде дарияның жоғарғы сағасындағы елдермен келіссөздер жүргізіп, мәселені шешу жолдарын талқылады.

Одан кейін ҚР Ақпа­рат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесті. Аймақ басшысы мен ми­нистр облыстың қоғамдық-саяси ахуалы туралы өзекті мәселелер мен жастар сая­саты саласындағы жаңа бастамаларды талқылады. Онда айтылған негізгі мә­селе, министрдің ұсыны­сына сәйкес өңірде Дін басқармасы қайта құры­латын болады. Сонымен бірге ашық азаматтық қо­ғам және бұқаралық ақ­парат құралдарымен өзара байланыс орнатудың жаңа тәсілдері талқыға түсті.

Аймақ басшысының ҚР Әділет министрі Азамат Есқараевпен кездесуі барысында облыс әкімдігі тарапынан қабылданып жатқан қаулы-қарарлар мен нормативтік-құқықтық актілердің заңнамалық сипаттамалары сөз болды. Облыстағы норма шығармашылық қызметті жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровпен кездесіп, елді мекендерді дамыту мақсатында қаржыландыруға ұсынылатын жобаларды пысықтады. Аймақта аталмыш министрлікпен 2023 жылы жалпы құны 5 млрд теңгені құрайтын 17 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Республикалық бюджетті нақтылау барысында тағы да 72 жоба ұсынылмақ. Атап айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 7,6 млрд теңгені құрайтын 41 жоба, «Облыс орталықтарын дамыту» бағдарламасы шеңберінде жалпы құны 17,1 млрд теңгеге 23 жоба, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша жалпы құны 6,5 млрд теңге болатын 8 жоба бойынша өтінім берілді. Барлық жобалар елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге және тұрғындарға аса қажетті инфрақұрылымдық желілерді салуға бағытталған. Министрмен кездесу барысында Қызылорда облысының бюджетін көтеру, экономиканы әртараптандыру, кіріс көлемін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланып, нақты ұсыныстар айтылды.

Облыста білім саласын дамытуға бағытталған арнайы бағдар­лама қабылданатын болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың кез­десуі барысында шешім қабылданды. Аталмыш бағдарлама – білім сапасын арттыру, оқу-тәрбие процесін жетілдіру, білім нысан­дарының инфрақұрылымын дамыту,  бала саны көп мектептер жанындағы қосымша құрылыстар мен апатты жағдайдағы білім ошақтарының және бейімделген ғимараттардың мәселелерін шешуге бағытталатын болады. Алдағы уақытта облыстағы білім беру саласын жетілдіруге бағытталған бұл ұсыныстар министрлік тарапынан қолдау табады.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының қолдауымен облыста алдағы 3 жылда Ұлттық жоба аясында 21 жайлы мектептің құрылысы жүргізілмек.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: