Еуразиялық интеграция институты жанындағы “Ашық саясат” сараптамалық клубының кезекті отырысы өтті. Басқосуда “Қазақстанда бір палаталы парламент құру және партиялық жүйені дамыту перспективалары” тақырыбы талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Клуб жұмысына саясаттанушылар, сарапшылар мен қоғам өкілдері қатысты. Жиын барысында Қазақстандағы саяси реформалардың мазмұны мен ықтимал салдары сөз болды.
Adam Research сарапшысы Сабина Садиева елімізде Сенаттың тарауы саяси жүйедегі жалғыз өзгеріс ретінде қарастырылмауы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан соңғы жылдары кешенді саяси жаңғыру кезеңінен өтіп жатыр.
Бұл реформаны жеке қарастыруға болмайды. Қазақстанда 2021 жылдан бастап әкімдерді тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Сондай-ақ билік пен партиялық жүйе арасындағы қарым-қатынас та қайта құрылып жатыр. Бұған дейін басқарушылық шешімдер көбіне доминант партияның қатысуымен жүзеге асса, қазір мемлекет партия мен мемлекеттік аппаратты ара-жігін ажыратып отыр. Сондықтан басты назар Сенаттың таратылуына емес, партиялық жүйенің жаңа жағдайға бейімделуіне аударылуы керек, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, мұндай өзгерістер партияларды өңірлік филиалдарды дамытуға, халықпен жаңа деңгейде жұмыс істеуге ынталандырады.
Садиева бір палаталы парламентке көшу тәжірибесі әлемнің өзге елдерінде де болғанын атап өтті. Мәселен, Жаңа Зеландия мен Данияда жоғарғы палата жойылып, саяси жүйе жаңа талаптарға бейімделген.
Бұрын бізге әр өңірден жеке сенатордың болуы маңызды саналса, қазір қоғамда саяси кері байланыстың басқа да арналарын дамытуға мүмкіндік бар. Сондықтан бұл реформа уақыт талабына сай және оның жүйелік әсерін кеңінен талқылау қажет, – деді сарапшы.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!