Сейсенбі, 26 қараша, 04:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№93 – 2103
23.11.2024
PDF мұрағаты

Дос Көшім қазақтарды «мәңгүрт» деп атаған ресейлік журналист Тина Канделакиге қосылатынын айтты

22.01.2024

389 0

Кейінгі күндері ресейлік журналист Тина Канделакидің Қазақстанға бағыттаған бірнеше арандатушылық пікірі әлі де әлеуметтік желіде қызу талқыға түсіп жатыр. Шетелдік тележүргізушінің бұл сөзінен кейін белгілі саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Дос Көшім көрші елдегі танымал тұлғалардың жаппай мұндай әрекетке баруының себебін ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазнетті дүрліктірген Тина Канделаки алғашқы постында «Қазақстан орыс тілін мемлекеттік деңгейде ығыстырып жатыр» деп айыптаған еді. Оның бұл жазбасы бірден ел назарына ілікті. Саясаттанушы Дос Көшім ресейліктерден бағытталған мұндай ақпараттық айқастың астарында жоспарлы идеология барын айтады. 

«Баяғыда бұл әңгімені Жириновский бастаған еді. Одан кейін Путиннің өзі «Қазақстан – жаңадан құрылған мемлекет, біз жерімізді оларға бердік, сыйладық» деп айтып қалды. Бұрын айқайшыл, даңғара саясаттанушылары, саясаткерлері айтатын еді. Одан кейін бірте-бірте зерттеушілері ғылыми фактілермен дәлелдегісі келетін сияқты, кейін депутаттары айта бастады. Енді ресейлік БАҚ өкілдері, телезивиясы да бұған кіріскен сияқты. Бұлардың сөзі миллиондаған адамға тарайды, бұлар хабар жүргізеді, бұлар адамдардың миына тікелей идеологиялық тұрғыда әсер етеді. Бұл – Ресейдің идеологиясы! Дәл осындай ой біздің елде Қазақстанды отаным деп танымайтын миллиондаған адамда да бар десем, өтірік айтпаған болар едім. Олардың жүректерінде бар, олар айтып та жатыр. Сондықтан бұл жаңалық емес. Басты әңгіме – бұл мәселенің тиылмауында, бұл мәселені тоқтата алмауымызда, үстімізден сөз асырып отыра бергенімізде. Сол халықтың ашу-ызасына тиеді деп ойлаймын. Әйтпесе бұған етіміз үйреніп кетті. «Ит үреді, керуен көшеді» деп отыра беруге де болатын еді», – дейді Дос Көшім.

Тина Канделакидің Қазақстанға қатысты екінші посты халықтың ашу-ызасын одан бетер үдете түскендей. Атышулы журналист қазақтарға «мәңгу» сөзін бағыттап, мәңгүрттіктің бірнеше белгілерін жазған. Алайда Дос Көшім ресейлік тележүргізушінің бұл сөзінен кейін оған рақмет айтты.   

 «Мен оның осы сөзін 100% қолдаймын. Себебі біз шынында да өзіміздің тарихи өмірімізді, тарихи атауларымызды ұмытып қалдық. Неліктен біз Павлодарды Кереку, Петропавлды Қызылжар демейміз? Бұл – өзіміздің тарихымыз. Біз тарихты ұмыттық па, бізді «мәңгүрт» деп атаған дұрыс. Бұл біздің ашу-ызамызға тиюі керек, намысымызды оятуы керек. Сол үшін, соны айтқаны үшін мен Тина Канделакиге рақмет айтамын. Бірақ ол басқа оймен айтты. Бірақ «мәңгүрт» деген сөзге қатысты ойлануымыз керек. Өзіміздің тарихи атауларды қайтарайық. Олар, яғни Ресей басып алған уақытта көптеген елді-мекеннің атауын ауыстырды, өзен-таулардың атауын ауыстырды. Олар сол уақыттағы келген атауларды өздерінше тарихи атаулар дейді. «Неліктен оны алып тастайсыңдар, неліктен оны өзгертесіңдер?» дейді. Негізі тарих олардың келгенінен басталмайды, тарих осыдан 200-300 жыл бұрын басталған жоқ. Хандықтың өзіне 500 жылдай болды дейді ғой. Оның алдында да қазақ халқының өмірі, тарихы болды. Сондықтан біз әрине тарихымызды ұмытпауымыз керек, тарихи атауларды ұмытпауымыз керек. Керек десеңіздер, біз екі-үш теміржол бекетінің атауын өзгерткенге олардың шыбын жаны шырқырап жатса, Павлодар мен Петропавлдың атаулары өзгергенде маған десе жарылып қалсын. Иә, іштері қыжылдайды. Қазақ елінің жеке ел болғанына, өз атауларын өздері ауыстыра алатынының өзіне ер-тоқымдарын бауырына алып, тулап жатыр да. Сондықтан біздің Тина Канделикиге, басқаларға берген жауабымыз бір-ақ нәрсе болуы керек. Ономастикалық комиссия осыған қарап, Павлодар мен Петропавлдың атауын өзгертуді бастауы керек, яғни іске көшуі керек. Бұл – біздің жауабымыз. Себебі ономастика тарихымыздың айнасы». – дейді қоғам қайраткері.

Сондай-ақ Дос Көшім бұл сұхбатында қазақ-орыс ынтымақтастығының келешегі жайлы да өз болжамын ашық айтты. 

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: